КоронавирусРесми

Ахуал тұрақтала бастады

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ «Қарағанды эпидимиологиялық ахуал туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Онда аймақтағы жағдай мен індетке қарсы атқарылып жатқан шаралар тілге тиек етілді.

 

Елімізде барлығы 63 514 адам дерт жұқтырса, Қарағанды облысында 6 444 адам вирус жұқтырған. Сырқаттанудың өсу көрсеткіші 1.5 %-ды құрайды. Кейінгі көрсеткіштер ахуалдың тұрақтала бастағанын айғақтап отыр. Індет жұқтырғандар мен емханаға тіркелушілер саны біршама азайған. Өкінішке орай, 75 өлім жағдайы тіркелген. 4 мыңнан астам адам ем қабылдап, жазылып шықты. Қазір 2 500-ден астам адам ауруханаларда ем қабылдауда. Қарағанды облысында күнделікті ауруға қарсы және жұқтырудың алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Ауруханаларда бес мыңға жуық орын қарастырылған. 34 емдеу нысаны жұқпалы ауруларға арналған болса, 26 пульмопровизорлық госпитальдер бар. Бұларда ыстығы көтерілген науқастарды және ОРВИ науқастарды жедел жеткізіп, тексеруден өткізеді. Компьютерлік томография және ПЦР сараптама жасалады. Осы жағдайға байланысты «СК Фармация» компаниясы көмек көрсетуге дайын.

Індетті таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия өткен тәулікте жұқтырудың жаңа жағдайларының статистикасын ұсынды. Жалпы, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 1 759 жаңа жағдай расталды. Оның ішінде Қарағанды облысында – 98 адам. 35 адамда ауру симптомдары жоқ. Жаңадан нақтыланған жағдайларға сәйкес, ел бойынша 844 симптомсыз тасымалдаушы қосылды.

Деректерге сүйенсек, аймақта коронавирус инфекциясынан өткен тәулікте 85 адам сауығып шыққан. Ал, ел бойынша 2 097 адам сауығып кетті. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 38 008 адам, ал Қарағанды облысында 4 104 адам жазылып шықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, елімізде карантин шаралары тағы екі аптаға ұзартылды.

– Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі тағы екі аптаға созылып, шілденің соңына дейін жалғасады. Ертең Үкіметтік комиссия шешім қабылдайды. Азаматтарымыз денсаулығын сақтау үшін карантиннің негізгі талабы – өзін-өзі оқшаулау шарасын қатаң ұстануы қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Коронавирустан дәрігерлер де ажал құшуда. Ұлттық аза тұту күнінде Денсаулық сақтау министрлігі індет өмірін қиған дәрігерлерді еске алып, олардың аты-жөнін жариялады.

Қатыгез, әлі зерттелмеген індеттен көз жұмғандар саны 375-тен асты, олардың қатарында медицина мамандары – провизорлық, жұқпалы, карантиндік және модульдік стационарлардың қызметкерлері де бар. Бұл – еліміз бен отандық денсаулық сақтау саласы үшін үлкен, орны толмас шығын. Марқұмдардың әрқайсының адам, кәсіби маман, азамат ретінде орны бөлек еді, – деп көңіл айтты министрлік өкілдері.

Баспасөз мәслихаты барысында Ержан Шәкірұлы елді алаңдатып отырған мәселенің ең өзекті тұстарына тоқталды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емханалардағы жағдай және басқа маңызды жайттарды ортаға салды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де өз кезегінде елдің көкейіндегі сұрақтарын қойды. Қойылған сұрақтарға Ержан Нұрлыбаев толыққанды жауап берумен қатар, індеттің таралуын тежеу мақсатында атқарылуы тиіс мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, облыстың қалалары мен аудандарындағы орталық ауруханаларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда.

Баспасөз мәслихатында «Емдеуші дәрігерден телефон арқылы дәрі-дәрмек тізімін алуға бола ма? Осы мәселе елді алаңдатып отыр» деген сұрақ қойылды. Өйткені, жағдайы ауыр науқастар үйге дәрігер шақыруға мәжбүр. Әсіресе, аяғы ауыр келіншектер қиындыққа тап болып отыр.

Ержан Шәкірұлының айтуынша, денсаулығы күрт нашарлаған тұрғындар арнайы құрылған мобильді бригадалардың көмегіне жүгіне алады. «Әрине, алдымен жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Сонымен қатар, емханалар арнайы такси қызметін ұсынушы парктермен келісім-шарт жасауды қолға алуды жоспарлап отыр. Осылайша, жылдам медициналық көмек көрсетудің жолдары қарастырылуда. Сондай-ақ, «ДамуМед» қосымшасы мен арнайы құрылған жедел желі арқылы да кеңестер алуға болады» деді ол.

«Пневмония және коронавируспен ауырып, үйінде жатқан адамдар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс» деп хабарлаған еді жауапты мекемелер. Осы мәселе ақсап тұрған сияқты. Осы жайтқа тоқталсаңыз», – деген сауалға «Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің №666 бұйрығына сәйкес шаралар атқарылады. Осы бұйрық негізінде, емдеуші дәрігерлер шақыртумен келгенде үйде емделуге болатынына көз жеткізсе, бәрін белгілеп, рецепт жазып береді. Ол үшін емханалармен қосымша келісім-шарттар жасалған. Сол бойынша, қажетті антибиотик және дәрілік препараттар тегін беріледі» деп жауап берді басқарма басшысы.

Ержан Шәкірұлы бұдан өзге де маңызды сұрақтарға толыққанды жауап берді. Қысқасы, аймақ тұрғындары баспасөз мәслихатында өздерін мазалайтын сауалдарға жауап тапқаны сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button