Руханият

«Бір күй бар домбырамда…»

Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Өнер туралы әдебиеттер бөлімі дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туған күніне орай, әнші, «Қасымның әндері-ай» жобасының жетекшісі, «Құрмет» орденiнiң иегерi Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВАМЕН онлайн-кездесу өткізді.

Күміскөмей әнші Гүлбаршын Ыбырайқызы «Қасымның әндері-ай» жобасын қолға алып, бірнеше жылдан бері жемісті жүргізіп келеді. Содан бері Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кештер еліміздің бірнеше қаласында өткен еді. Бұл да сол игі шаралардың жалғасы іспеттес.

Кездесуде «Қазақ аспанында Қасым рухы» атты Қасым шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған кітапханадағы сирек және құнды кітаптар ұсынылды. Қасымның көзі тірісінде, 1946 жылы орыс тілінде шыққан «Гроза», 1950 жылы шыққан «Нұрлы дүние» кітабы, «Сарыарқа сериясымен» жарық көрген Қасым Аманжоловтың 3 томы, дәстүрлі өтетін республикалық Қасым оқулары аясында шыққан «Qasym» жинағының 2 кітабы, «Qasym» журналының бірнеше саны қойылып, шолу жасалды. Шолу барысында Қасымның өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған мақалалар да назардан тыс қалмады.

Мемлекет қайраткері Ө.Жәнібеков 1992 жылы Қасымның 80 жылдығына жазған мақаласында: «Небары 44 жыл ғана өмір сүріп, оның да бірнешеуін қан майданда өткізген Қасым жырлары міне, жарты ғасырдан аса уақыт бойы туған елінің көкірегінде күмбірлеп тұр. Азаматтығы, қалтарыссыз қайсар мінезі, таза сезімтал өлеңдері үшін замандастары оны шексіз сүйіп, құрмет тұтты. Ақынға деген осы бір қалтқысыз сезім, құрмет ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек» деген екен.

Кездесу өте көңілді өрбіді. Гүлбаршын Ыбырайқызы әншілігімен қатар, өзінің жан-жақты терең білім иесі екендігін танытты. Қатысушылар оған өзінің һәм Қасымның шығармашылығы хақында және «Қасымның әндері-ай» жобасы жөнінде түрлі сұрақ қойды. Кеш қонағы олардың бәріне толыққанды жауап беріп, қандай кітап оқып жүргендігімен де бөлісті. Сондай-ақ, соңғы кезде ел арасында үлкен пікірталас туғызған кітапханаларды қысқарту туралы мәселеге де үзілді-кесілді қарсы екенін айтып, көбірек кітап оқуға шақырды. Оның өн бойынан нағыз интеллектуалды өнерпазға тән сырбаздық пен кеңдік байқалып тұрды.

Иә, жыл өткен сайын Қасымның тұлғасы асқақтап келеді. Аймақта дауылпаз ақынның жолын жалғастырушыларға нақты қолдау көрсетілуде. Қарағандылық ақын-жазушылардың ұсынысымен жыл соңына дейін Қасым Аманжолов үйінің ашылуы күтілуде. Сонымен қатар, Қасым ескерткіші тұрған «Кривогуз» көшесі жыл аяғына дейін Қасым Аманжолов атына ауыспақ. Өмірін өлеңге арнап, соңына өлмес туындылар қалдырған ақын бұл құрметке әбден лайық.

«Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,

Өлеңінің өлмеуін арман қылды.

Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,

Қан менен жас аралас тарлан-жырды» деп Мұқағали жырлағандай, Қасымның рухты жыры халқымен бірге жасай бермек.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button