Руханият

Көне ғұрыптың көшелісі бар

Өркениет өрекпіп, жаһандану жалаңдап тұр. Не істемек керек? Жасыратыны жоқ, Сақтан қалған салтымыздан, Ғұннан қалған ғұрпымыздан жерінгеніміз рас. «Біреудің қаңсығын таңсық көру» белең алып барады. Бұл дегеніміз – ұлтсыздану үрдісі. Бұл – кесел. Ушықтырып алсақ, емі табылмас… Осылай қатты айтып, қатты жазуға тура келді. Ұлттық сананы жаңғырту. Әлгі кеселдің емі – осы. Тамырымызды талғажау етіп, өзегімізді кемірген бұл кеселді қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін болмай тұр әзірге. Мысқалдап кіріп, сананы улап жатыр…

Емі табылған. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу, ұрпақ кәдесіне жарату жолдарын тамыршыдай дөп басып, жарқын болашақтың бағдарын тарихи көрегендікпен нұсқады. «Соқырға таяқ ұстатқандай»… Өкініштісі сол, біз осы бағдарламаның тарихи маңызын таразылаудың орнына, науқаншылдыққа салып, құнын арзандатып алдық. Ұлттық кодты сергітудің жолын сергелдеңге айналдырып жібердік.

Бұл – менің жеке пікірім.

Әйтпесе, біздің халық құндылықтан құралақан емес еді. Мәселен, Ұлы Даланы мекен етіп, ұлан-байтақ даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жаужүрек бабалар аманатының астарындағы ақиқатқа үңілдік пе? Жайлаудан көшкен елдің жұртта қалған бесігін сындырмақ былай тұрсын, ескі жұрттағы құдыққа түкірмеген ел едік қой. Яғни, біз – мұратты елдің мұрагеріміз.

Қазақ халқының Ислам дінін қабылдағанға дейінгі тәңіршілдікке бой ұсынған дәуірінен бүгінге дейін жеткен ғұрпын мансұқ етіп, аманатқа қиянат жасап алдық па деп ойлаймын кейде. Иә, бабаның салты – ұлтымның Ары! Біздің бүгінгі еуропашыл ұрпақ сол кіршіксіз Арды айғыздап жүргеніне қалай күйінбессің?!

Тура бүгін өлермендік танытқан өркениетіңіздің өзінде көптеген ғылыми тұжырымдар қазақтың салт-дәстүрімен сабақтасып жатқанына көңіл бөлдіңіз бе? Бір ғана мысал – ұл баланы сүндеттеу. Бұрын мұсылманның ғана ғұрпында болды деген осы жоралғыны әлемдік медицина гигиеналық тұрғыдан пайдалы деп мойындады. Ғұмыры ат үстінде өткен ата-бабаларымыздың шежіре тармағына үңілсеңіз, Сексенбай, Тоқсанбай есімді ұрпақтарының болғанын көзіңіз шалады. Яғни, атқа мінген адамның белсіздікке душар болмайтынына дәлел бар. Ал, қазіргі медицина атқа мінудің ағзаға пайдасы туралы енді ғана «жаңалық ашып» жатыр. Өйткені, олардың бабалары әбүйірін жапырақпен жауып жүргенде, менің бабам алтын сауыт киініп, тұлпар мінген!

Менің негізгі айтпағым да бұл емес. Сөз түйінінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын науқаншылдыққа негіз қылмай, ұлттық идеологияның платформасы деп қабылдауымыз керек деген пікірді айтқым келеді. Өйткені, ұлтқа ұлттық идеология ғана қызмет етеді.

Осы негізде, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» жобасын қолға алып отыр. Мақсат – жалқы. «Босағаны керме», «Төбеңе қолыңды қойма» деп, қазақтың ырым-тыйымдарын жадымызда жаңғыртып отыратын қырма сақал әкелеріміз сұлуға көзін сатып, әжелеріміз шаш бояп, шалбар киіп кеткен. Барлығы емес, әрине. Көнеден керуен тартқан дәстүрге берік, салтқа сергек ата-әжелеріміз баршылық. Солардың өмірлік өнегесін кәдеге жаратып, көпшілік назарына ұсынсақ деген ниетпен ашып отырмыз бұл айдарды. Айдар қонақтары ұмытыла бастаған салт-дәстүрімізді насихаттап, пенде атаулының «тал бесіктен – жер бесікке» дейінгі сүрлеу-соқпағына қажетті ырым-тыйымдар жөнінде мағлұмат беретін болады. Әзірге газетіміздің әр сенбідегі санына шарананың бойға біткен сәтінен бастап жасалатын ырым-жоралғыларды жариялаймыз. Сондықтан, жадыңызда жатталған көне дәстүр, ескі ғұрып жайында айтарыңыз болса, хат күтеміз, қадірлі оқырман!

Сондай-ақ, «Орталықтың» жаңа жобасы бұған дейін жазылған әдебиеттердегі дидактикалық деректерді қайталамай, көнекөз қариялардың әңгіме-естелігімен тұздықталып берілетінін естеріңізге саламыз.

Көне ғұрыптың көшелісі бар.

Көшімізді түзейік, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button