Жарық жұлдыз
Қыркүйектің басында 90-ға таяған шағында Қарағандыда қазір қалған бес батырдың бірі – даңқты шахтер, Социалистік Еңбек Ері Қасым Нұрғалиұлы КӨРПЕБАЕВ дүниеден өтті. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, ар-намысты арқалаған, абыз ақсақалмен бірге Қарағанды көмірі тарихының бір дәуірі бірге кетті… Әдетте, еліне еңбек сіңірген ел ағасы қайтыс болғанда аймақ басшысы бастап, басқалары қостап, қолын қойып, суретімен берілетін ресми көңіл айту-қоштасу қазанамасы газет бетінен көрінбеді. Қарағанды Ер Қаскеңмен үнсіз қоштасты…
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында Одаққа дейін даңқы дүрілдеп тұрған Қарағанды көмір бассейнінде атағы жер жарған ұлт азаматтарының бірі де бірегейі «Қарағанды» шахтасының директоры, Социалистік Еңбек Ері Қасым аға Көрпебаев еді. Біздің бақытымыз болар, облыстық радио орналасқан Совет көшесі, 15 (қазіргі Бұқар жырау даңғылы, 15) үйдің үстіңгі қабатында Қаскеңнің отбасы тұратын. Қолға түспейтін еңбек адамын шахтадан ұстай алмасақ, үйінен тауып, сұхбат алу сәті түсетін. Тәулігіне мың тонна, кейіннен бес мың тоннаға дейін көмір өндіру қозғалысын алғаш бастаған тау тұлғалы даңқты кенші алғашқы мүшелінен ауыр еңбекке араласқанына қарамастан, қарағайдай тіп-тік бойы сияқты, айтар ойы да терең болатын. Күлбілтелеп, күбірлеп сөйлеуді білмейтін, қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұратын Қаскеңнің жарты ғасырға жалғасқан еңбек жолы Қарағанды көмір бассейнінің тағлымды тарихына, даңқты дастанына айналған.
Еңбектен қол үзбей жүріп жоғары білім алған Қасым Көрпебаев кен инженері ретінде шахталардың техникамен жарақтануына, үздік технологияны өндіріске енгізуге айрықша үлес қосты. «Қазақ баласы өндірісті білмейді, техниканың тілін таба алмайды» деген қасаң қағиданы күл-талқан етіп, көмір өнеркәсібін ұршықша үйірген еріңіз Қасым Нұрғалиұлы болған. «Қарағанды» шахтасына басшылыққа тағайындалғанда артта қалып, тұралап тұрған кәсіпорында кен өндіретін қуатты комбайндар мен технологиялық кешендер болғанымен, қол еңбегі де көп еді. Білікті кен инженері алдымен озық технологиямен жарақтандыруды қолға алды, бір жыл ішінде шахтадан мыңдап емес, миллион тонналап қара алтын өндіріле бастады. «Қарағанды» шахтасының маңайы көкжелекке оранған баққа айналды. Тіпті, жүк түсіретін алаңдарға дейін қызылды-жасылды гүлер өсіп тұратын болды. Сұлу табиғаттың төл перзенті көмірдің шаң-тозаңы жайқалып өскен жасыл бақтың көлеңкесінде қалсын, шахтерлер шаршамасын деп қамқорлық жасайтын.
Қайсыбір солақай басшылар алдында бас имейтін, қайыспас қара емен Қасым Көрпебаевтың өзі әділетті, айналасына қамқор, білікті басшы болғанын аңыз қып айтатын ел көп. «Қарағанды» шахтасын 12 жыл басқарып, өндірісті алдыңғы қатарға қосқан Еңбек Ерінің ерлігі ел есінде, ұрпақ жадында. Ол өз ортасын көмірдің жылуымен ғана жылытқан жоқ, үлкен жүрегінің мейірімі мен сүйіспеншілігіне бөледі. Өзі де сондай қадір мен құрметке бөленді, аңыз тұлға, абыз ақсақал атанды. Қаскеңнің аталас жақын туысы, еңбек ардагері Сапарбек Оразбеков: «Жастайынан өжет, қайсар, қажырлы ағамыз зейнет жасында да кезінде өзімен қатар еңбек еткен жігіттердің хал-жағдайына қанық болып отыратын. Көмір өндірісіндегі техника мен технологияны арнайы барып көріп, өзі тәрбиелеген азаматтардың игілікті істеріне сүйсінетін. Бар қажыр-қайратын жұмсап, кәсіби ауруға шалдыққан «регрессниктердің» талаптарын Астанаға, үкімет басшыларының, депутаттардың құлағына жеткізіп, көмір өндіруде денсаулығын жоғалтқан кеншілерге өтемақы төлеу, жалақы қарызының өтелуі туралы оң шешімнің қабылдануына мұрындық болған да Қаскең еді. Ағамыз бұғанасы бекір-бекіместен әкесінің інісі Әлтікей көкеміздің (шын аты Сәтмағамбет) қолынан жетектеп апарып, «Молотовуголь» тресінің №60 шахтасына белгі соғушы (отметчик) етіп орналастырған еңбегін жұлдызды жолға жалғастырғанына риза болып отыратын. Шахта өндірісін жан-жақты меңгеріп, көмір өндіру саласының білікті де, белгілі маманы, кен инженері, шахта директоры, Социалистік Еңбек Ері, «Шахтер даңқы» белгілерінің толық иегері, екі мәрте Ленин орденімен марапатталған, көптеген медальдарды кеудесіне таққан даңқты ағамыз ғасыр жасаймын деп армандап отырушы еді», – деп сағынышпен еске алады.
Шынында, Қаскеңнің кеудесіндегі жарқыраған жұлдызы демалыста болса да, шахтерлердің қандай да бір өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге септігін тигізетін. Еңбек Ері ел экономикасының әлсіз тұстарына күйзеліп, ақылдасқан адам болса, ойына түйгенін бөлісуге ынтық білікті маман болып қалды әрдайым. Арқаның аңыз адамы қазыналы өлкенің өркендеуіне қатысты азаматтық парызы мен борышын үнемі осылай абыроймен атқарды.
Ел ағасы зейнеттегі жылдары өзінің кіндік қаны тамған Қарқаралы тауының батысына қарай ағып жатқан Жарлы өзенінің бойындағы Қаратал (қазіргі Т.Әубәкіров) ауылына ат басын жиі бұратын. Ата-анадан ерте қалғанда, нағашы әжесі Зейнеп апаның қолында тәрбиеленіп, ауыл балаларымен бірге 8-9 жасынан көктемнен қара күзге дейін қозы бағып, шөп шауып, шапқылап жүретін қарасирақ бала күндерін еске алатын. Ауылда туған батыр ақсақал шағында туған жер төсінде аунап-қунап қайтса, қырға шығып, бой сергітсе, бір жасап қалатынын айтады екен.
«Ауылда отырған ағайынның жоқ-жітігіне қарайласып, қамқорлық жасау батыр ағамыздың әдеттегі шаруасы болатын, – дейді Сапекең. – Аға-жеңгелеріне ағаш-көмір жеткізіп беріп, баталарын алатын. Ораза айларында ата-бабаларына, өмірден ерте кеткен ата-анасына, басқа да туған-туыстарға құран оқытып, ас беруден шаршамайтын.
2015 жылы ауылымызда су тасқыны болып, ел қатты қиналғанда «АрселорМиттал Теміртау» басшыларына 4-5 машина көмір артқызып, табиғат апатына зардап шеккендерге азық-түлік жеткізіп бергенін батырдың жерлестері ешқашан ұмытпай, алғыстарын жаудырып отырады.
Кеншілер қаласымен бірге өсіп, біте қайнасқан батыр ағамыз адамгершілігі мен адал еңбегінің арқасында шахтерлер қауымының мақтан етер ақсақалы, абызы дәрежесіне көтерілгені көпке белгілі. Қанша ғұмыр жасаса да, өмірге деген құштарлығы зор, болашақты болжап, әлі де тындыратын істері көп екенін айтып отыратын. Батыр ағамыз 60 жылдан артық көлік айдап, рульде өзі жүретін. Соңғы үш жылда аяғына ота жасалғанына қарамастан, немерелері мен шәкірттерін қасына алып, Қарағандысын аралап, серуен құратын. Қаланың әрбір жаңа ғимаратына қуана қарап, нұрлана көз тастайтын. Ағамыздың бойындағы қажыр-қайраты, табандылық, өмірге деген ынтызарлық, қуат пен парасаты кейінгі ел азаматтарына, іні-қарындастарына, ұрпағына мәңгі өлмес үлгі болары сөзсіз», – деп жалғастырды әңгімесін Сапарбек ақсақал.
Өнегелі өмірін көмір өндірісіне арнап, шахтерлер қауымының ғана емес, бүкіл Арқа жұртының абыройы атанған Қасым Нұрғалиұлын Социалистік Еңбек Ерінің жұлдызымен қатар, «Шахтер даңқы» белгісінің үш бірдей дәрежесімен марапатталған екі мәрте батыр десе де, сыйғандай.
Ер Қаскең жұбайы Рымтай апай екеуі Марат, Ботагөз, Мейрам атты балаларын өсіріп, білім берді, жеткізді. Бала бақытын, шаңырақ шаттығын еселеген 9 немере сүйді.
Қайратымен тау қопарып, кен қазған, ақыл-парасатымен алғысқа бөленген аңыз адам Қасым Нұрғалиұлының бұл фәниден мәңгілікке өткеніне де 40 күн болыпты. Арқа алыбының жаны жаннатта, рухы пейіште шалқысын!
Сағат БАТЫРХАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі.