Баған

Қоғам ата-әже тәрбиесіне зәру

Бала күнінде жанған шырақ дауыл соқса да өшпейді, бала күнінде алған білім санадан еш өшпейді. Мұны өмір көрген, көңілге түрлі ой түйген жандардан көріп келеміз. Менің айтайын дегенім, бүгінгілер балаларын ата-әжеден алыстатып, балабақша мен мектеп тәрбие береді деп жүр. Олар асыл қазыналарымыздың жол сілтер ақылы, салмақты ойы, пайымды пікірі тек балаларымен немерелері үшін ғана емес, қоғам үшін де өте құнды екенін естен шығарып алған сияқты.

Қазіргі қоғам ата-әже тәрбиесіне зәру. Бұрынғы үлкендердің айтар әңгімесі, берер тәрбиесі бөлек еді. Соңғы уақытта қоғамды дендеп бара жатқан рухани құлдыраудың түп-төркіні аталар академиясы мен әжелер институтының әлсірегендігін аңғартады. Тіпті, бүгінгі күнде «баланы ата-әжесінің тәрбиелеуі бала психологиясына зиян» деген адамдарды көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Айтуларынша, қазақы дәстүрде жас жұбайлар тұңғышын «кемпір-шалдың» баласы деп солардың бауырына салу, осы ұлттық дүниені дәріптеу ескінің қалдығы. Өтірігі жоқ, бүгінгінің баласы ата мен әже сөзін заманауи етіп «аташка» «ажекаға» ауыстырып алған. Әже әлдиін естімей, «әже» сөзіне шошына қарайтындар көбейіп келеді. Немере тәрбиесіне көңіл бөліп, ұлттық құндылықты бала күнінен санасына сіңіретін қариялар азайып барады. Бізге, шет елдің психологиясын тықпаламай, керісінше, ұлттық психологияны қайта жандандыру қажет. Балаға ата-әженің махаббатын сезіндіру керек. Мұның астарында туыстық қарымқатынастың үзілмеуіне бастар жолдың жатқандығын түйсінгеніміз жөн. Ата-әже тәрбиесінен жаман бала болған ешкімді көрмедім. Қайта дана, ақылгөй балалар осы тәрбиеден шыққан еді. Қазақ бұл дәстүрден ұтпаса, ұтылған жоқ. Өкінішке орай, кей жастар әке-шешесінен бөлек кетіп, ата-әже тәрбиесін жат көріп жүр.

Дегенмен де, ата-әже мектебінің білімі, тәлімі мен тәрбиесі өте жоғары әрі терең екені анық. Олар ертегі, әфсаналарды айтқанда да сол кейіпкердің образын сомдағанда бірден жаман мен жақсыны, адал мен арамды, ақ пен қараны ажыратуға машықтанып қалатынбыз. Балалардың бәрі ұйып тыңдайтын көптеген ертегінің соңында мұратына жетіп, бақытты болып жататын. Сол шақта арманның ақ кемесіне отырып алып, біраз тәтті қиялға батып та кететінбіз. Қазіргі балаларға бұрын бізде сондай болған, әжелеріміз батырлар жырын, арысы «Ұртоқпақ» берісі «Мақта қызды» айтатын деп көріңізші?!. Олар үшін бұл құдды аңыз іспеттес. Өйткені, бүлдіршіндеріміз тек теледидар мен телефонға ғана телміріп өсіп келеді. Сол себепті де, біз қоғам болып ата-әжесіз өсіп келе жатқан балалардың болашағына алаңдауымыз қажет. Өйткені, бүгінгі тәй-тәй басқан балақандар ертеңгі болашақтың иелері. Олай болса енді ғана бүр жарып келе жатқан жас өскіндеріміздің тамырына қазақы, ұлттық тәрбиенің дәнін егейікші. Жастайынан олардың тамырына балта шаппайықшы.

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен… Сәл дем алып барып ары қарай жалғасатын ертегілерді естімегелі көп жылдың жүзі болды. Біздер қайта бұл сөзді естіп өстік қой. Бүгінгілер ше?

Нұрдос КӘРІМ,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button