Қасымның сиясауыты

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ өміршең өлеңдері сан саланы қамтыды. Жауһар жырларына түрлі тақырыптарды арқау етті. Бір ғана «Туған жер» деген өлеңінің өзі оның жерге, елге деген іңкәр сезімін, ұлы махаббатын білдірсе керек.

Қасым ақын кіндік қаны тамған туған жерінен ерте кетсе де, оның балалық шағы өткен жердегі су ішкен құдығын бүгінде ұрпақтары көзінің қарашығындай қастерлеп отыр. Сондай-ақ, Қасым Аманжолов қолданған бұйымдар да аудандық өлкетану мұражайындағы бағалы заттардың бірі. Талай туындыларын дүниеге әкелген сиясауыты мен қаламы, кәресін шамы, алғашқы қаламақысына сатып алған жібек кілемі және тағы да басқа пайдаланған заттары ақынның өмір тарихынан сыр шертеді. Сонымен қатар, музей бұрышында жергілікті талантты суретші Сәкен Дәулетбав жасаған ақынның мүсіні, портреттері жинақталған.

Музей төріндегі бағалы сыйлықтарды ақынның аяулы қызы Дариға тарту еткен. Қыздары үшін асыл әке, елі үшін ардақты ақынның көзіндей болған заттар бүгінде туған жеріндегі бағалы жәдігерлердің бірі.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.