Республика күні

Генерал-майор Сәкентай Шекарбеков: “Республика күнінің мәні зор”

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың дархан даласын көзінің қарашығындай сақтап, бабалар аманатын жалғастырып келе жатқан қазақ әскері еліміздің Тәуелсіздігі жарияланған күнінен бастап қорғап келеді, солардың бірі Ұлттық ұлан құрамасы. Осы орайда, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Шекарбеков Сәкентай Амантайұлымен жолығып, сұхбаттасудың сәті туды.

Сурет С.Амантайұлының жеке мұрағатынан

– Сәкентай Амантайұлы, біріншіден бізбен әңгімелесуге уақыт тауып келгеніңізге алғысымызды білдіреміз. Жалпы әскери қызметкер ретінде еліміздегі соңғы өзгерістер, оның ішінде Республика күнінің қайта жаңғыруы жайында не айтар едіңіз?

– Қазақстан Республикасы КСРО-дан ірге бөліп, жаңа даму жолын бастағалы 30 жыл өтті. Әрбір қадамымыз жаңа мүмкіндіктер мен жаңа заңнамаларды көздеген болатын. Еліміздің қазіргі жағдайы соған дәлел. Көбіне беймәлім болар, Республика күні мерекесі 1992 жылдан бастап 25 қазан күні тойланып отыратын еді, тек 2001 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы №267 заңнамасына» мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Бірақ 2009 жылы аталмыш заңдар қатарына өзгерістер енгізіліп, тарихи мағыналы күн ұмытылып кетті.

Міне бүгін, Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бастауымен «Республика күнін» қайта жаңғыртып, ұлттық мереке қатарына қосуы барлығымыздың санамызда, тарихымызға, елдігімізге деген патриоттық сезімді қайта ұялатты.

– Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарына енгізілді. Ал оған дейінгі тізімде мемлекеттік мерекелердің аз болмағаны барлығымызға мәлім, ендігі кезекте Сәкентай Амантайұлы Сіздің ойыңызға аталмыш мерекенің өзге мемлекеттік мерекелерден айырмашылғы қандай және неге?

– Алдында айтып кеткендей, Республика күні бүгін, кеше, бұдан алдын 3 жыл бұрын пайда болған мереке емес, түп тамырын қазғанда 13 жыл бұрын ұмыт қалған мерекелі күн. Көбіне мерекелі күннің өзі, көбіне тарихқа тағзым етіп, еске алу күні, ұлттық мереке деп атап өтсек де кем емес. Тәуелсіздігіміз қабылданған күннен-ақ 25 қазан 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 

Сондықтан да, Республика күні өзге мемлекеттік мейрамдардан тарихы толы, мағыналы іс-шаралардың жалғасы ретінде танылған мереке, және дәлелі толы, өзгешелігі де дәл осында жатыр.

– Республика күнін әскери бөлімдерде атап өту жоспарланып жатыр ма?

– Қазақстан Республикасының төл мерекесіне айналғалы тұрған айтулы іс-шара ҚР Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысы генерал-майор Ботақанов Еркін Советбекұлының бастауымен осынау өткен 13 жылда ұмыт қалған айтулы дата алғашқы рет Ұлттық ұлан құрамаларында тойланбақ. Әрине, бірден үлкен деңгейде өткізуден гөрі басты ойымыз осы келешек ұрпаққа сарбаз қатарынан сардарларға ұлық күнді естеріне тағы да сала кету, ерлік пен елдікті көздеген ұлы мейрамды қайта жаңғырту. Осы жолда биыл 18 қазан күні Астана қаласының «Жастар» сарайында елордамыздың тұрғындары мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен отбасы мүшелеріне «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» атты концерті өткізілді. Біздің Қостанай, Қарағанды, Ақмола, СҚО аумақтарында салтанатты іс-шараны аға буынның әскери бөлімдердің ардагерлері шақыртылып, жеке құрамды құттықтау, қызметінде ілгері артып өзгеден алға ұмтылғандарға құттықтау телеграммасын оқып мадақтамаларын бұйыру, оған қоса салтанатты іс-шараға шағын ғана концерттік бағдарлама ұсынып 25 қазан Республика күнін тойлау көзделіп отыр. Бастамамыз осындай болмақ.

– Демек аталмыш мейрамның патриоттық мәнінің зор екенін сарбаздарға жеткізбексіздер ғой! Басқа қандай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіледі?!

– «Тәрбие – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар. Қазіргі заманның батырлары бұл Ұлттық ұлан сапында тұрған жауынгерлер, күндіз-түні қырағылық танытып бекетте мойынсұнбайтындар, мезгіл мен ауа-райына қарамай қызмет ететін жас буындар. Әрине Отан қорғау үшін елінің, жерінің тарихын білу өте маңызды. Осы орайда, әскери құрамаларда қызмет ететін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінің рөлі көп деп айта аламын. Алдыңғы шептен соңғы шепке дейінгі офицер мен келісім шарт бойынша әскери қызметшілер, сарбаздар қатарында тәрбие жұмыстары мен ақпараттандыру сағаттары оған қоса мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтары кезінде Республика күні тарихы кеңінен айтылып талқыға салынып, теледидар арқылы жеткізіліп отырады.

– Сәкентай Амантайұлы, әскери салада мол тәжірибе жинаған қолбасшы ретінде оқырманға айтарыңыз бар ма?!

Иә әрине, қазіргі кезде елге қызмет етуге үндейтін жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Соның арасында жас жеткіншектерді әскерге шақыру мәселесі жылдан жылға жалғасын тауып келеді. Бүгінгі ел қорғандары жас сарбаздар 18, 19 жастағы қарапайым отбасынан шыққан дарынды балалар. Отан алдында борышын өтеу әрбір ер азаматтың қасиетті борышы, дәл осы Республика күні секілді мерекенің мәнін әсіресе ел қорғаушылар өте жақсы білуі керек. Бұл ретте әлі де көптеген жұмыстар атқарылады. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсек, келешегімізді баянды да мәңгі ету жастардың қолынан келеді!

– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button