Ресми

Цирфлық технология серпін береді

Қарағанды облысы кен орындарына бай. Сондықтан, жаңа технологияны пайдалана отырып геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезек күттірмейтін мәселе. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ қатысқан, аймақтағы минералды-шикізат базасын дамытуды арқау еткен кеңес, облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалымен өтті.

– Соңғы 10 жылда өңірдің жер қойнауын пайдалануға тартылған инвестиция көлемі үш есе өскен. Жер бетіне жақын кен орындарының қоры таусылуға таяу екендігін ескере отырып, Қарағанды облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологияларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Жаңа кен орнын табу мен оны қолданысқа енгізудің арасы 10-15 жыл болғандықтан бұл жұмысқа ертерек кірісу қажет, – деді М.Мырзағалиев жиын барысында.

Талқылау барысында минералдық шикізат базасы мыс, алтын, полиметалл және марганецті геологиялық барлау жұмыстарымен толығатыны айтылды. Мысалы, «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов геологиялық барлау жобаларын іске асыру және олардың келешегі туралы баяндамасында компания Қарағанды және Қостанай облыстарында 14 геологиялық барлау жобаларын іске асырып жатқанын айтты.

«Аталған жобаларға барлығы 9,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Компания өзінің жұмысында геологиялық барлау саласындағы жаңа жабдықтар мен технологияларды қолданады. Қазақстанда алғаш рет Озерное және Дүйсембай кен орындарында канадалық технологиялар бойынша жерүсті геофизика әдісі (OreVision IP, InfiniTEM) қолданылды, геофизикалық жұмыстардың дәстүрлі әдістемелерімен салыстырғанда зерттеулер тереңдігін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді» дейді Ғалым Нұржанов.

Айта кету керек, «Kazakhmys Barlau» ЖШС жұмыс жүргізіп жатқан учаскелерде цифрлық басқаруды іске қосқан Қазақстандағы алғашқы геологиялық барлау компаниясы. Бұл шара, өндірістік процестің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар геологиялық ақпаратты жедел түрде онлайн-тәртібінде алуға бағытталған. Геологтарға олардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін GPS навигаторлары да көмектеседі және төтенше жағдай туындаған кезде шұғыл хабарлама жібереді. Жыланды алаңында 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын орындау және қазылған жер асты кеңістігін модельдеу үшін дрон көмегімен тау-кен қазбаларын сканерлейді. Бұл технология Жезқазған өңірінде алғаш рет қолданылуда және өзінің геологиялық құрылысы жағынан күрделі кен объектілерінің құрылымын 1 шақырымға дейінгі тереңдікті зерттеуге арналған. Осы технология арқылы Жезқазған кен алаңының Жыланды маңайында 700 мың тонна мыс бары болжанған. Бұдан бөлек, компания Балқаш қаласында швейцариялық SGS компаниясымен бірлесіп халықаралық аккредитациясы бар талдау зертханасын құру бойынша жаңа жобаны іске қосты.

Кездесу барысында «Жәйрем КБК» АҚ Басқармасының төрағасы Сергей Бартош өзі басқарып отырған кен орнындағы жобаларды ортаға салса, «КазТрансГаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Бекзат Қылышбекұлы Шерубай-Нұра учаскесіндегі метан газының қорына геологиялық барлау және бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button