АймақБалқаш

Құт болып құйылған қазына

Балқаш қаласының тең жарымынан астам тұрғынын жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағының бірі әрі бірегейі – «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Балқаш мыс балқыту зауыты. Кез келген жағдайға қарамастан мыс өндірісінің ошағы тоқтаусыз жұмыс істеуде. Еліміздің индустриалды-инновациялық бағытының қарқын алуына, шаһардың әлеуметтік-экономикасының өркендеуіне ықпал етіп отырған кәсіпорын өзінің жауапкершілігін әсте естен шығарған емес.

Тарихқа көз жүгіртсек… Балқаш өңірін игеру 1928 жылы инженер, геолог И.Русаковтың басшылығымен Қоңырат тауларындағы геологиялық-барлау қызметінен басталды. Зерттеулер жүргізудің нәтижесінде, ғалымдар Қоңыраттағы мыс қорының өте мол екенін анықтайды. Содан «екінші бесжылдықта» Балқаш өңірінде мыс алыбын салу белгіленді. Құрылысқа Кеңес Одағының барлық жерінен жұмысшылар, шаруалар, комсомолдар мен коммунистердің қатарынан еріктілер келді.

1935 жылы мыс алыбының негізгі цехтарымен өндіріс нысандарын салу басталса, ал 1938 жылы 24 қарашада Балқаштың алғашқы қара мысы алынды.

1958 жылғы комбинатты ірі кешенді қайта жабдықтауға дейін оның құрамында 25 цех болды. Кейбір цехтардың қуаты жеке-дара зауыттарға пара-пар болатын. Содан 1971 жылы Саяқ кеніші қатарға қосылды.

1985 жылы ерекше құрылым сұйық ваннада балқыту (ПЖВ) қондырғысы пайдалануға берілді. Биыл сұйық ваннада балқыту пешіне 35 жыл толып отыр. Мыс балқытудағы бұл пештің тиімділігі – жоғары өнімділік, отын үнемдеу, күкірт қышқылы алынатын газдың қоюлығы, құнарсыз шикізат құрамынан мысы мол штейн алу мүмкіндігі жоғары. Бұның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де айтарлықтай. Біріншіден, төңірекке газ бен шаң аз тарайды. Екіншіден, электр қуаты мен отын аз жұмсалады. Ең бастысы – шикізатты кешенді пайдалануды дамытуға жол ашты. Қиын өңделетін өнеркәсіптік өнімдерді, өндірістік қалдықтарды, күрделі шикізаттарды балқыту мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар, екінші сұйық ваннада балқыту құрылысының аяқталуы мен 1999 жылғы Ванюков пешінің қайта жабдықталуы өндірістің өнімділігін арттыра түсті.

Мәскеу Болат және құйма институты профессоры А.Ванюков жаңа технология туралы авторлық куәлікті 1949 жылы алған болатын. Бірақ, ол кезде мысты сұйық ваннада балқыту жөнінде ешкім жөнді ештеңе білмейтін. КСРО-да тұсауы кесілген кейбір технологияны шетелдіктер сол кездің өзінде қолдана бастағанымен, «Ванюков пешіне» пәлендей назар аудармады.

Норильскіліктер алпысыншы жылдары алғаш рет бұл технологияны игеруді қолға алғанымен, сәтсіздікке ұшырады. Аталмыш технологияны жүзеге асыруға 1973 жылы балқаштық металлургтер кірісті. Жаңа технология балқыту цехындағы аумағы 4,5 шаршы метрлік шағын тәжірибелік-өнеркәсіптік пеште бес жылға жуық сынақтан өткізілді. Онда технологияның принципті негіздері мен «Ванюков пешінің» құрылымдық ерекшеліктері зерттелді.

1986 жылы қалада тұңғыш мыс сымдары алынса, 1997 жылы алғашқы алтын құймасы мен байытылған күміс алынды.

Иә, Балқаш мысы – ырыс болып құйылған қазынамыз. Қаланың ғана емес, облыстың, республиканың экономикасын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында Балқаш өндірісінің үлесі мол. Зауыт ұжымындағы әр азаматтың еңбегі әрдайым құрметке лайықты.

Гүлзат КӘУКЕРБЕКОВА.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button