Руханият

Қарамұрын, қара ойдың айналасы…

Редакция қоржынына бұл мақала автордың көзі тірі кезінде түскен. Марқұм Марат ағамыз ел мен жердің тарихын жетік біліп, абыройын бір кісідей ойлайтын азамат еді. Ағамыздың мақаладағы көтеріп отырған мәселесі орынды болғандықтан назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік, мәртебелі оқырман!

Редакциядан

Қарамұрын – Бұғылы тауының Құсмұрын биігінен солтүстікке қарай Қаратұмсық төбесінің етегінде Шерубай-Нұра өзені жағасында орналасқан темір жол станциясы аталатын елді мекен. Ауылдың оңтүстік батысына қарай «Шушақтың Сарытауы» атанған жон жайғасқан. Оңтүстікке қарай Байғара разъезі тұсындағы қазылып тасталған жон Алтай Қосыбек жоны атанған. Бұл өңірде ұзын сабақты шөп пен сары көде өседі, қыста бұл жерде нығыздалған қалың қар болмайды. Оның себебі жауған қар қатты желдің үрлеуінен қаудырап қалады, кейін жауған көбік қарды да Сарытау жақтан соққан жел сырғытып әкетіп отырады. Осындай жұқалаң келген ала қанат қарда қолда ұстап отыратын ешкі, қой, сиыр, жылқы малы қыс бойы жайылып шығады. Сол себептен жазда қолға ұстайтын малға көп мөлшерде шөп дайындалмайтын болған. Бұл жердің тағы бір қасиеті көктем де ерте шығады. Маңайы қыратты, бауырындағы жер бедері мен шөптері де ерекшеленіп тұрады. Одан жиырма-отыз шақырым батысқа қарай Ақой, Нұрбақ елді мекенінің қары қалың, боран-шашыны жиі болады.

Қарамұрынның жанынан ағып жатқан Шерубай – Нұра өзені ағынды, су астында бұлақ көздері бар салқын сабат дерсің. Бұл жерлер жолаушылар демалатын, суға шомылып сергіп қалардай кемпинг, жағажай орналастыруға таптырмайтындай. Арқаны аралап жүріп Шерубай – Нұра өзеніне суға түскен жазушы, ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың «Жаяусалдың серуендері» деген кітабында келтіргендей, «Шерубай – Нура өзені суының жұмсақтығы адам таң қалғандай, суық та емес, жылы да емес, әйтеуір шөгіп отырғың келеді. Көпір тұсындағы ойпаңдау жердегі суға түсу өткен-кеткеннің парызындай көрінді маған», деген сөзі дәлел. Өзен бойында орналасқан елді мекендерде тұратын халықтың суармалы егін, картоп, көкөніс өсірумен шұғылдануларына әбден қолайлы. Бүгіндері тек Шет ауданы, Красная Поляна округіне қарасты Бекет ауылындағы «Шерубай су» жауапкершілігі шектеулі серіктестік 800 га жерге картоп отырғызып, жылына әр гектарынан 350-370 центнер өнім алуда. Күзгі өнім жинау науқанында 500-ге жуық адам жұмыс істейді.

Кейінгі жылдары Шерубай-Нұра өзенінің көктемгі су тасқыны салдарынан арнасынан шығып Қарамұрындағы су жағасына жақын үйлермен, қора-қопсыларын су алып кетіп жүр. Осы жағдайды көргенде Ғабиден әкеміздің «Көз көргендер» кітабында келтіргендей, Қарамұрын тұсындағы Шерубай-Нұра өзені тасып, сең жүріп кетіп, келген адамдар кері қайта алмағанда «өзенінің бас жағы жадағай, өрлеп барып өту керек» деген сөзді Тыңқи төренің аузына салатыны есіме түседі. Кешегі Кеңес кезінде «Красная Поляна», «Дәрия» кеңшарларына қараған осы жерлерге қар ұстайтын көшеттер отырғызылған болатын. Бүгінде жеке меншіктегі сол шөбі қалың, құнарлы жерлер күтімсіз, пайдаланылмай жатқаны өкінішті-ақ. Қарамұрынның маңы он тоғызыншы ғасырда Ақмола уезінің Қареке-Алтай болыстығына қараған көрінеді. Омбыдағы генерал-губернатордың 1875 жылғы 29 тамыздағы бұйрығына сай Қареке-Алтай болысы Шерубай – Нұра болысы болып өзгерген екен. Осы тұста «Шерубай кім еді?» – деген орынды сауал туындауы заңды. Шерубай – Қуандық-Алтайдың Мойнының баласы, Қареке Биболдыдан туған қазақтың хас батыры. «Қазақтың ұлттық энциклопедиясында жазылғандай, Қарағанды облысының Шет және қазіргі Абай аудандарының жері арқылы ағатын Шерубай–Нұра өзені батырдың атымен аталған.

Бүгінде Қарағанды облысының біраз жер-сулары, мекемелер Шерубай батырдың есімінде. Қазіргі Абай қаласы 1949 жылдан 1961 жылға дейін Шерубай – Нұра жұмысшы кенті аталып келгенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Көп жылдар бойы Қарағанды бассейніне қарасты «Шерубай – Нұра» шахтасының жұмыс атқарып тұрғаны белгілі. Шерубай – Нұра станциясы 1934 жылы пайдалануға беріліп, Шерубай-Нұра бөгені 1960 жылдары Қарағанды өнеркәсіп орындарын сумен қамтамасыз етуге салынған. Топар кентінің жанындағы шошақ пішінді тас «Шерубай шоқысы» деп аталады. Шерубай батырдың ескерткіші Кіндіктөбе дөңінің үстіне жайғасқан. Биболды елінің ұранындай болған Шерубай бабамыз Қарағанды облысының Сұлу – Мадина деген жерінде дүниеге келген. Газет беттерінде орын алып жүрген байырғы Шерубай – Нұра өзенін Шеруке – Нұра өзені деп атап жүрген өлкетанушыларға таң қалудан басқа амал жоқтай.

Бұл өңірде Ақмола округіне аға сұлтан болып сайланған Құдайменденің Қоңырқұлжасынан туған төрелер мен Қареке руының Ақбурасынан тарайтын Сарыарқаның саңғалы атанған Саңырақтың балалары Қияш, Әлібек, Ысқақ, әсіресе, Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне кешегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынның қолымен Ақмола уезінен арнайы шақырылған екеудің біреуі – Қияштың Нұрланы, Тоқбурасынан Үсенбай баласы Балтабай, Байбаба баласы Ахметжандар кезектесіп болыстық құрғандар. «Әлихан Бөкейханның жолдастары ретінде Қуандықта Нұрлан Қияш баласы, Жәңгір Бегалыұлы Қоңырқұлжа немересі» деген дерек «Әлекеңнің өмірі» кітабында анық жазылғандығы белгілі. Нұрлан ата жиырма жылдай Шерубай – Нұраның болысы болған. Сол кезең, яғни, 1907-1912 жылдар аралығында үлкен атам Шәйке Азнаұлы Шерубай – Нұра болысының № 2 (Жартас) ауылында би болған екен.

Шерубай – Нұра болыстығынан 1901 жылы дербес аймақ болып Бұғылы болысы бөлінген. Бұғылы болысына Тоқтауыл, Көбетей көшпелі елді мекендері, Қарамұрын, Сұлужал, Қатпар (Шушақ руы), Қарасойғын, Ши (Самай руы), Жетім шоқы (Мықты руы), Таскөл (Барғана) қыстаулары қараған. Болыс басшылары Қоңырқұлжа сұлтандары болған да, олар қарақырғыз руынан шыққан төлеңгіттер жайлаған ауылдарды басқарған. Төрелердің қыстаулары Нұра, Көбет, Бұрғылыда болып, ал жазында Көкпекті, Құндызды, Есіл, Жаман – Шұбар, Сарыоба деген жерлерді жайлаған. Қоңырқұлжа төре Енең – Түнқатар болысы Ескенеұлы Құлбекпен жақсы қарым-қатынаста болса керек.

Бұл жерлерде Қоңырқұлжа немересі Жәңгір төре он үш жылдан астам болыс болған. Әкесі Бегалы, баласы Алтын да болыстыққа сайланған. Жәңгірдің мыңдаған жылқысы болғаны, күзге салым мал санағын жүргізгенде әр жүз бастың бір басын зекет түрінде өзінің қарамағындағы малшылар мен төлеңгіт күтушілеріне беретіні жайлы әңгіме ел аузында ертеден айтылып келеді. Ел аузындағы бір аңызда ол кісі Мойын Әлібек ұрпағы Балабақсыға: «Менің келешегімді жорып берші» – деген екен. Бақсы: «Сіз аштан өлесіз десе керек. Сонда Жәңгір төре: «Сен не айтып отырсың, мына қалың жылқының менікі екенін білмеуші ме едің?» – деп кейіген көрінеді. Ақыры Жәңгір қылтамақтан қайтыс болған деседі.

Осы жерде Сұлтан нағашымыздан бір әңгімені айтса болғандай. Ашаршылық жылы анам Бәтима, мен, апам Зейнекеш, жиендерім Майра, Манура күйеуі Мұхамедкәріммен бірге Алматыға жаяу-жалпылай жеттік. Мұхамедкәріммен шөбере Сейфолланың Сәкені күтіп алып, Қарақалпақстанға өткізіп жіберген болатын. Айта кету керек, Мұхамедкәрім (Кәкіш) Нілді болыстығының ақырғы блаткомына сайланған адам. Әкесі Ысқақ – Тоқа Ескене руының белді адамы болған. Ортауға бара жатқан жолда Ысқақтың көңі деген жер атауы бар. Ол жаққа барғанда сондағы үлкендер «қай жерден келдіңдер, қай тума боласыңдар?» – деген сауалға, «біз Арқадан келдік, атым Сұлтан, руым Төре, Қарамұрын деген жердегі Жәңгір төренің Алтынының баласымын» деген едім. Әлгі шалдар көздеріне жас алып ауыл шетінде жайылып жүрген көп жылқыны нұсқап: – Біз Арқада Жәңгір төренің малын баққан едік, еңбегімізге алған биелерден өскен мал осы. Кешегі жақсы Жәкеңнен бізге бұйырған тұяқтар ғой, – демесі бар ма? Кейін біздерге ұсақ-түйек сататын дүңгіршек ашып беріп күн көрісімізге көмектерін көрсетіп, бір туғандай болған едік – деп отыратын нағашым. Анасы Бәтима сол Қарақалпақстанда бақилыққа озып, сонда қалған.

Жәңгір төре болыстық құрған кезінде мемлекеттік құрылым өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста болған. Оның орыс әкімшілігіне де, халыққа да қадыр-қасиеті қатар артқан. 

«Санкт-Петербургте халықаралық костюмдер көрмесі өтті. Сұлтан Жәңгір Бегалы Құдаймендин ол жерге зат жіберді. Оның ішінде түлкі малақайы, сусар мен түлкі аяқтарынан тігілген бас киімдер, әйелдерге, балаларға және ер адамдарға арналған тондар болды. Әйелдердің киімдерінен барқыт бешпет, жаулық, кимешек және түйенің терісінен тігілген ішік кездесті», – деген мұрағаттық дерек көзі де бар. Жәңгір Қарамұрында мешіт салдыртып, медресе ашқан, діндарлығы да берік болған. Осы орайда, кешегі Шөже ақынның Арқаның жақсы–жайсаңдарына бір ауыз өлеңмен баға бергендегі:

Қареке Саңырықтың Қияшы бар,

Жігітке шайтан келсе жігі ашылар.

Жәңгірің өрлеп тұр ғой бұл заманда,

Дәулетттің Бегалыда ұясы бар, – дегенінде Жәңгірдің кім болғанынан хабардар беріп кеткендігін білуіміз керек.

Жәңгірдің ұлы Алтын Жұмабек төренің баласы Тыңқидың Бәтима атты қызын алған. Жұмабек төре Астана– Алматы күре жолдағы өз аттас ауылдың күншығысындағы Сораң биігі етегінде жерленген. Бұл деректердің заңғар жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Көз көргендер» романында жазылғанынан білеміз. Алтынның Бәдел деген қызын Қарекенің көкжалы атанған Нұрлан болыстың баласы Бименде алған. Сарыарқаға сауын айтып өткізілген Қияштың Нұрланының асы Тентек өзенінің бойында берілген. Бименде Кеңес кезінде жер аударылып, Омбы маңында жүріп, кейін өз еркімен соғысқа сұранып сонда қаза болған. Бименденің жалғыз қызы Лизаның естелігінде: «Нұрланның Бимендеден бөлек үш қызы болған. Күлше деген апамыз бармағынан саз тамған дәулескер домбырашы, шертпе күйдің шебері Әбікен Хасеновтің жары» дейтіні бар.

Жәңгірдің немересі Алтын төренің ұлы Сұлтан мен Жарық станциясында тұрған Смағұл молда екеуі Қарамұрындағы Жәңгір төре салдыртқан мешіт, медресе үйінде «Аққажы» атанған Ахмет Байғарин молдадан дәріс алып «Мұхтасарды» бітірген. Мен туған Ақжар ауылында көп жыл көрші болған руы Темеш Рақыш молда да осы кісіден дәріс алған екен. Смағұл молда құран оқығанда көзінен жас парлап отыратынын көз-көргендер өтірікке шығармас. Ал Сұлтекеңдей құран оқығандағы үнінің зор, мақамының естіген адамды ұйытып жіберетін құдіреттілігіндей молданы өз басым көрмеппін.

Қарағанды қаласында мешіт үйлерін тұрғызып, шариғат жолын берік ұстаған кешегі Елібай молда, жиырма жылдан астам Қарағанды мешітінің аймақтық имамы болған Қажыбай қажы, Таутан, Әбілқасен молдалар о дүниелік болған жанның жаназасында құранды Сұлтекеңе оқытқызып үніне, мақамына ырзалықпен ұйып отырады екен.

Сұлтан төренің менің анам Манураның туған нағашысы, шешесі Зейнекештің бауыры екенін жоғарыда келтірдік. Сұлтекең жасында өте қарулы күш иесі болған. Бірде біреуімен ілігісіп білегінен қатты қысқанда ана адамның мұрнынан қан аққан көрінеді – деп айтып отыратын. Мінезі ақ жарқын, әзілге жүйрік болатын. Талды ауылындағы үйімізде Сұлтекеңнің қонаққа келген ел ағаларын, өзінің тетелес інілері Ебіней Бөкетов, Әкім Серіков, Мәлік Имашев, Кәмәли Дүйсенбековтерді бір кеш бойы әзіл әңгімелерімен, қағытпа қалжыңдарымен күлдіріп отырғанына куә болған едім. Сұлтан молда көп жыл Қарағанды маңындағы Жаңаөзен ауылының жанындағы Стан деген жерде тұрды. Бертінде сексенінші жылдары қайтыс болды. Сұлтан төренің мүрдесі Қарамұрыннан Құлайғырға баратын темір жолдың сол жағындағы төрелер жерленген қорымда жатыр.

Ел арасында қалған тағы бір әңгімеде бір жылы қыс қатты болып, төренің бірі бас жылқышысы болған жігітіне «малды аман алып шықсаң Шушақ елінің Мәдина деген келбетті қызын алып беремін» – деп уәде берген екен. Содан өзі сұлу, өзі ақылды қыз теңіне қосылмағанына қапаланып, қысастыққа шыдамай суға батып ақ балыққа жем болған деседі. Сұлу су өзенінің Сұлу Мәдина болып аталу себебі содан көрінеді.

Ақой ауылы мен Сұлу өзенінің ортасындағы «Ит өлген», «Бұқа бұлақ» аталып жүрген жерде ас беріліп, ат жарысы, көкпар тартылып тұрған. Бәйгіге шапқан аттар Сұлу Медина өзені көпірінің тұсындағы дөңнен жіберіліп, Қарағанды қаласының шетіндегі Михайловка станциясы маңынан қайтады екен. Ол кездері Арқаға мәлім Қареке Саңырықтың Құлбестісі, Тоқа-Күшікбай Ордабектің Көкбурылы, Тоқа-Тойымбектің Тайкөгі, Қияштың Қасқасы, Мұрат Жортықтың Торықасқасы, Шушақтың Көгі деген бәйгенің алдын бермеген жүйріктердің болғаны белгілі. Үлкен бір аста мерт болған Саңырақтың Құлабестісінің атымен бүгінде Құлайғыр станциясы аталатыны ел есінде. Осы әңгімелерді Алтынның баласы төре Сұлтаннан белгілі журналист, шежіреші Менеж Жармұхамбетов әкемізден, көп жыл Қарамұрын станциясында тұрған құймақұлақ ақсақал Елеместен, Жарық станциясында тұрып жүзге жуықтап бақи болған Сәкібай үлкенімізден естіген едік.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары жоғарыдағы болыстықтың жерлері толығымен КарЛАГ-тың қарамағына өтіп, жергілікті қазақтардың жан-жаққа бас сауғалап кеткені тарихтан белгілі. КарЛАГ-тың кезінде НКВДның жендеттері Топар, Қарамұрын, Дәрия, Ақой маңын жайлаған Қареке, Барғана руларының қорымындағы салынған бейіттердің кірпіштерін тұтқындағыларға бұздыртып, Ордабасы, Қужал, Кеңжал, Сұлужал, Тоспа, Аршалы нүктелерінде мал қоралар салдыртқан. Саңырық балалары ен жайлаған Көксін ауылының маңындағы «Айтпай опаны» деген жердегі бейіттердің кірпішінен екі мал қора салынған екен. Барғана байы Сапар деген кісінің мазары да осындайға ұшыраған. Аршалыдағы Қарекенің байының бейітінің кірпішінен Ордабасы нүктесінде де мал қора салдыртқан. Жалпы КарЛАГ иелік еткен жерлердегі тарихи мәні бар қорымдар, қорғандар, жергілікті құрылысқа пайдаланылып кеткен. Жасанды тоған, бөген салынғанда су астында қалғаны да болған. Атам Шейке бидің қонысы Жартас ауылы мен маңындағы қорымдар қазіргі Топар ҚарГРЭС-2 кәсіпорыны төңірегіндегі Жартас су қоймасы астында қалғанын Топар кентінде тұрып, кейінде бақилыққа озған Ақмурзин Жапсарбай әкемізден талай естідік. Өз кезегінде Жартас су қоймасын лагердің мыңдаған тұтқындарының адам төзгісіз ауыр жағдайда салғандары белгілі.

Сұлу өзенінің бойында Барғана балалары Самай, Шушақ рулары адамдарының қорымдарының орны әлі де бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Барғана, Шушақ ұрпақтары тас орнатқан екен. Өткен жылы Барғана Омаров әулетінің сегіз адам жерленген қорымының орны Ақой ауылының азаматтарының айтуымен Сұлу Медина өзенінің тас өткеліне қашық емес дөң үстінде қараған арасынан табылып, ұрпақтары белгі тас қойды. Бүгінде Қарағанды – Жезқазған тас жол бойындағы Сарытау аталатын жонның үстінде Барғана руының ұрпақтарының қойған ескерткіш тасы анадайдан көз тартады.

Енді бір мәселе. Әлі күнге дейін осы өңірдегі жалғыз-ақ елді мекеннің де, ауылдық округтің де «Красная поляна» аталып келе жатқанына қайранмын. Астана – Алматы күре жол бойындағы Қызыл қой ауылы мен Қарағанды – Жезқазған тас жолы бойындағы Ақой елді мекендерінің ортасындағы Қаратұмсық бауырындағы бұл жер ертеден Қара ой аталғаны ел жадында. КарЛАГ кезінде осы өңірдегі жерлердің «Красная горка», «Таловка», «Калиновка», «Дарьинская ворота» аталып кеткені тағы белгілі. «Красная поляна» елді мекеніне осы өңірді ен жайлаған, әділдігі ел аузында қалған төре Құдайменде шөбересі, Қоңырқұлжа немересі, Жәңгір төренің атын беру керектігі уақыт күттірмейтіндей, болмаса бұрынғы жер атауы «Қара ой» десе болғандай емес пе?

Марат ШАЙКИН.

Басқа материалдар

Back to top button