«Әр қазақ – менің жалғызым!»

Бейбіт заманда аза тұтудан ауыр не бар? Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен жарияланған Жалпыұлттық Аза тұту күнінің қасиетін ұққанымызбен, салмағына өлшем таба алмадық. Еңсені басқан батпандай ауыр күн. Дегенмен, тәубамызға келіп, сабырымызды салмақтадық. Қатерлі кеселдің кесірінен келмеске аттанғандардың рухына тағзым етіп, дертке шалдыққандарға шипа тіледік. Аза тұту ақиқаттың айнымас көшірмесі екеніне көз жеткіздік.

«Әр қазақ – менің жалғызым!». Осылай деп тебіреніп еді-ау Сабыр Адай. Жанартаудай жүрегінен жалынға оранып, жалғанға жарқ ете қалған ақын сырына үңілдік пе сол кезде? Әй, қайдам… Жер жүзіне тарыдай шашылып, Атажұртын аңсаған қандастарымызды бір құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да биік мінберден ақынның дәл осы тәркесін қайталаған-ды. Оған де селт етер сергектігіміз сезілмеген. Үрей құшағындағы халқына Үндеу жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да кеше ғана дәл осылай күңіреніп, 13 шілдені Жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады.

Неге 13 шілде таңдалды? Сандар құпиясына үңілген ілім «13» санының көптеген ұлттар үшін сәтсіздік саны екенін айтады. Ежелгі скандинавиялық мифте үстел басында 12 құдай бас қосатын болған. Бірақ, үстел басына он үшінші болып белгісіз Лог есімді құдай кіріп келіп, бәрінің көзін жойған дейді. Ал, христиандарда бұл сан өте қатерлі болып саналады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған жылындағы сандарды (571 ж.) өзара қосқанда – 13 болады екен. Сондай-ақ, Константинопольды (қазіргі Стамбул ) мұсылмандар жаулап алған 1453 жылдың да сандарын өзара қосқанда «13» саны шығады. Осыдан барып, христиандар үшін бұл сан «сәтсіздік белгісі» саналады деген тәмсіл бар. Ал, біздің қазақ үшін ше? Қазақ дүниетанымындағы бір ғана күнді мысалға алсақ болар. 13 наурыз. Айдың осы жұлдызын ескі жылдың соңғы күніне балаған дала қазағы жыл басынан үлкен үміт күткен. Оның үстіне, ғасырлар бойы қанға бөккен ұлт тарихында он екі айдың 13-ші жұлдызына дөп келетін қаралы оқиға жоқ. Ендеше, бұл күн – үміт жұлдызы!

Дүркіреп жатқан дүние іштен тынып, күркіреп аққан өзен де тына қалғандай… Соққан желдің уілі «Елім-айдың» зарлы ырғағына ұқсайды. Тұмшалаған тіршілік, құрсап алған кесел… Көгілдір көктемнің көркін тайдырып, жайдары жаздың шуағын ұрлаған бір сүреңсіз күндер жетегіне адамзаттың ақ ордасы – алты құрлықты. Жаназаны хабарлау жарнамаға айналды. Мейрамханада мерейі тасыған жұрт жақынының мүрдесін алу үшін мәйітханада кезекте тұр… Аза тұтпағанда ше?!

Табиғат-Ана табыттар қоймасына айналып, Жер-Ананың жанарынан жас, жүрегінен қан тамшылап тұр. Қарағандыда шілде туғалы маңдайыңды қыздырып, таңдайыңды кеберсітер ыстық болған жоқ. Көгінен бұлт, елінен мұң арылар емес. Мұның өзі – Адамзат пен Табиғаттың ұлы үндестігі. Табиғат-Ана да бізбен бірге жақсымызды жоқтап, сабырын сарқып тұр. Аза тұтпағанда ше?!

Иә, кеше Алаш баласы қара жамылып, Аза тұту күнін де өткердік. Байрағымыз бен айбарымыз еңкіш тартып… Жайлауда кілең күзелген жылқы кісінейді. Қайтыс болған жақындарының қонақасын бере алмаған қаралы үйдің жылқысы. Азанын Аллаға арнаған үйдің қазанында қасіреттің қан сорпасы қайнап жатыр… Аза тұтпағанда ше?!

Аза тұту күні – қастерлі күн. Індеттің іріңін жұтып, мылтықсыз майданның құрбаны бол­ғандардың рухына құрмет көрсетілетін сәт. Үмітін үрей жалмаған қалың елді сабырға, қаралы үйді тоқтамға шақыратын күн.

Марқұмдарға иман байлығын, дертке шалдыққандарға шипалы ем берсін Һақ Тағала!

Біз – біргеміз!

Алаш азалы, қазақ қазалы болмасын!

Ерсін МҰСАБЕК.