Ағаш егу акциясы басталды

Елдің экологиялық жағдайын түзету мақсатында Балқаш қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназия ауласында ағаш егу акциясы бастау алды. Шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру, көгалдандыру, қоршаған ортаның таза болуына атсалысуға шақырған аталмыш білім ұясының түлектері 100 терек отырғызды. Шараға қала басшысы Ораз ТӘУІРБЕКОВ қатысты.

Ағаш егу жұмыстарының барысын қадағалап, терек отырғызған қала әкімі экологиялық мәселелерге ағаш егу арқылы үлес қосуға болатынын айтты.

– Егер барлығы ағаш отырғызу бойынша іс-шараны қолдайтын болса, онда біз қаланы көгалдандыру бойынша өз мақсатымызға тезірек жетеміз. Бұл игі шараға барлығымыз қатысайық, – деді Ораз Тәуірбеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, берекелі істің бұл басы ғана. Бұған дейін Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназия «Үркер» түлектер қауымдастығы, «Экостарт» қоғамдық бірлестігі және білім беру мекемесінің ұжымы мұндай акцияны бірнеше рет өткізген. Өткен жылы қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында белсенділер 125 түп көшет отырғызған. Сонымен қатар, арнайы тәлімбақтан әкелінген төрт жастан асқан теректерге қорғаныс қоршаулары орнатылып, түлектер суаруды да қолға алып отыр. Ол үшін «Балқаш Су» мекемесімен келісім-шарт жасау жоспарлануда. Алдағы уақытта, суару шығындарының қаржысын «Үркер» түлектер қауымдастығы, өздері төлеп, бір маусымға шамамен 50 мың теңге көлемінде ақша бөлмекші.

Айта кетейік, алдағы сенбіде аталмыш игі шараны Балқаш қаласының Абай атындағы №2 лицей мен жалпы білім беретін №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектеп жалғастыратын болады.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.