Баған

Өз тағдырың – өз қолыңда

Кез келген мемлекеттің ең құнды байлығы – адам! Ал, адамның бірінші байлығы – денсаулық. Аты жаман індет біздің елде қаһарына мініп тұр. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен карантиндік шектеулер тағы екі аптаға созылатын болды. Әрине, дұрыс шешім. Ешкімге оңай соғып жатқан жоқ.

Сәл босаңсу COVID-19-дың өршуін үдетіп, салғырттықтың сан соқтыратынын дәлелдеп тұр. Шама келгенше көпшілік ортаға бармай, көшеде әлеуметтік ара қашықтық ұстап, барынша сақ болған жөн. Әсіресе, қарт адамдардың үйде отырғаны абзал. Қаупі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзімізге байланысты екенін естен шығармайық!

Күшейтілген карантин режимі жайдан-жай, еріккеннен енгізілмейді. Халықтың амандығын, елдің тыныштығын ойлаған билік қана осындай тәуекелге барса керек. Әйтпесе, осы індеттің салдары шарпымаған сала жоқ. Қаншама адам өмірмен қош айтысып, елдің экономикасына да салқынын тигізіп жатыр. Кеселдің тіркелуі бар да, оның салдары тағы болатынын естен шығармайықшы.

Мен мұны неге айтып отырмын? Мәселен, әлеуметтік желіде желдей ескен жеңіл пікір, асығыс жасалған пайым, мәселенің байыбына бармаған байбалам көбейіп кетті. Кінәмшіл болып барамыз. Алаңдап отырған елді арандатуға пейілді болып алдық. Карантин режимін сәл жеңілдетіп еді, не істедік? Жарысып, жасырын той тойладық. Өз өміріңіздің қауіпсіздігін ойламағаныңызға билік не үшін кінәлі болмақ? Осы дертке шалдығып, азабын тартқан бауырларымыз бұл індетпен ойнауға болмайтынын айтып-ақ жатыр. Бірақ, соған құлақ асып, ден қоймадық. Таяздық танытатын уақыт емес қазір!

Әрине, дәрі-дәрмектің тапшылығы мен қымбаттығы әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Десек те, соңғы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Президент талабы «ұзын арқан, кең тұсаудың» жолын кесетініне сенімімізді оятты емес пе?! Биліктің дәл осы жолғы пәрмені атқарушы органдар жұмысындағы салғырттықтың да, қауіпті дерттің де тамырына балта шабуға қауқарлы деп ойлаймын. Тек қана, бізден қолдау керек. Қолдау дегеніміз – көшеге шығып ұран тастау емес, белгіленген режим, бекітілген тәртіпке бағыну. Сақтық шараларын мейлінше бұлжытпай сақтап, өз тағдырыңа өзің ғана жауапты екеніңді түйсіну. Міне, осы бір қарапайым қағиданы қазық етсек, біз жеңбейтін қауіп жоқ. Кеңдікпен кемелденіп, елдікпен еңселенген ғұрпымызды қастерлей білейікші!

«Мың өліп, мың тірілген қазақ» бұл індетті де жеңіп шығады. Оған бек сенімдімін. Тек темірдей тәртіп пен сабыр қажет. Жақындағы ағайынға жанашыр, алыстағы ағайынға тілекші болайық. Ауырып жатқан отандастарымыз «аунап тұрдым» деп ертең-ақ ортамызда шапқылап жүрер күнге бірге жетейік! Ел аман болсын!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,

«NurOtan» партиясы Саяси кеңесінің және ҚХА мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button