Баған

Көштен қалмауды ойласа…

Шыны керек, қазір жастардың еті тірі. Зиянды әдеттерден аулақ, наным-сенімге де берік. Алайда, шамалы ынта, талап жетіспейді. Бұл олардың тұлғалық қалыптасуларына кері әсерін тигізуде. Оның үстіне, елдегі күрделі жағдай еркелікті көтермесі анық…

Мәселен, Қарағандыдағы Майқұдықтың күре жолын жөндеп жатыр. Айлығы да тәп-тәуір, бірақ, жұмыс күші жетіспейді екен. Жұмыссыз жастар оған барғысы келмейді, қара жұмыс істеуге намыстанса керек. Қандай жұмыс істесең де, біреудің ақысын жемей, міндетіңді адал атқарсаң жеткілікті емес пе?.. Жуырда газетіміздің тұрақты оқырманы, жанашыр ағам Сәлижан Садықовпен аяқасты жүздесіп, осы мәселе жайлы әңгімелескенде, Қарағанды радиосына еңбегі сіңген ақын, Базар Мамыр жайлы айтқан естелігі жан-дүниемді астан-кестен етті. Бір жылдары институтта қатар оқыпты. Араға біраз уақыт салып, Қарағандыда қайта кездескен. Әмпей-жәмпей болып отырғанда, «Қайда жұмыс істеп жүрсің?» деп сұрапты Сәкең. «Қарағанды радиосында диктормын. Бірақ, таңертең аула сыпырамын. Радиоға содан кейін барамын» депті Бәкең. Дүрілдеп тұрған радионың дикторы әрі білдей ақынның көше сыпырып жүргеніне таң қалған ғой. Сөйтсе, 5 жыл тапжылмай жұмыс істеген қызметкерге пәтер иелері кооперативі (ПИК) үй береді екен. Бұл дегеніңіз нағыз ерлік қой. Адал еңбекке намыстанудың қажеті қанша?! Содан, арадан бес жыл өтіп, Базар Мамыр ағамыз пәтерге қол жеткізіпті. Оны ешкімге жария да етпеген. Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш» атты кітабында да, Хлебников дейтін орыстың классик жазушысының көше сыпырғаны туралы айтылады. Әңгіме қайда жұмыс істеуде емес, адамгершілікті жоғалтпай ар алдында ақ өтуде. Сол Хлебниковтың үстінен мысқылдағандардың ұрпақтары, бүгінде соның шаһқар дүниелерімен сусындап жүрген болар, сірә… Жалпы, мұндай мысалдар баршылық. Ал біз, бұл тағылымды әңгімені Базар ақынның рухы алдында аманат деп біліп, қағазға түсірдік. Қазақ өлеңінің ерекше құбылысы Жұмекен Нәжімеденов Базар Мамырдың жырларын жоғары бағалап, арнайы мақала да жазған. Жұмекеннің көрінгенді «ақын» демесі анық… Талантты адам барлық істе талантты. Өлеңге адал Базар ақын осылай еңбекте де талаптылығын көрсетті. Мұнысына ешқандай таусылған да жоқ, арланбады да. Сабыр сақтап, баспаналы болды. Отбасы – шағын мемлекет болса, ер азамат сол шаңырақтың иесі ретінде баспанадан бастап, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге міндетті екенін жете түсінді ол. Есесіне, соңында отты өлеңдері мен азаматтық ізгі істері қалды. Оның үстіне, таланттының барлығын үкімет арқасынан қағып, маңдайынан сипамасы анық. Кім болсақ та, бастысы адамдығымызды жоғалтпау. Жарлы болсақ та, арлы болу. «Кімде-кім талантты болса, елдің басын қатырмай соңына аңыз қалдырсын» депті бір данышпан. Базар ақынның соңында қалған бұл өнегелі әңгіме де, оның азаматтық, ақындық тұлғасын асқақтатпаса, аласартпасы сөзсіз. Мінекей, бүгінде жастардың бойында осындай асыл қасиеттердің жоғалып бара жатқанына алаңдаймыз. Егер, өскелең ұрпақ көштен қалмауды ойласа, жүректеріндегі қаталдықты «ыстық қайрат пен терең ойға» жеңдіріп, бойларында тұншыққан ынта мен талапты оятулары керек.

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button