Жаңалықтар

Машина жасаудағы жаңа мүмкіндіктер

Жұмыс жасап тұрған өндіріс жағдайында жаңғырту – өте қымбат, күрделі және машақаты көп үрдіс. Ал, зауыт құрылысы – кезең-кезеңімен іске асырылатын кешенді іс. Жаңғырту жұмыстарын өндірістен қол үзбей жүргізу – техникалық тұрғыдан қиындық туғызады. Осы орайда өндіріс орындарын қажетті техникамен қамтамасыз ететін «Maker (Мэйкер)» ЖШС Қарағанды құю машина жасау зауытының орны ерекше.

Бүгінгі таңда «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС құрамына кіретін «Маker (Мэйкер)» ЖШС негізінен тау-кен өндірісі жабдықтарына қызмет көрсетеді, кен байыту фабрикаларының, қола балқыту зауыттарының жабдықтарын жөндеумен сонымен бірге, жылжымалы құраманы жасаумен және оған қызмет көрсетумен айналысады. Жалпы алғанда
кәсіпорынның шығаратын өнім түрлері төрт мыңнан асып түседі. Кәсіпорында «Жаңғырту 3.0» және «Өндіріс 4.0» ұлттық бағдарламалары аясында машина жасау өндірісін жаңғырту
жобасы іске қосылған. Оның мақсаты тау-кен өндірісіне арналған құрылғылар мен қосалқы бөлшектерді толық циклды түрде жасап шығару.
Бұл жоба «Қазақстан даму Банкі» АҚ еншілес кәсіпорыны – «БРК-Лизинг» АҚ қолдауымен «2020 бизнестің жол картасы» бизнесті дамыту және қолдаудың Бірыңғай бағдарламасы
аясында қаржыландырылды. Оның жалпы құны 12 млрд. теңге. Оның ішінде, 2 млрд. теңге кәсіпорынның өз  қаражаты. Жаңғырту бағдарламасы бойынша 53 негізгі құрал, сандық басқару бағдарламасы бар станоктар, сонымен бірге, 230 қосымша құрал мен өлшем құралдары әкелініп, пайдаланылуға берілген.
Жаңғырту аясындағы тағы бір маңызды мәселе – қызметкерлердің тұрақты түрде оқыту мен даярлаудың жүйесін құру. Кәсіпорын өз қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін жетілдіруді жаңғрытпақ. Осы орайда ресейлік «Клио-Софт» АҚ компаниясымен бірлесіп, сандық басқару бағдарламасы станогының операторы, сол станокта жұмыс жасайтын инженер-бағдарламашысы, инженер-технолог, инженерқұрастырушы және құю өндірісінің инженер-технологі мамандықтары үшін оқу бағдарламасы әзірленді.
Бүгіннің өзінде 41 жұмыскер мен 52 инженерлік-техникалық маман оқып шықты. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетімен бірлесіп оқу орнында тірек кафедрасы ашылғанын айта кеткен абзал. Сонымен қатар, жаңғырту бағдарламасы аясында кәсіпорын аумағында жұмыскерлер үшін ашылған мамандандырылған компьютерлік сыныбы қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Онда CAD/CAM SIEMENS NX және PLM жүйесімен Teamcenter оқытады. Аталмыш сынып оқыту кезінде ешкім жарақат алмауы үшін интерактивті оқу бағандарымен жабдықталған. Студенттер осы компьютерлік сыныпта машина жасаудың технологиясы мен инженерлік графикасын оқып-үйренуде. Алдағы уақытта университетте де заманауи бағдарламаларымен қамтамасыз етілген осындай сынып ашу жоспарланған.
Зауыттың қарапайым құйма өнімдерінен бастап машина жасап шығаруға дейін қауқары бар. Оның өнімдерінің қатарында скиптер, крандар, жер асты автобусы, вагонеткалар, флотациялық машиналар, конвейр желісі және басқа да көптеген бөлшектер бар. Оннан астам түрі пост кеңестік елдер арасында тек осында ғана шығарылады. Мәселен, жалпы ұзындығы тоғыз метрді өңдей алатын және айналмалы үстелі бар көлденең-қырнағыш станогы. Бұл станок бесінші құрама білігін қосу арқылы сопақша-көлденең қырнау жұмысын орындай алады. Ол барлық білігі бойынша жұмыс істеп, «Қазақмыс» және басқа да тау-кен кәсіпорындарында қолданылатын ең қиын деген бөлшектерді шығара алады.
Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, төртінші өнеркәсіп жағдайында дамудың жарқын үлгісі болатын – Маker (Мэйкер)» ЖШС жаңғырту жобасы басталғалы бері өнім өндіру көлемін арттырып келеді. 2016 жылы ол 3,6 млрд. теңге болса, келесі жылында 6 млрд. теңгеге өскен. Ал, биылғы жылдың соңына дейін кәсіпорын өнім көлемін 8,9 мрлд. теңгеге жеткізуді көздеп отыр.
Кез келген қиындықтағы бұйымды жобалайтын және оны техникалық қамтамасыз ететін бірыңғай инженерлік кешен құру – кәсіпорынның болашаққа жоспарлаған ауқымды істерінің бірі. Сонымен қатар, заманауи индустриалдық парк құру жоспары да жоқ емес. Инженерлік өнімдерді жаһандандыру, бағдарламалық басқару, өңдеуші кешендердің технологиялық үрдістерді жасау және алыстан басқару арқылы жаңа өнімдерді енгізуде жеделдету идеясын жүзеге асыру да кезек күттірмейтін маңызды шаралардың бірі. Аталған жобалар еліміздің индустрия 4.0 бағдарламасы бойынша дамуының айшықты көрінісі болмақ.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button