Жаңалықтар

12. ««REN-Milk»: құт болып құйылған сүт

Күміс бөшкелі «ГАЗ» таң қылаң бере күрежолдың бойында жатқан аядай ауылға кірді. Арада ет пісірім уақыт өте кері асықты. Өзен жағалай қонған ауылдарды қуалай жүріп қаладан 200 шақырым ұзап кетіпті. Күн төбеге тырмысқанша фабрикаға ілігуі тиіс. «ГАЗ-ды» тізгіндеген жас жігіт газды баса түсті. Жер апшысын қуырып барады. Бөгелсе, бөшке толы сүттің рәсуә болар қаупі бар…

Теміртау қаласындағы «REN-Milk» ЖШС-не іргелес өңірлерден күніне 70 тонна сүт жеткізіледі…

1. Кәсіпорын директоры Василий РЫЧКОВ.

ТОҚЫРАУДАН КЕЙІН БОЙ ТҮЗЕДІ

«REN-Milk» ЖШС – Тәуелсіздік жылдарында еңсе тіктеген кәсіпорын. 1998 жылы құрылды. Бұған дейін мұнда Теміртау сүт зауыты жұмыс істеді. Алайда, тоқырау жылдарында кетеуі кеткен зауыт екі жыл іркіліп тұрды. Ұры-қары торуылдап, кәсіпорынның біраз мүлкі қолды болды. Тез арада қолға алмаса, бір кездері дүрілдеген зауыт орнында түк қалмасы белгілі еді.

Жаңа кәсіпорынды іске қосуға сегіз ай кетті. Тек, 1999 жылдың мамырында алғашқы өнім конвейерден түсті. Серіктестік директоры Василий Рычков ең бірінші рет небары екі тонна сүттен өнім алғандарын айтады.

– Екі тонна сүттен сүт пен айран жасадық. Көлденең жұртқа күлкілі көлем, әрине. Бірақ, тұралап барып, қайта тұрған кәсіпорын үшін бұл екі тонна өте маңызды көрсеткіш еді. Біздің тұрақты тұтынушымыз сол кездегі «Испат-Кармет» болды. Шахта-зауыттар үшін алатын. Қазіргідей алып тоңазытқыш, камералар жоқ. Дайын өнімді дереу таратпасаң, бұзылып кетеді. Сөйтіп, біз жылдам жұмыс істеуге мәжбүр болдық, – дейді директор.

Уақыт өте «REN-Milk» бренді халық арасында кеңінен таныла бастады. Өндіріс ошақтарынан бөлек, қарапайым тұрғындар тарапынан да қызығушылық артты. Тиісінше, зауыттың өндірістік қуатына да қуат қосылды.

Тоқсаныншы жылдары шикізат табудың өзі қиындық тудырды. Бұрынғы совхоздар жоқ. Сүт жинау – шөп үстінен шық жинағандай машақатты. Дегенмен, заман түзеле сүт тапсырушылар қатары да ұлғайғаны рас. Елге қайта мал бітті. Зауыт күніне ондаған тонна сүт қабылдауға қол жеткізді. Сүт жинайтын аумақ географиясы кеңейді. Және дүкендер желісі ашылды. Бүгінде «REN-Milk-тің» оннан астам павильоны бар. Олар Қарағанды облысы аумағында, ел астанасында орын тепкен.

2. Реттеуші Александр ДУНАЙЦЕВ пен оператор Елена БЕЙСЕНБАЕВА айран құюға кірісті

ЖИЫРМАДАН АСТАМ ӨНІМ БАР

«REN-Milk» күнделікті жеткізілген сүттен өнім дайындайды. Бұл сүт іргелес Нұра, Абай, Осакаров, Қарқаралы аудандары мен Ақмола облысының оңтүстік өңірлерінен жиналады. Директор Василий Эдуардович шикізаттың әлі де қиындық тудырып отырғанын айтады.

– Белорусь әріптестеріммен жиі сөйлесіп отырамын. Сүтті, әрі кетсе, зауыттан 25 шақырым ұзап барып жинап алады. Сиыр фермалары көп. Ал, бізде бір машина 200 шақырымға дейін барып қайтады. Әрі – 200, бері – 200. Біздің шығынымызды естігенде, белорусьтер жағасын ұстайды, – дейді директор.

Әрине, бұл – барлық сүт фабрикаларының басындағы жағдай. Сүтті сиыр фермаларын көбейтпей, мәселені шешу мүмкін емесі анық. Әзірге, фабрикаға жергілікті жердегі сүт жинаушылар көмекке келіп отыр. Олар елдімекендегі бар сүтті дайындап қояды.

Фабрика литрін 97-150 теңге аралығында сатып алады. Яғни, сүттің құны көлеміне байланысты. Көп жинасаңыз, қымбатқа өткізесіз.

Қазір сүт мол. «Ал, күн суытқанда 9-10 тоннаның басы құралса, шүкір» дейді фабрикадағылар.

Кейінгі жылдары сүт таситын әр көлікке навигация желісі орнатылды. Арқа қысының қаһары аян, дала кезіп, қыр асып кеткен көліктердің апталап хабарсыз кеткен кездері де болған. Елсізде қалып, пұшайман халге түскен шопырларға көмек көрсетуде аталған жерсеріктік жүйенің пайдасы тиіп отыр.

Міне, үлкен күшпен фабрикаға жеткізілген сүт бірден танкерге құйылып, өңдеуден өтеді. Кейін бұдан жиырмадан астам өнім түрі жасалады.

ТІЛІ ҚИЫН ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПРОЦЕС

Қабылдау пунктінде сүт суытылады, тазартылады. Әрқайсы 6 тонналық танкерлер тұр. Әбден тазарып, суыған сүт аппараттық бөлімшеге өтеді. Осы жерде тағы бір мәрте тазартылып, пастерленеді. Және қажеттілігіне қарай цехтарға бөлінеді. Ірімшік пен майға, айран мен қаймаққа дегендей. Ауысым шебері Елена Коротеева технологиялық процесті жетік біледі. Бізге жол көрсетіп, бастап жүрді.

Айран дайындау біраз уақытты қажет етеді. Алдымен сүтті арнайы ашытқы салып, үлкен бөшкеде ұйытады. 37-42 градуста 6-8 сағат ұстайды. Жиі-жиі қышқылын тексеріп, дәмін алып отырады. Жалпы, өнімнің сапасын қадағалайтын зертхана бар фабрикада. Кез келген өнім зертханадағы қыз-келіншектердің рұқсатынсыз сыртқа шықпайды. Міне, айранның да сапасы осы мамандардың бақылауында. Күніне майлылығы 1,5 пайыздық айранның 14-15 тоннасы тұтынушыға жол тартады.

Алып сеператорда сүттен қаймақ айырады. Одан май шайқайды. Ауылдан жеткен сүттің майлылығы – жазда 3,2 пайыз. Қысқа қарай 4 пайызға жетеді. Қаймақты аппаратқа қотарып, шайқағанда 72,5 пайыздық май алады. Қазір цех майды көптеп дайындауда. Себебі, «ең дәмді май осы мамыр-маусым айларында алынады» дейді. Көк шөп барда майдың құнары да жоғары болмақ. Май мен ірімшікті молынан әзірлеп, тоңазытқыштарға тығып жатыр. Қыста саудаға шығарады.

«REN-Milk-тің» балмұздағы ертеден танымал. Қарағандылықтардың сүйікті асына айналып үлгерген. Бізге сол балмұздақты құю сәтін көру мүмкіндігі бұйырды. Ресейлік қондырғыда сүт, қант, қаймақ, басқа да дәмдеуіштер бір күн тұрады. Араласып, қоймалжың қалыпқа енеді. Ертесіне балмұздақ цехындағы мамандар дайын қоспаны стақандарға құйып, мұздатқышқа тоғытады.

Балмұздаққа жаз кезінде сұраныс көп. Алида Кенжетаева есімді бойжеткен бір ауысымда 1,2 тонна балмұздақ құйылатынын айтты.

Ірімшік қайнатушы Ирина Бонарева фабрикада 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ірімшік қайнату ісінің шеберіне айналды бүгінде.

– Біздің цехта 10 науа орналасқан. Бір науаның көлемі – 2 тонна. Аппараттық бөлімнен қайтқан сүтті осы науаларға құйып, ашытамыз. Мәселен, кешке, ауысым соңында құйып кетеміз, таңертең дайын. 8-9 сағат жеткілікті. Қышқылдылығын тексереміз. Егер, талапқа сай келсе, қайнатамыз. 40 минут-1 сағат қайнатсақ болғаны, – дейді Ирина Игорьевна.

Қайнаған ірімшік сүзіледі. Кейін суыту бөлмесіне жөнелтіледі. Салқында 8-9 сағат тұрады. Суыған соң қоймаға жол тартады. Қыс мезгілінде ел таласа сатып алатын ірімшіктеріңіз – осылар. Әр науадан 200 келі ірімшік шығады.

Фабрика аумағында санитарлық талаптар қатаң сақталатын аймақтардың бірі – құю цехы. Мұнда сіз бен біз дүкен сөресінен көріп жүрген қапшық-қораптарға айран-сүт құйылады. Толық зарарсыздандырылған ғимаратта мүлде бактерия болмауы тиіс. Әйтпесе, тонна-тонна сүт дүкенге жеткенше ашып кетіп, кәсіпорын шығынға батады. Және оны ішкен адамның да ауырып қалуы бек мүмкін.

Аппараттық бөлімшеден пастерленіп келген сүт «Финпак» аппаратында құйылады. Автоматтандырылған құрылғы өнімнің салмағын өлшеп, құрамын қадағалап тұрады.

Мұнда бір ауысымда 7 оператор, 4 реттеуші қызмет етеді. Технологиялық процестің бар жүгі – осы жандардың мойнында.

Компания өнімдері ұзақ сақтауға жарамайды. Ұзаса, он күн. Одан кейін қоқыс жәшігіне тастай беріңіз.

3. Кәсіпорын ірімшігі.

ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДАР ҚАЖЕТ

Қазір «REN-Milk-те» бес жүзге жуық адам еңбек етеді. Теміртаудан бөлек, көршілес қала-ауылдардан қатынайтындар қарасы қалың. Десе де, кәсіпорын директоры кадр тапшылығы бар екенін айтады. Негізінен, техникалық қызмет көрсету саласының мамандары қат. Қазір фабрика жастарды оқыту, кадр дайындау мәселесіне көңіл бөліп отыр. Әйтпесе, дайын маманды ешкім жетелеп әкеліп бере қоймасы анық. Елімізде техникалық мамандарды даярлау ісіне әлі де болса баса көңіл бөлу қажеттігіне дәлелдің бірі – осы.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button