АймақЖезқазған

Берекелі бағдарлама

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде қызу қолға алынған “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020-2021” мемлекеттік бағдарламасы халықтың әл-ауқатын арттыру мен жұмыспен қамту ауқымын арттыруға, жасы отызға толмаған жастар арасында жұмыссыздықты қысқартуға бағытталған. Берекеге бастайтын бұл құнды құжат Жезқазған қаласы мен оның маңайындағы елді-мекенде де байыпты жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында жаңадан 1042 жұмыс орнын жасақтап, 550 адамды жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен орналастыру ойластырылған. Облыстық деңгейдегі төртеуін қоспағанда, 3 млрд. 898 млн. 64 мың теңге қаржы игеріліп, 36 жоба орындалады. Оның бір парасы төмендегідей.

СПОРТТЫҚ НЫСАН – НАЗАРДА

Жезқазғандықтар спорттың 26 түрімен айналысады: оның 12-сі — олимпиадалық, үшеуі — ұлттық. “Ұлытау” спорт сарайы, “Металлург” стадионы, спорт-сауықтыру кешені, “Таэквондо” спорт орталығы, “Намыс”, “Чемпион”, “Бірлік”, “ММ ФИТ” және “Олимп” спорт клубы, спорт мектебі тұрғындар игілігінде. Былтыр 9 спорт шебері, 24 спорт шеберлігіне үміткер, 17 1-разрядты спортшы даярланды.

Өткен жылы 6 республикалық және 10 облыстық чемпионат, 25 республикалық турнир, студенттер мен оқушылар арасында 102 қалалық біріншілік пен турнир өтті. Биыл карантин жапа-тармағай жарыс өткізуге кедергі келтіргенімен, мамандандырылған олимпиадалық резервтік балалар-жасөспірімдер мектебінің бірнеше спорттық нысанын жаңғыртуға мүмкіндік туды.

“Ұлытау” спорт сарайының алдына сырғыма саты (пандус) орнатуға 12 мамырда кіріскен “ЭкоСтрой 2015” ЖШС жоспарланған жұмысты 25 маусымда аяқтамақ. Ал, шатырын жөндеуді мамырдың басында қолға алған “А.Ж.А.Р.-4” ЖШС істі 4 шілдеде тиянақтамақ. Талай байрақты бәсекенің тұғыры болған “Металлург” стадионы бүгінде қауырт құрылыс алаңына айналған. Мұнда “EVER” ЖШС 4 мамырдан бері футбол алаңы мен жүгіру жолына ағымдағы жөндеу жүргізуде. Амандық болса, 3 қыркүйекте стадион есігін айқара ашады.

СӘНІ КІРГЕН СУБҰРҚАҚ

Қазір жаздың алғашқы айы әлі аяқталмағанына қарамастан, күннің қызуы еріксіз көлеңкеге итермелейді. Алда апшыңды қуыратын шіліңгір шілде мен күндіз түгіл түнде тынысыңды тарылтатын тымырсық тамыз тұр. Ал, жартылай шөлейтті Жезқазған жағын мекендеген жұртшылық үшін субұрқақ соншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ол — шаһардың сәні ғана емес, бір мезгіл отбасыңмен серуендейтін оңтайлы орын.

“Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021” бағдарламасы аясында Алғашқы құрылысшылар алаңындағы, Ғарышкерлер желекжолындағы және “Наурыз” саябағындағы субұрқақты жөндеу қарастырылған. Жасалған келісімшартқа сәйкес жалпы 53 миллион теңге қаржы игеріледі, қырықтан астам құрылысшының жартысы жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келеді. Жобаны жүзеге асыратын мердігер — “Медет” жеке кәсіпкерлігі.

Негізі металлургтер мекенінде субұрқақ маусымның алғашқы аптасында қосылды. Ал, жөндеу жұмысы жүргізілген кезде насос жабдығы жаңартылады, түрлі-түсті жарық қондырғысы қойылады, ішінара плитка айырбасталады. Алғашқы құрылысшылар алаңындағы он бес адам, оның ішінде жетеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы, жұмылдырылған субұрақты жөндеу бітті десек те болады. “Жаңа насос пен қосымша шырағдан қойылды, плитка айырбасталды, қалғаны — саздыдыбыс қондырғысы” дейді мердігер өкілі.

“ТАЛАПТА” ІС ТИЯНАҚТАЛУДА

Қаланың іргесіндегі “Талап” — кезінде металлургтер мекеніндегі тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз еткен шалқыған шаруашылық еді. Жұдырықтай картобының, бәкінің ұшы тисе қақ айрылар қарбызының, көз тартар қызанағы мен қиярының дәмін жезқазғандықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың “топалаңы” “Талапты” да тығырыққа тіреді. Бірақ, бүгінгі әңгіме бұл туралы емес. Ел ендіенді есін жиып келеді.

Биыл мұнда “Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021” бағдарламасының шапағатымен шаруашылық-ауызсу таратқышын жаңғырту жұмысы тиянақталуға таяу: таратқышты дезинфекциялап, су жіберу қалды. Жобаны жүзеге асыру жаңадан жұмыс орнын ашуға және ауылды таза сумен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы көлемі 5 899 мың теңгенің жұмысын атқаруға міндеттенген “Медет” жеке кәсіпкерлігі Бектепбергенов көшесіндегі 750 метр су құбырына ағымдағы жөндеу жүргізді, екі өрт гидрантын, қақпақ пен ысырма орнатты. “Медеттің” тағы бір мерейлі ісін айта кеткен артық болмас: ауыл әкімі мен ақсақалдарының өтінішіне орай Ораза кезінде көп балалы отбасы мен мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратын үйдің су құбырын жаңа желіге қосып беріп, көпшіліктің батасын алды.

“КЕҢГІРГЕ” КЕЗЕК КЕЛДІ

“Жұмыспен қамту жол картасы 2020-2021” бағдарламасына “Кеңгір” ауылдық округінен бес жоба енгізілген. Оның үшеуі жүзеге асты, қалған екеуіне қатысты қауырт жұмыс жүргізілуде. Жалпы мемлекеттік бағдарлама аясында белгіленген іс-шара биылғы қазанға дейін толық аяқталады.

Ауылда кәріз және су құбыры желісіне ағымдағы жөндеу жүргізілді, 96 метр құбыр мен кәріз айырбасталды, құдықтарға қақпақ қойылды. Тұрғындардан түскен өтінішке орай орын алған олқылық уақытылы жойылды. Үйдің іргесіне бау-бақша егетін отбасы үшін мұның қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті.

Көшені жарықтандыру — ауыл үшін де аса маңызды мәселе. Жаңадан орнатылған 18 баған мен диодты 18 шырағдан электр қуатын үнемдеуге оң ықпал етіп қана қоймай, ауылдың түнгі тынысына тың сипат берді. Сондай-ақ, бұрыннан тұрған 58 шырағдан айырбасталды.

Кезінде мал тұқымын асылдандыруда елде көшбасшы болған “Кеңгірден” күй кете бастағаны қашан?! Қаздай тізілген қораның қазір қаңқасы ғана қалған. Жұртшылықтың айналдырғаны — қорасындағы азын-аулақ малы мен үйінің іргесіндегі бау-бақша. Биылғы өзгеріс кеңгірліктердің көңілінен шықты.

P.S. Мемлекеттік бағдарламаға қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 1 млрд. 850 млн. 607 теңге игеру, 195 адамды жұмысқа орналастыру көзделген 29 жоба енген. Қазір алтауы жүзеге асырылды, төртеуі осы айда аяқталады, қалғанында жұмыс жалғасуда. Олардың қатарында Ғарышкерлер желекжолының бойындағы аула мен “Қазақстан” композициясының маңын абаттандыру, 7-8 мөлтекауданда канализациялық желіні — ағымдағы, Холмецкий көшесін — орташа, жылу-электр орталығынан Қорғанбай ауылына дейінгі 30 шақырымдық жолды орташа жөндеуден өткізу, тағы басқасы бар.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button