АймақРесмиТеміртау

Теміртауда – жаңа әкім

Теміртау қаласының әкімі лауазымына Қайрат БЕГІМОВ тағайындалды. Ол бұған дейін Жезқазған қаласының әкімі болып қызмет еткен. Металлургтер қаласының жаңа басшысын қалалық мәслихат депутаттарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК таныстырды.

– Қайрат Баяндыұлы – тәжірибелі маман. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін лайықты қолдана алады және Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес жұмысты ұйымдастырады деп сенемін. Ғалым Әшімовке ерекше алғыс айтқым келеді. Ол қалада бес жыл жұмыс істеді және көптеген мәселелерді шешті, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде.

Президент Жарлығымен бекітілген тағайындау тәртібіне сай, қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар қаланың жаңа басшысының кандидатурасын бірауыздан қолдады.

– Сенім артқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Тұңғыш Президент – Елбасы еңбек жолын бастаған қаланың әкімі болу – үлкен құрмет және жауапкершілік, – деді Қайрат Бегімов.

Жеңіс Қасымбек жаңа басшының алдына экология және жұмыссыздық мәселелерін шешу, құрылыс көлемін ұлғайту және инвестиция тарту міндеттерін қойды.

Қайрат Баяндыұлы 1968 жылы, 23 ақпанда Қарағанды қаласында туған.

Екі жоғарғы білімі бар. 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған. Біліктілігі – өнеркәсіп көлігінің инженері, қызметкерлерді басқарушы, экономист.

Еңбек жолын «Қарағанды көмір» бірлестігінде жекешелендіру және тұрғын үй бөлімінің басшысы болып бастады. 90-шы жылдардың соңындағы ауқымды коммуналдық дағдарыс кезінде Қайрат Бегімов Қарағанды аудандарының бірінде ТҮКШ бөлімін басқарды. Октябрь ауданының әкімі, Қарағанды қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары, кейін облыстың құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2015 жылдың шілде айынан бастап облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасын басқарды. Бүгінгі тағайындауға дейін 2018 жылдың маусым айынан бастап Жезқазған қаласының әкімі қызметін атқарды.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button