Табиғат һәм тағдыр
Адамзатты аласапыран күйге түсірген алмағайып заманның запыраны дүниені дүр сілкіндіріп, пенде біткенді қос иығынан дем алдырып, тәубасына келтірді. Раббым Алла жаратқан 18 мың ғаламның қатарында өмір сүріп жатқан 18 миллион қазақстандықтың да тағдырының ертелі-кеш топыраққа барып тірелетіндігіне көздерін жеткізді. «Мың асқанға – бір тосқан» бар екендігін еске түсірді.
Шынында да адам біткенді кәрі-жасына қарамай жалмап жатқан жұқпалы індетке өркениеттің де өресі жетпей жатыр. «Бар байлықты бауырыма бассам» дейтін тойымсыз ынсапсыздықтан ба? Ас та төк ысыраптан ба? Алла зауал берсін деп өткеніміз қарғады ма екен?!.
Жоқ, бұл Алланың қаһарымен жеткен табиғаттың наласы болуы да мүмкін. Тіпті, жұмыр жерді қоршап тұрған ортаға адамдардың қолымен жасалған зардаптардың сұрауы екендігі де ақиқат. Біреуден бір тиын да ақы алмай-ақ, өздігінен зиянды көмір-қышқыл газын сорып алып, оттегін бөлетін ормандар аяусыз оталып, өртенуде. Жер-жаһанды алаңдатқан тұщы судың қайнар көздері мен ел қонбайтын иесіз даладағы айдынды бұлақтар бітелуде. Өзендердің арналарын күл-қоқыстар басып, көлдердің түбін зиянды қалдықтардың шөгіндісі жабуда. Ең кереметі ауа ластанып, улануда. Ендеше, жер-жаһанды тұтас шарпыған бұл сұрапыл сынақтың жауабын “әбден күйзелген табиғаттың адамзатқа жасаған наразылығы” деуге болардай. Табиғаттың биылғы нәубетпен қабаттасқан алақұйын тосын мінезі де соны дәлелдеп тұр. Өйткені, жаратылыс, табиғат, ғалам біткен тіршілік атаулыға жан бітіріп, нәр беріп асыраушы екенін естен шығардық. Тылсым табиғатты өгейсіп, онымен бақталаса бастадық. Жер шарындағы құдіреттің бірі – табиғатқа тағдырымыздың кіндігінің байланғанын ұмыттық. Ойласақ, адам аштыққа бірнеше аптаға, шөлге бірнеше тәулікке ғана шыдауы мүмкін. Ал, бір жұтым ауаға бір минуттан артық төзе алар ма? Бұған осы дерттің салдарынан бір жұтым ауаға зарығып үзілген қыршын ғұмырлар куә. Ақырында адам жанының таза ауаға қаншалықты тәуелді екендігін бұл дауасыз дерт мәжбүрлеп мойындатты. Экология жанашырларының «судың да сұрауы бар» дегенін еміс-еміс естісек те, ауаның да сұрауы бар дегенді ескермедік. Бақилық болған жақындарымыздың жаназасымен құран оқытылатын астарда көл-көсір дастархан жайып, мадаққа жеткіздік. “Шариғат жолынан аспаңыздар, ысырапқа бармаңыздар” деген жанашырлық ұсыныстарды елемедік. Тойларға топырлап баратын ағайын санаулы адам жиылатын жаназаға бара алмай қалды. “Отыз адаммен от басында ғана құлшылық жаса” дегенге де көндік. Қабірі қайдан қазылғанын да біле алмайтындай қаралы қазаларға куә болдық. Осыдан кейін, Алланың осы індет арқылы болашаққа беталысымыздың бағдарын көрсетіп бергеніне сенгендейміз.
Қиын-қыстау шақта ықылас пейілімен қол ұшын созып, мейірман көмектерін беретін алтын бесік ауылды көрдік. Ауылды төрт түліктің өрісі ретінде ғана санайтындарға «Дат!» дегіміз келеді. Ауыл – азық-түліктің киелі қазынасы, мол дәулеттің – Тайқазаны. Сондықтан да, “ауырып ем іздетпей, ауырмаудың амалы” болатын құнарлы тағамдарды қолымен өндіріп, ниеті мен пейілінде құндақтайтын қасиетті ауылдарды қаланың көлеңкесінен өркениет көшіне қарай алып шығу қажет.
Дамыған технологиялар арқылы химия өндірісінің қуатымен жасалған дәрі-дәрмектердің де дәрменсіздігін сезіндік. Медицина жетістіктерін асыра бағаласақ та, оның қолжетімсіздігіне қынжылдық. Тіпті, сан ғасырлардан сабақталып жеткен ежелгі емдік тәсілдердің шипасын естен шығардық. Аранын ашқан алапат дерт әр адамға өз амалдарын қарастыруға жетеледі. Осы орайда, бастама көтеріп, қалталарынан қаржы шығарып, емдеу аппараттарын әперіп, бұқарамен бірге екендігін танытқан жаны жомарт, мінезі мәрт азаматтардың өрелі істері аурудың азабын тартқан сырқат жандардың көңіл төріне орныққандығын мақтан еткеніміз абзал.
Тұңғышбай МҰҚАН,
«Құрмет белгісі» орденінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері.