Жаңалықтар

“Балық берме, қармақ бер”

Бүгінде өз ісімді ашамын деп құлшынған адамға «екі қолға – бір күрек табу» жолы көп. Осындай жобаның бірі ретінде таныла бастаған, Қарағанды қаласында биыл ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 56 қыз-келіншек тегін курстан өтті. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлер астанаға барып, әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып қайтты.

Наурыз айында Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында Қарағандыда Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын.

– Бастаманы Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы жүзеге асырады және ол Азия даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жоба еліміздің әйелдеріне білім алуға, дамуға және қолдау алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бізге Қарағанды облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Жәңгірова да ақыл-кеңесін беруде, – дейді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жетекшісі Арайлым Серікбай.

Алғашқы оқуға Шет, Қарқаралы, Жаңаарқа, Осакаров аудандарынан дәріс алушылар келді. Бес күнде бірнеше практикалық сабақтар өтті. Курстар – тегін.

Негізі 3 бағытта оқуға 900-ден астам ару ниет білдірген. Олардың арасынан 54 адам тандалып алынған.

– Бізге оқуға өтініш білдірген 974 үміткердің арасынан курстарда оқитын жандарды таңдау оңай болмады. Дегенмен, іріктеу кезінде көпбалалы аналарға, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық берілді. Бұл үш бағытты таңдау себебіміз, кондитер, тігінші, шаштараз бірден жұмыс істеп кете алады. Яғни, алған тәлімінен нәтиже шығарып, табыс табуына мүмкіндік мол, – дейді Арайлым Серікбай.

Бұл – алғашқы бейінді тәлім беру. Курс үш бағытта өтті. Біріншісі – нан-тоқаш, кондитерлік өнімдерді өндіру, екіншісі – тігін өндірісі, үшіншісі – сұлулық индустриясы саласында маман даярлау. Кондитерлік бағытқа 30 нәзік жан қатысса, оның 14-і қазақша, 16-ы орыс тілінде курстан өтті. Тігін өндірісі бойынша 8-і қазақ, 8-і орыс тобында оқыды. Ал, сұлулық тобында оқу аралас, яғни, екі тілде өтті. Кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып шыққан қыз-келіншектер сертификат алды. Сонымен қатар, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы атынан елордаға барып, әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырын 5 адам үйреніп келді. Олар: Ажар Сабдаева, Айсұлу Ғазизова, Диана Жакина, Ирина Метке, Әлия Баймурзина, Мақпал Төлеубаева. Қарағанды қаласының тұрғыны, кәсіпкер Диана Жакина:

– Шілде айында орталықтың жолдамасымен Нұр-Сұлтан қаласына барып, екі күн тегін әлеуметтік кәсіпкерлік негіздерін оқып, біліп қайттық. Еліміз бойынша 50- дей адам оқыды. Қарағанды облысынан бесеуіміз қатыстық. Бізге еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерліктің негізін қалаушылардың бірі Эмин Әскеров тәлім берді. Бұл оқуға баруымдағы басты себеп – «Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жағы қалай? Ол кісілерге арнайы өнімдер шығаруға өз үлесімді қоса аламын ба?» деген сұрақтарға жауап алу. Алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деген ойым бар. Алдағы уақытта әшекей бұйымдар жасаумен айналыспақпын. Сол уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа аламын. Ол кісілер үйінде отырып тапсырыстарды орындай береді. Сол үшін жалақы да алады. Тәлімгеріміз Эмин Әскеров осы бизнесте өзін көрсете білген азамат, – дейді.

Айта кету керек, әлеуметтік кәсіпкерлік кенжелеп тұр. Қазақстанда бұл салаға ден қойылғалы екі жыл. Олардың қатарын болашақта Әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту орталығы жолдамасымен барып, тәлім алған кәсіпкерлер толықтырмақ.

Кейінгі уақытта елімізде әйелдер кәсіпкерлігі белсенді дамуда. Бірақ, оларға әрдайым ақпарат, негізгі білім, батылдық жеткіліксіз. Міне, осы уақытта Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы – демеу. Кез келген жан мұнда хабарласып, сұрақтары мен күмәнданған мәселелеріне қатысты жауап ала алады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button