Баған

Мейірім қайда?

Өткен демалыста ауылға барып, бір жайтқа көңілім қалып, олқы оралдым.

 

Әкем ота жасатып, бәлністен үйге шыққан. Ауылдағы ағайын, тума-туыс барлығы келіп, денсаулығын сұрасқан. Кейінірек ғұмырын ұстаздыққа арнаған үлкен шешеміз келді.

Біздің үй ауыл ішінен сәл сыртқары орналасқан. Көлік болмаса үлкен кісілерге қатынау қиынға соғады. Сол себепті, үлкен шешемізді үйіне өзім жеткізіп салдым. Қайтар жолда «біздің үйге кім жеткізді?» деп сұрадым. «Пәленше ғой өзіміздің» деді ол кісі.

«Е-е-е, Алла разы болсын! Ол жігіт азамат қой» деп разылығымды жеткіздім. «Иә, рақмет онысына. 500 теңгесін бердім» десін. Мен жалт қарадым. «Сонда қолыңызды қайтармай алды ма?». «Иә, алды ғой».

Ал, керек болса… Әрі кетсе екі шақырымдық жол. Оның үстіне көрші. Басымды шайқадым. Үлкеннің алғыс-батасынан көкқағаздың құнын артық көрген ауыл азаматына іштей қынжылған едім сол жолы.

«Ақыры салон жалдап келген екенсіз, қайтарда алып кет демедіңіз бе?» деп күлдім. Ол күлкінің артында…

Ауыл – береке-бірліктің бастауы, ұйытқысы емес пе? Тас қаладан жабыққан сәтте, ауылға қарай жол тартамыз көбіміз. Тамыр үзгіміз келмейді. Аузы дуалы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз – ауылдың нағыз ажары. Өнеге, қасиет, ұлағатты үрдіс секілді дүниелер сол кісілермен көшіп кеткендей көрінеді кейде маған… Неге дейсіз ғой…

Бала күнімізде ойын қуалап, қай үйдің болсын, ауласында жүрсекте «төрге шығарып, қымыз-құртын ұсынатын. Тіпті болмаса, тәттілерді үйіп-төгіп қалтаңа салып беретін еді.

Иә, арадағы мейірім, бірліктің бастауы осыдан болса керек-ті.

Қазір ше? Қатты да кетсе айтайық, қымыз нарыққа шыққалы бері, «төрге шық, қымыз іш» деп құрмет көрсететіндер азайды. Ағайынның амандығын білуге бас сұқсаң, «қымыз құйыңдар» дейтін аға да, жымия қарсы алып, кесесін ұсынатын жеңге де аз болып тұр.

Өкінішке орай…

Дастарханынан дәм татып, бір жұтым су ішсең де сол шаңыраққа деген құрметің артады ғой. Кейін мойныңа қарыз болып ілінетіндей, сол кісілерді көре сала, ерекше ілтипат танытасың. Қазір, ауылдағы кей ағайындар «сыйлағанның құлы болдан» гөрі, пұлды артық көретін секілді.

Әкем айтады: «Үйге бір адам қонақ болып келсе, екі кісінің ырысын әкеледі» деп. Сол үрдісті көп ел ұмытқан секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Іргесіндегі (көрші) бауыры ауыл ішіндегі үйге жеткізіп салғанына 500 сом алғанын көрсеңіз, бір үйір бие сауып отырған үйден қымызды сұрап ішсеңіз, бәлки, сізде мен секілді ойға шомарсыз…

Сонда, мейірім қайда?!

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button