АймақОсакаров

Бағдарлама игілігі – баршаға

Облыстың аудан, қала аумақтарындағы ауылдар «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Ауыл – ел бесігі» сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында өздеріне жүктелген міндеттерді дер кезінде орындап, елдің әл-ауқатын арттыруға үлес қосуда. Атап айтсақ, Осакаров ауданы аумағында орналасқан төрт ауылда құрылыс және жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Мәселен, Осакаров ауданы, Қарағайлы ауылдық округінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2 жоба жоспарланған.

Алғашқысы – 2020 жылдың маусым айында Қарағайлы ауылына кіреберіс жолға жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары. Асфальт төсемі 10 мың шаршы метрге салынып, жоба құны – 30 млн. теңгені құраған. Жөндеу жұмысының нәтижесінде 8 жұмыс орны ашылып, оған аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 4 жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылыпты. Жөндеу жұмыстары «Қарағанды Жолдары» ЖШС күшімен жүргізілген. Екіншісі – биылғы жылдың маусым айында Коллективное ауылында басталған су мұнарасына ағымдық жөндеу жүргізу. Оның қаржылай құны – 7,2 млн. теңге. Мұнда 2 жұмыс орны ашылып, оның біреуіне аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылған.

– Жөндеу жұмыстарын «SAVVIDI» ЖШС тиянақты жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде су мұнарасын жасау жұмыстары істелуде. Мердігерлер 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жұмысты бітіруді жоспарлап отыр, – дейді Коллективное ауылдық округінің әкімі Еркін Әсербаев.

Ал, Қаратомар ауылдық округіннің орталығы Сенокосное ауылы (бұрынғы атауы – ХХV Партсъезд совхозы) 1975 жылы құрылған.
Сенокосное ауылы Қарағанды қаласынан 30 шақырым және аудан орталығы Осакаров кентінен 120 шақырым қашықтықта орналасқан. 2020 жылы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қаратомар ауылдық округі бойынша 569 адам тұрғылықты тұрса, оның ішінде, экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 286 адамды құрайды. 10-ға жуық этнос өкілдері өмір сүреді. Ауылдық округ аумағында барлығы тоғыз шаруашылык субъекті жұмыс істейді. Оның ішінде 5 шаруа қожалығы, 4 жауапкершілігі шектеулі cepiктecтiк бар.

Ауылдық округтің маңызды мәселелерінің бірі кіреберіс жолды жөндеу болыпты. Биылғы жылы Сенокосное ауылының кіреберіс 2 шақырым жолды жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүргізілген.

Ауыл әкімі Бахий Түсіпбековтің айтуынша, биылғы жылдың маусым айында ауылдың кіреберіс автожолына орташа жөндеу жұмыстарын «Дила Компани» ЖШС жүргізген. Автожолды асфальттау үшін республикалық бюджеттен 50 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бағдарламаны орындау үшін жұмыссыздар қатарынан 6 адам жұмысқа тартылғанын айта кеткен жөн.

Келесі Озерный ауылының 2 км су құбырына да ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат сомасы – 15 млн. теңгені құрайды. Бұл жөндеу жұмыстарына 2 адам жұмыспен қамтылыпты.

Ал, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 27 млн.250 мың теңге көлеміндегі қаржы Озерное ауылының №13 орта мектебінің шатырын толық жаңартуға бөлінген екен.

«Бүгінде шатырды жаңарту жұмысы аяқталуға жақын. Бар күшімізді салып, жұмыла жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, Екатеринбург-Алматы-Ералы тас жолының біздің ауылдың тұсынан өтетін 5 шақырымын орташа жөндеуге – жалпы сомасы 33 млн. 240 мың теңге бөлінді. Бұл жұмысты енді бастаймыз. Уақытылы аяқтау ниетіндеміз, – деді ауыл әкімі Арман Қаспақов.

Төртінші Ертіс ауылдық округінің де маңызды проблемасының бірі кіреберістегі 2 шақырым тас жолын жөндеу еді. Бұл мәселе «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына еніп, жөндеу жұмыстарын мердігер «Жол-строй 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылдың шілде айында жол жөндеу жұмыстарын аяқтады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ертіс ауылдық округі бойынша тағыда бір жоба бекітілді. Ол бойынша республикалық бюджеттен негізгі мектептің төбесіне ағымдық жөндеу жұмысына 5 млн.тенге қаражат бөлінді. Мұнда да аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 азамат жұмыспен қамтылды. Жөндеу жұмысын жүзеге асыратын негізгі мердігер «Арғынтінек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектептің 1111 шаршы метрге бөлінген төбесін жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың 10 тамызында толық аяқтады.

– Ауыл халқы бұл атқарылған жұмысқа риза болды. Өйткені, ауыл көліктері енді, «Қарағанды-Павлодар» тас жолы бағыты бойынша емін-еркін жүріп тұра алады. Ауыл халқының жағдайын ойлап, осындай бағдарламаларды жүзеге асырып жатқан жоғарғы билікке алғысымыз шексіз, – деді ауыл әкімі Сағат Хасенов.

Мемлекет тарапынан қолға алынған осындай мемлекеттік бағдарламалардың өз тиімділігін дәлелдеп жатқанын халық көріп отыр. Ел бюджетінен бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын да қырағы халық бақылауына алған. 

Жәлел ШАЛҚАР.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button