Жаңалықтар

14. Түйе баққан Тасарал

Түйе десе, Каспий мен Арал маңы ойға оралады. Арқа жұрты үшін маң-маң басқан түлік таңсық. Дегенмен, соңғы жылдары Балқаштың солтүстік жағалауында қос өркештілер қарасы көбейіп келеді. Біз білетін Тасарал ауылының өзінде жарты мыңнан астам түйе бар екен қазір. Ежелден балықшылық кәсіппен атағы шыққан ауылға жақын күндері жолымыз түскен еді…

ҚОС ӨРКЕШТІЛЕР ҚАРАСЫ ҚАЛЫҢ

Тасарал әкімшілік бөліністе Ақтоғай ауданына қарайды. Балқаш қаласынан Алматы бағытындағы күрежолмен жүз шақырымдай жүріп, солға бұрылсаңыз жеткілікті. Бұйра белдерді асып өтсеңіз, ауылға тұмсық тірейсіз. Балықшы ауыл тынымсыз тірлігімен қарсы алады. Түйе сауып, балық арқалаған жұрт сіздің суыт жүрісіңізге де бәлендей назар аудара қоймайды. «Көл жағалап, қызық қуып жүрген көп қыдырмашының бірі болар» деп топшылар, бәлкім…

Көкше теңіздің жағасындағы шағын қоныс ертеден балық аулауда алдыңғы лектен көрініп келді. Бүгінде сол балықшылықпен қатар, Ойсыл қара түлігін өсіруге бет бұрғандар қарасы қалың. Екі жыл бұрын ауылдың тоқсан жылдық тойында түйе жарысын өткізіп, елді бір елең еткізіп еді. Өзге жұрт жылқыны әспеттесе, бұл ауылда мал төресіне құрмет бөлек. Қазір ауылдағы тоқсанға жуық шаңырақтың жартысынан көбі түйе ұстайды. Осындағы Әбіләкім Сағындықов ағамыз – қос өркешті жануарды өсіруді мықтап қолға алғандардың бірі. Бізге Әбекең үйінен дәм бұйырды.

АЛЛА АЛҚАП, МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАДЫ

Әбекеңе он жыл бұрын алғашқы түйе бітті. 2011 жылы жалғыз түйемен кәсіпкерлік құрды. Шұбатын саудалап, пайда табуға бел буды.

Арада бес жыл өте Алла алқап, мемлекет қолдауына ие болды. 2016 жылдың қарашасында 6 пайыздық несиеге қолы жетті. Мүлкін 4,8 млн. теңгеге кепілге қойып, 2,4 млн. теңге қаржы алды.

Заманның кең кезі, дүние – арзан, Әбекең осы 2,4 млн. теңгеге 7 түйе сатып алды. Әрқайсы 300 мың теңгеге бағаланды. Қалған 300 мың теңгені алда келе жатқан қыс қамымен жем-шөпке жаратты. Жеті інгеннің түгелі келесі жылы боталады. Бір малы екеу болды. Сөйтіп, табанды еңбектің арқасында Әбекеңнің шаруасы дөңгелеп жөнелді. Өмірін түзде өткізген ағамыз Балқаш маңы түйе үшін өте қолайлы жер екенін айтады.

– Малды өзінің табиғи ортасына сай жерде ұстау қажет. Шөл-шөлейтте сиыр, жылқы өсіру қиын. Шығыны да орасан. Мен ауылда бірінші болып қазақтың ақбас сиырын өсіріп көрдім. Бірақ, малым құтая қоймады. Ойлана келе түйені қолға алдық, – дейді Әбекең.

Ырысы еселенген кәсіпкер шұбатын сатып, жинаған ақшасына тағы да мал ала берді. Қазір сауында 14 інгені бар. Маңайдағы елден сұраныс зор. Сарышаған, Приозерсктегі жұрт алдын ала тапсырыс беріп қояды.

Түйе сүтті мол бермейді. Сүттісінің өзінен мықтаса, бір сауында бір литр шығады. Ал, Әбекең күніне екі мәрте сауады. Әлгі тапсырыс берушілер үш күнде бір елу литр шұбат әкетеді.

ДЕРТКЕ ШИПА ШҰБАТ

Жұрттың шұбатқа ерен қызығушылығының себебі бар. Қымыз сияқты шұбат та мың да бір дертке дауа. Шұбаттан шипа іздегендер көп

– 2011 жылы Приозерскінің бір азаматы келді. Қызы жаман ауруға шалдыққан, шашы да өспей қалған. Апармаған жері, қаратпаған дәрігері жоқ. Содан күнде таңертең қызын әкеліп тұрды. Жаз бойы жаңа сауылған сүтті ішкізді. Түйенің желінінен сауып алған бетте ашқарынға ішті. Күзге таман қыз бала дертінен айығып, шауып кетті. Келер жылы мектеп бітіреді, белінен келер шашы бар, – дейді Әбекең.

Алыстан ат арытып, емделгендер де баршылық. Көбінесе, ішкі органдар, қуық-несеп жолдары ауруы мазалағандар ем қабылдайды. Әбекең әр дертке қарсы пайдалану мөлшерін де анықтап қойған. Не қосатыны да белгілі. Мәселен, қуық-несеп жолдары ауырған адам ай бойы күніне екі мезгіл 300 грамм сүтке 50 грамм бота зәрін қосып ішсе, аурудан құлан-таза айығады. Осы күнге дейін қуық түбі безі қабынған үш адам бұл емнің шарапатын көргенін айтады Әбекең.

Ақсақалдың сөзін үйдегі жеңгеміз де қуаттайды. Бақытгүл Бақтыбаева – отыз бес жылдан бері ауыл дәрігері. Бұл кісі де шұбаттың емдік қасиетіне талай мәрте көзі жеткен жан. Қазір дүниені қысып тұрған індеттің бетін қайтаруда да шұбаттың қайраты барын айтады дәрігер.

– Біздің ауылдың жартысынан көбі түйе ұстайды. Және ауыл тұрғындары түгелі дерлік күнделікті шұбат ішеді. Соның арқасында болар, ауыл індеттен аман. Құдайға шүкір, осылайша, шұбатты тұтына берсек, пәлекет ауру ауылды айналып өтеріне сенімім кәміл, – дейді Бақытгүл Әбдіғалымқызы.

БАҚТАШЫ МЕН САУЫНШЫ ТАБУ ҚИЫН

Қазір Әбекеңнің малы қырда жатыр. Ауылдан 9 шақырым жерде. Ұзап кетерге жер таршылық.

– Бізде өріс, жайылым – проблема. Жер жоқ, маңайдың бәрі автожол, теміржол. Мал қысқа таман Мойынты жаққа қарай ауады. Мына жерде байласаң тұрмайды. Сол кезде үйден алыстап, тіпті, бағым қиындайды. Көзден таса қылсаң, жолға шығып кетеді, апат жасайды. Малың өлгенін қойшы, айыппұл төлеп, әрең құтыласың. Жоқ жерді қайдан аласың, бірақ. Күндіз-түні бағып отырмыз. Бақташы табу да қиын. Сауыншының мәселесі, тіпті күрделі, – дейді фермер. Әбекең сауыншыға ай сайын жүз мың теңге төлемек. Уақытында сауып, сүтін тапсырып отырса, жеткілікті. Әйтсе де, бұл жұмысқа әзірге ешкім келгісі жоқ.

Шаруашылық иелігінде 200 гектар жер бар. Бұл жер шабындық, жайылым ретінде пайдаланылып келеді. Қос тұрғызып, сауынды да сол жерде жүргізіп отыр.

ТҮЙЕНІҢ ТАБЫСЫ КӨЛ-КӨСІР

Фермер түйенің табысы көл-көсір екенін тілге тиек етті. Литрін мың теңгеден өткізетін шұбатпен бірге ет пен жүніне де қызығатындар жетіп артылады. Соғым кезінде еркегін сойысқа шығарып отырады. Ал, жүнін Алматы жақтағы шағын фабрикалардың делдалдары жылда жинап әкетеді.

Мая-мая шөп дайындаудың қажеті де шамалы. Көл жағасындағы қамыс-құрақтан қор жасап алса болғаны. Оны да боталаған інгенге қосымша азық ретінде береді. Әйтпесе, түйе – қысы-жазы далада жүретін жануар. Және көл маңында қар да жұқа түседі. «Егер, адам өзі ерінбесе, түйенің берері мол», – дейді Әбекең.

Шаруашылыққа шипажайлардан жиі тапсырыс түседі. Келісімшарт жасауға да ниетті. Тек, молынан сұрайды. Күніне 60-70 литр сүт тапсыруды міндеттейді. Әбекеңде әзірге мұндай күш жоқ. Тек, келешектен үміт етіп отыр. Мақсат – айқын, жоспар – нық. Тынымсыз еңбек бұл межеге жеткізбек.

СУРЕТТЕРДЕ:

  1. Шұбаттың жұпар иісін-ай!
  2. Фермер Әбіләкім САҒЫНДЫҚОВ – түйенің қадірін білетін жан.

Суреттерді түсірген Нұрдос КӘРІМ.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button