«Сұм соғыс болмасын…»
Әкеміз Жаманқұл Карин 1924 жылдың көктемінде Қызылтас колхозына қарасты Бектау ата маңындағы ауылда дүниеге келген. Бала кезінен тағдырдың тауқыметін ерте тартып, бұғанасы қатпай тұрып-ақ, қасірет шеккен еді.
Тоғыз жасында ашаршылық салдарынан Балқаш қаласындағы балалар үйіне түседі. 1942 жылғы тамызда, 18 жасында, Ұлы Отан соғысына аттанады. Содан 1943 жылдың сәуіріне дейін Көкшетауда полктің кіші командирлерін дайындайтын әскери бөлімде оқиды. 1943 жылдың сәуір айында кескілескен қанды ұрыс жүріп жатқан майдан даласына түседі.
Алғашында Украина Оңтүстік-Батыс майданында, кейін Украинаның Батыс майданында соғысады. Әкеміз № 113-атқыштар дивизиясының 1288-атқыштар полкінде миномет тобының командирі болады. Курск шайқасына, Харьковты азат етуге, Днепр өзенін алуға және басқа да ұлы шайқастарға қатысады. Батыс Украинаны, Югославияны, Румынияны, Болгарияны, Венгрияны, Австрияны фашистерден түгелдей азат етуге атсалысқан. Қайсар мінезді әкеміз соғыстың соңына дейін ержүректігінен танбай түрлі нүктелерде болған. Соғыстан кейін де міндетін атқарып, 1947 жылы Кіші сержант әскери атағымен елге оралады.
Соғыстан сүйегі сау келгенімен, бұлшық еттерінде сау-тамтық жер жоқ еді. Жасы ұлғайған кезде жаралары сыр беріп, аяғындағы минаның жарықшағы маза бермейді. Соғыстың салқын ызғары әкеміздің денсаулығына ғана емес, жан жүрегіне де жазылмастай жара салған-тын. Соғыста талай атпалдай азаматтармен қанды көйлек жолдастарының қаза болғанын қиналып еске алатын. «Ешқашанда қолымнан солдат күрегін тастаған емеспін, ашық алаңқайларда соғысқан кезде жанталасып кішкентай болса да ор қазып алатынмын, сол жанымды талай рет алып қалды. Күректерін тастап кеткендіктен жан тапсырған талай адамды көзіммен көрдім», – деп жиі айтып отыратын.
От пен оқтың астында жүріп, Отан үшін жанын шүберекке түйіп келген әкей соңғы демі үзілгенше «сұм соғыс болмасын» деген тілегінен бір танған емес. Соғыстың салдарынан кемшін болған денсаулығының зардабын өмірінің соңына дейін тартты. Алматыдағы соғыс ардагерлеріне арналған госпитальде талай мәрте емделіп, ақырында Ұлы Отан соғысының 2-топтағы мүгедегі деп танылды. Туғаннан ашаршылықта аштықтан ісініп, балалар үйінде өскен, есін жия сала фашистпен алысып Отан қорғаған, бейбіт өмірде жоғары білім алып, елге қызмет істеген, өмір бойы тек адал еңбек пен әділдікті ту еткен, бала-шағасының қамы үшін басын тауға да, тасқа да соққан ержүрек әкеміз 2001 жылдың 4 қыркүйегінде дүниеден озды.
Отан алдындағы ерлігі мен еңбегі еленбей қалмады. Соғыста жасаған ерліктері үшін I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және соғыстан кейін де бірнеше рет медальдармен марапатталды. Талай рет бағалы сыйлықтарға да ие болды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай «Таврия» автокөлігін сыйлыққа алды. Біз әкеміздің өмір жолын қазіргі жастарға үлгі етуге әбден болады деп есептейміз. Жеңіс мейрамында жылда ағайын-туыс бас қосып, әкемізді сағынышпен еске аламыз, ол жайында ұрпақтары ұмытпай жүрсін деген тілекпен естеліктер айтамыз.
Дария Нурекина,
Бақыт Карта.