РуханиятТарих

КЕТБҰҒА мен КЕТБҰҚА – рухы да, тәні де бөлек екі адам

«Қазақ әдебиетінің» №6 санында (07.02.2020 ж.) «Кетбұға ма, әлде Кетбұқа ма?» деген ізденісті мақала шыққан екен. Ғасырлар бойы сақталған аңызда ұлы күйші Кетбұғаның Шыңғыс ханға үлкен ұлы Жошының қазасын күймен естірткені туралы түбінде шындық жатқан әфсәнә бізге жеткен. «Ақсақ құлан». Мұндай күй шығару үшін мына жер бетінде тырбанып жатқан адамзат ұрпағынан бөлек, тылсыммен хабарласқандай ұлылық керек. Ұлы өнер ұлы пәктікті, мынау әлемге сүйсіне білуді, адамзат баласынан уысы толы қан емес, жүрегі толған мейірім мен қайырымды талап етеді. Кетбұға күйші сондай өнердің иесі. «Ақсақ құлан» күйі соны айтып, жеткізіп, жүрекке құйып тұр. Шыңғыс хан хижраның 624 жылы дүниеден өткен. Күйші Кетбұға одан бір жыл кейін (1150-1225 жж.) осы күнгі жыл санауымен 1225 жылы өлген делінеді.

Кетбұқа… Оның сойы тіпті басқа. Бұл мәселені жазу үшін деректерге сүйену керек. Әйтпесе, көк мылжыңның өзі болып шыға келеміз.

Кетбұқа туралы деректерді тек Рашид әд-диннің 1300-1316 жылдары жазған «Жамих ат-тауарих» атты бес томдық кітабынан таба аламыз. Кітап – Шыңғыс хан дүниеден өткеннен кейінгі дәуірде іле жазылған ұлы еңбек. Кітап Шыңғыс ұрпағы Ғазан ханға, соның әмірі бойынша жазылған соң (мұғылдарды) әсірелеу бары да шындық.

Осы жерде Қайрат Раев інім ептеген қателіктер жіберіп алған екен. «Кетбұқа Шыңғыс ханның, Жошының, Құлағудың кеңесшісі болған» депті. Дерек қайда? Дерексіз әңгіме, өзімізді асыра дәріптеу не береді? Қисынсыздыққа жол бермегеніміз дұрыс шығар. Рас, Кетбұқа – Құлағу әскерінің бір түменін басқарған қолбасшы. Кетбұқа «он алты жыл Дамаск, Сирия, Египет, Бағдад, т.б. патшалық құрған» деген сөз де дерексіз, әрі қисынсыз. Оның дәлелін айта жатармыз.

Шыңғыс ханның қайтыс болуына байланысты Құлағу тақ мұрагерін сайлау үшін Моңғолияға аттанды делінген екен. Иә, Шыңғыс хан қайтыс болғанда Құлағу бар-жоғы тоғыз жастағы бала еді-ау. Мұндай қателікті жазбаған да жөн-ау.

Иә, осы жерде Кетбұқаны азғын Құтұз бен Бейбарыс мерт етіпті. Құтұз, Бейбарыстар мұсылман елін қорғаған. Ал, Құлағу хан христиан дінін үгіттеп, «барлық иелігінде шіркеулер тұрғызды» деп жазады Рашид әд-дин (IV том, 18-бет). Кетбұқа – Құлағудың оң қолы. Құлағу сол заманда Шығыс жұртын құл етпек болған крестшілермен де одақ болған. Сонда Бейбарысты «азғын» деп жамандаудың не қисыны бар. Тіпті, Алтын Орда ханы, Құлағудың ағасы Берке хан «сен мұсылман қалаларын тегіс қираттың, жұртын жоқ еттің, өрістеп тұрған Шығыстың өркениетін, мәдениетін талқан еттің» деп Құлағуға қарсы шығады ғой.

Рашид әд-дин жеңіске жеткен Құтұз қамыс арасына тығылған Кетбұқаны қолға түсіріп, басын алып, әскери ордасын талқандап, әйелдерін, балаларын, туысқандарын тұтқын еткенін жазады (IV том, 78-79 беттер). Бұл – хижраның 659 жылы болған уақиға.

Рашид әд-диннің осы кітабында Сасыбұқа, Темірбұқа, Тулабұқа, Бұқа Темір, Жолбұқа, Ырықбұқа, Есенбұқа аталған т.б. «мұғұлдың» қолбасы, көрнекті адамдарының есімі беріледі. Соның ішінде Кетбұқаны «мұғұлдың» сунит руына келтірсе, бірде найман руынан деп жазылған. Осы аталған Кетбұқа есімді адам бір жылда, бір соғыста Құтұздың қолынан өлген. Мүмкін ру атаулары тәржімеде қате кеткен бе, ол арасы белгісіз.

Менің көзім жеткен жағдай – Кетбұға мен Кетбұқаның екі бөлек адам екендігі. Кетбұға – абыз ақсақал, даланың жыршы-күйшісі. Басын бәйгеге тігіп, Шыңғыс хан алдына бара алған, ұлы күймен оның қатыгез жанын иілте алатынына сеніп барған тұлға. Сол кезде Кетбұға ұлғайған жаста болса, Кетбұқа одан кейін хижраның 638 жылы, яғни, 15 жылдан кейін өледі. «Кетбұға күйшінің ғасырға жуық жасап, соғысып жүріп өлді» дегені қисынсыз әңгіме ғой. Бұл өлген – Кетбұқа.

Әрі Кетбұқаны Рашид әд-дин «Жынданған арыстандай… Айдаһар сияқты» деп суреттесе (IV том, 76-бет), Мансуриада «18 күн қырғын жасады» (IV том, 34-бет), ол бастаған Құлағу қолының «бесіктегі баланы» да қырғанын жазады.

Кетбұқаның осы айтылған рақымсыз түсі өнер иесі Кетбұғаға келе ме? Екеуін есі дұрыс адам теңестіре алмас еді.

Біздің осы заманымыздың күйшілері – Секен Тұрысбек пен Жанғали Жүзбай мылтық ұстап, қырғын салмақ түгілі, тауық бауыздай алар ма екен. Өйткені, олар – өнер деген қасиетті тылсымның адамдары.

Иә, моңғол әскерін басқарған Құлағу шығысы – үнді жері, батысы – испан еліндегі мұсылман Кардоба халифатына дейінгі аралықта Шығыс өркениетінің аса биік үлгісін жасаған Бағдад халифатын қиратты. Батыс елдерінің түсіне де кірмеген әсем қалалардан күл-қоқыс қана қалды. Мәдениет ошақтары өртелді, ғалымдар құлдыққа айдалды. Жұрт қырғынға ұшырады. Шығыс өркениеті тапталып, бас көтере алмас халге түсті. Бұл жағдай шығыстан үлгі алған батыс жұртының ілгерілеп оза шығып кетуіне әкеліп соқты. Шығыс батыстан осылайша артта қала берді. Құлағудың осыншама бүлік жасауына Алтын Орда ханы Берке де қарсы болған.

Бір ғана күйімен ғасырлардың ар жағындағы даланың кербез сағынышты үнін бізге жеткізген Кетбұға күйшіге қандықол қарақшы Кетбұқаны қосақтап, ұлы өнер иесінің бейнесіне күйе жақпасақ екен.

Кейбіреулердің «пәлен ұлтты пәлен жаққа көшіріп тастау керек» дегенін де оқып жатамыз. Бұл – қисынсыздау әңгіме. Сталиндік репрессияны еске түсіреді. Жөнсіз екенін қазір айта жатармыз.

Сол секілді Қ.Раев ініміз «ұйғыр, сарт және т.б.» деп бөлектен ақыл айтпасын дегенді де қосқан екен. Жөн сөз бе? Жөні де бар, жөнсізі де жетерлік сөз. Әр елде қасқа да бар, басқа да бар. Қасқасы сол елге сіңіп, сол елдің абыройын асқақтатып жатса, мұнан артық не керек. Түбі түркі Тургенев орыс әдебиетін қалай көтерді? Түбі араб Пушкин орыс поэзиясын шыңға шығарды, түбі швед Лермонтовты орыс ұмыта ала ма? Түбі еврей Эйнштейн ғылым жолымен Алланың барлығын әлемге мойындатты. Түбі бір мұсылманның баласын жатсыну өрелі іс емес. Жатсындырып жүргендердің барлығын білген жөн.

Мен – ұлтшылмын. Қарағанды обкомында істейтін қазақтың «қазақ қырылып қалмас үшін тезірек ассимилияциялануы, орыстануы керек. Бұл – «безболезненный процесс» дегенін естігеннен кейін «ендеше күресіп жүріп қырылайық» деп ұран тастап, жиырма жасымда жасырын партия құрып, жиырма екі жасымнан талай түрме, лагердің тозағын бастан кешкенмін. Елге қайтып оралғаннан соң да көрген сұмдықтар жетерлік.

Мен – бәрібір ұлтшылмын. «Ұйғыр, дүңген, шешен, кәрістерді қазақ тілін білмейді» деп кінәлап жатырмыз. Өзіміз оңып тұрмыз ба? Қарағандыға келші. Шал мен кемпір, жасамыс пен жас, зиялы ма, зиянды ма, бәрі орысша «гәпіріп» тұр. Мұның бәрі – осы отыз жылда тіл саясатын жолға қоя алмағанымыздың нәтижесі. «Қазақ өз тілін білуі үшін, ең болмаса, қазаққа бола тіл полициясын ұйымдастырсын» дедік. Кім тыңдады?! Ақыры, қазақ та, ұйғыр, дүңген, кәріс те қазақ тілін, мәдениетін менсінбейтін жағдайға жеттік. Кешегі совет заманында немістер жаппай қазақша сөйлеп, өздерін «мен – шуаш руынан», «мен – кәрсөнмін», «мен – сазанбай руынанмын» деп араласып кеткен еді. Содан да айырылып қалдық қой.

Қазақ тілінің мәртебесін күрт көтеру мәселесі дарбазаның қақпасын қағып тұр. Бұл мәселені орайына келтіре шешсек, тілмен қоса мәдениет те деңгейіне жетеді. Бөтен жұрт бөлінбейді, бізге сіңеді. Болмаса, «ұйғыр өйтіпті, дүнген бүйтіпті, кәріс қыңырайды» дегеннен құтыла алмаймыз.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button