Жаңалықтар

КООПЕРАТИВ – ауыл келешегі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел экономикасы дамуының негізгі қозғаушы күші болып отырған бірқатар салаға баса назар аударды. Соның ішінде, жетекші сала «ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп қадап айтып, осы саладағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруда тек шикізат өндірумен ғана шектеліп қалмай, қосалқы шаруашылықты дамытудың да маңыздылығын айтып өтті. Басы бірікпей тұралап тұрған жеке шаруашылықтардың түйінін шешудің жолын да көрсетіп берді. Ұсақ шаруашылықтар бір кооперацияға біріксе, жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндіктің зор екендігін жеткізді. Оған мысалды Қарқаралы ауданынан да табуға болады. Мәселен, 2017 жылы құрылған «АқбұлақАгро» ауыл шаруашылық кооперативінің жұмысы біріккеннің шаруасы берекелі болатындығына дәлел.

«Матақ» аулындағы тұрғындардың басын біріктіріп, 20 адамды мүшелікке қабылдап, сүт өнімдерін өндіру бағытында кооператив құрылған еді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 53 миллион теңге несие алып, 245 сүтті бағыттағы ірі қара сатып алып, әзірге сүт өндіруді ұйымдастырып келеді. Теміртау қаласындағы «Ren Milk» компаниясымен келісім-шартқа отырып, күнделікті сүт тапсырып отыр.

Бастапқы кезде күніне 100-200 литрден сүт тапсырса, кейін ол көрсеткішті 900-1000 литрге дейін жеткізді. Өткізген сүттің ақысы он күн сайын кооператив шотына түсіп, мүшелеріне аванс беріліп тұрады. Нәтижесінде ауыл тұрғындары, пайдаға кенелді. Біріншіден, еңбегінің нақты нәтижесін көріп келеді. Күнделікті тұтынудан артылған сүтін тапсырып, қолма-қол ақшасын алып, жемшөбі мен отын-суын түсіреді. Екіншіден, ауылда жұмыссыз қатары азайып, адамдар мал өсіруге бейімделді. Ал, мал сатып алу үшін мемлекеттен 6% өсіммен рәсімдеген несиесін де уақытылы төлеп отыр.

– Биыл да қалыптасқан дәстүрге сәйкес сүт сауу, жинау жұмысын ұйымдастырып, литрін 105 теңгеден 62,5 тонна сүт тапсырып, ауылға 6 миллион 64 мың теңге кіріс кіргіздік. «Алымның да, салымы бар» дегендей, «Ren Milk» компаниясы да аптасына бір рет келіп, ауылға арзан бағамен сүт өнімдерін өткізіп кетеді.

– Өзіміз де тірлік жасап, өндірілген сүтті жинап, тапсыратын «Сүт қабылдау бекетін» 4,5 миллион теңгеге несиеге алдық, оның жартысы мемлекет тарапынан субсидиямен қайтарылды. Несиенің қалған қарызын биыл толық жаптық. Мемлекеттен сүттің әр литріне субсидия алып отырмыз. Былтыр тапсырылған сүттің әр литріне 10 теңгеден берсе, биыл субсидия төлеу ережесіне енгізілген өзгеріске сәйкес әр литріне 20 теңгеден алатын боламыз,– дейді, кооператив төрағасы Ардақ Сланбеков.

Кооператив мал азығын дайындау үшін биыл 330 гектар шабындық жер алды. Нұр-Сұлтан қаласындағы ресейлік «Пищевые технологии» фирмасына коммерциялық ұсыныс жасады. Кепіл мәселесін шешуде жұмыс жасалуда. Егер қолға алған іс жүзеге асып, кішігірім сүт өңдеу цехы әкелінсе, тәулігіне 500-1000 литр шикізат өңдеуге мүмкіндік бар. Кілегей, йогурт, сыр, ірімшікпен қатар, сүт (2,5-3,2%) өндіруге болады. Табиғи таза, дайын, сапалы өнімдерді дүкенге қойып, кооперативтің қосымша табыс табуына ден қойып отыр.

Кооператив – ауыл келешегі. Тұрғындар ынтасы оның жұмысын жандандыруға ауған. Кооперативте жұмыс істеудің пайдалы екенін түсінген олар сүтті бағыттағы малды көбейтуді қолға алған. Президент Жолдауында айтылған кооперация жұмысын жандандыруға қатысты берілетін басымдық кооператив мүшелерін жігерлендіріп отыр.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button