Ресми

ҒЫЛЫМ мен ӨНДІРІС – егіз ұғым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына Жолдауында ғаламдық пандемиядан туындаған әлемдік нарық конъюнктурасындағы күрделі өзгерістерді ескере отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын ұсынды. Еліміздің басты бағдарламалық құжатына айналған жаңа Жолдау ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының жалғасы ретінде ауқымды қайта құрулардың жаңа кезеңін бастайды. Оның негізгі лейтмотиві – халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік ахуалына шынайы қамқорлық. Мемлекет басшысы Жолдауда пандемия жағдайындағы экономикадағы қиын жағдайға байланысты бәріміз үшін өте маңызды нақты іс-қимылдардың терең ойластырылған кешенді бағдарламасын ұсынды.

Жаңа әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары болып салалардың ғылыми-технологиялық дамуы және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі, тиімді мемлекеттік сектор, инвестициялық және іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту, макроэкономикалық саясат пен қаржы нарығын дамытуды ынталандыру, жоғары сапалы адам капиталы, теңгерімді аймақтық даму және белсенді сауда саясаты табылады. Жаңа кезеңде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ИИДМБ, «Бизнестің жол картасы» жалғасады. Шағын және орта бизнесті дамыту және бәсекелестікті қорғау бойынша міндеттерді жүзеге асыру қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бәсекеге қабілеттілік «серпінді инфрақұрылымдық жобалардың арқасында» өсуі керек деп атап өтті.

Еліміздің ғылыми-техникалық даму бағдарламасының басым міндеті ретінде Қазақстан Президенті ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешуге ғылымды тартуды тапсырды.

Қазақстан экономикасы үшін маңызды болып табылатын тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары сұранысқа ие импортты алмастыратын технологияларды құру және енгізумен байланысты проблемалар кешенін Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары табысты шешуде.

Техника ғылымдарының докторы, профессор А.Исағұловтың ғылыми жетекшілігімен университет ғалымдарының тобы әзірлеген және тәжірибеге сәтті енгізілген импортты алмастыратын технологияның мысалдарының бірі – «Жоғары температуралық қорытпалар жасау және олардың негізінде бөлшектерді өндіру мен өңдеудің жаңа буын технологияларын жасау».

Бүгінде және ұзақ мерзімді перспективада тәжірибеге енгізіліп жатқан отқа төзімді материалдар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер Қазақстан үшін стратегиялық маңызды болып табылады. Мәселе мынада: әлемдік аналогтардан кем түспейтін, бағасы арзан, бірақ, ыстыққа төзімді материалдардан өзіміздің қорды құру ғана экономикалық тәуелсіздік пен металлургия, отын-энергетика және мұнай-газ секторлары сияқты ел экономикасының дамуы үшін маңызды салалардың дамуын қамтамасыз ете алады. Өкінішке қарай, бізде мұндай әзірлемелер жоқ. Бұл біздің және осы саланың көптеген басқа салаларын импортқа тәуелді етеді.

Сонымен қатар, көптеген өнеркәсіптік дамыған елдерде тиімді, ыстыққа төзімді материалдар өндірісіне мемлекеттік даму бағдарламасы деңгейінде ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, мұндай бағдарламаларды Лотарингия мен Пол Сабатье (Франция), Шанхай университеті (Қытай) университеттері жүзеге асырады. Ресейде бұл мәселе «Отқа төзімді материалдардың жаңа буынын дамыту» федералдық бағдарламасы аясында шешілуде.

Қазақстанда ыстыққа төзімді материалдарды зерттеу және әзірлеу, өндіру нашар дамыған. Бұл көп жағдайда коррозияға, ыстыққа төзімді, беріктігі жоғары болаттардың, сонымен қатар, ерекше физикалық қасиеттері бар болаттардың өнеркәсіпте жоғары легірленгеніне қарамастан, жоғары легірленген болаттар өндірісінің толық көлемде болмауына байланысты болып отыр.

Ұлттық индустрияның жетекші секторларының осы өзекті мәселесін шешу үшін ҚарТУ ғалымдары өз алдына отандық ыстыққа төзімді қорытпаны шығару міндетін қойды. Ол қасиеттері бойынша әлемдік авиация мен ғарыш саласында қолданылатын жоғары сапалы қорытпалармен салыстыруға болады. Бірақ, бағасы – төмен. Бұл металлургияға, электр энергетикасына, сондай-ақ өнімдер тез істен шығатын дәстүрлі қорытпалардың орнына, елдің мұнай-газ кешеніне арналған жабдықтар өндірісінде жоғары тиімді және қолжетімді жоғары температуралы қорытпаны кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Әлемдік деңгейде жабдықталған университеттің отқа төзімді материалдар орталығы негізінде жүргізілген көптеген зерттеулер мен тәжірибелер нәтижесінде біздің ғалымдар никель немесе кобальт негізінде бар қорытпалардың құнын едәуір төмендетуге қол жеткізді. Құю кезінде металл шығынын азайту үшін университет ғалымдары жетілдірген газдандырылған модельдер бойынша құю технологиясы қолданылды. Бұл күрделі пішінді және сапалы бөлшектер құюға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, ҚарТУ ғалымдары ыстыққа төзімді қасиеттері бар жаңа қорытпаны алды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген болаттардан 30-40%-ға жоғары. Яғни, жаңа қорытпадан жасалған бөлшектердің қызмет ету мерзімі 30-40%-ға ұзағырақ. Сонымен қатар, жоғары температурада жұмыс жасайтын өнеркәсіптік жабдықтардың өнімділігі оның бөлшектерін жиі ауыстырумен байланысты тоқтап қалу уақытын азайту арқылы артты. Жаңа қорытпа құрамына да, одан бөлшектер шығару технологиясына да ондаған қазақстандық қана емес, сонымен қатар, еуразиялық патенттердің алынуы кездейсоқ емес.

Университет ғалымдарының осы ғылыми зерттеулер саласындағы дамуы өндіріс сұранысына ие бірқатар жобалар аясында жалғасты. Оның ішінде, галлуазитті саздар деп аталатын табиғи нанотүтікшелерге негізделген өндірістік жабдықтардың бөлшектеріне арналған өзін-өзі қалпына келтіретін ыстыққа төзімді жабындарды өндірудің инновациялық технологиясы бар. Мұндай жабындар жұмыс кезінде шамалы зақымданумен өзін-өзі сауықтыру қабілетінің арқасында берік болады.

Осы негізде машиналар мен өнеркәсіптік жабдықтардың металл бөлшектерін және металл құрылымдарын қорғауға арналған «Сақтау» коррозияға қарсы суспензия өндірісінің инновациялық технологиясы жасалды. Қорғаныс жабынының коррозияға қарсы тұру қабілеті жұмыс жағдайына байланысты 1,2-1,7 есе артады. «Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты» ЖШС негізінде және кәсіпорынның қаржылық қатысуымен коррозияға қарсы жабындар шығаратын автоматтандырылған бөлім құрылды. Алғашқы тұтынушылар («АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ПромКазЭкспорт» ЖШС, «Балхашцветмет» ПО және басқалары) 62 млн. теңгеден астам дайын өнімді сатты. 2020 жылы «Ғылым қоры» АҚ шеңберінде ҚарТУ ғалымдарының коммерциализациялау жобасы 57 қазақстандық жобалар арасында рейтингте бірінші орынға ие болды.

Ғылыми зерттеулердің осы бағытын дамытуда университет ғалымдарының болашағы зор табысы ұнтақты металлургия өнімдерін қатайтатын, импортты алмастыратын технология болып табылады. Бөлшектерді ыстыққа төзімді қорытпамен сіңдіре отырып ұнтақты металлургия әдісімен жоғары қысымды құбыр арматурасы жасалды. Бұл олардың қызмет ету мерзімін ұзартты.

ҚарТУ ғалымдары әзірлеген және іске асырған барлық жобалардың жергілікті үлесі жоғары (кем дегенде 70%). Бұл өнімнің салыстырмалы түрде төмен құнын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

ҒЗТКЖ нәтижелерін тәжірибеге сәтті енгізу – бұл жоғары ғылыми импортты алмастыратын технологиялардың арқасында өнеркәсіп өндірісінің тиімділігін арттыруға университет ғалымдарының қосқан нақты үлесі болып табылады және жаңа жұмыс орындарын ашты. Осылайша, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС және басқа да бірқатар ірі өндірістік компаниялардың кәсіпорындарында университет ғалымдарының ғылыми-технологиялық әзірлемелерін тек осы бағытта енгізуден экономикалық тиімділік 540 миллион теңгеден астам соманы құрады.

Өндіріске деген жоғары сұраныстан басқа, ҚарТУ ғалымдарының ғылыми зерттеулері мен ғылыми-техникалық әзірлемелері әлемдік ғылыми қоғамдастықта кеңінен танылды. Атап айтқанда, Қарағанды техникалық университеті ғалымдарының «Жоғары температуралық қорытпалар мен олардың негізіндегі бөлшектерді өндіру және өңдеу бойынша жаңа буын технологияларын жасау» жобасы беделді шетелдік ғалымдар мен зерттеушілердің, сарапшылардың көптеген оң пікірлерін алып қана қоймай, сонымен қатар, жоғары ғылыми-метрикалық индикаторлармен ерекшеленді. Патенттер, жоғары рейтингті халықаралық ғылыми журналдарда 120-дан астам жарияланымдар шығарылды.

Қарағанды техникалық университетінің Отқа төзімді материалдар орталығын одан әрі дамыту осы саладағы ұлттық металлтану мектебінің қалыптасуына, елімізде жоғары легірленген болаттар өндірісінің дамуына ықпал етеді. Болашақта бұл Қазақстанға мұнай-газ секторына, энергетика мен металлургияға арналған кең ауқымды өнімдер өндірісін құруға, осы салалардағы импортты азайтуға, жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

«Нағыз әртараптандырылған, технологиялық экономиканы құру біз үшін жай қажеттілік емес, бұл жол онсыз да талассыз болып табылады. Сонымен бірге экономика халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеуі керек» – деп Президент өз Жолдауында өте дәл және қысқаша атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңаруы жаңа жағдайда серпінді ғылыми-техникалық дамуға, ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешуге ғылымды тартуға, аймақтардың теңгерімді дамуына негізделген.

М.ДОСПАЕВ,

техника ғылымдарының докторы,

Ж.Әбішев атындағы ХМИ зертхана меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button