«IT-weekend.kz – 2018»: цифрлы Қазақстан қандай болмақ?
Адамзат жемқорлық ұғымын ұмыта бастады. Өйткені, зыр жүгірген роботтар пара алмайды. Келген адамды күлімсірей қарсы алып, толғандырған сауалының жауабын әп-сәтте тауып береді. Анықтама үшін қаланың екінші басына сабылудың керегі жоқ. Бәрі компьютерге енгізілген. Қажетті батырманы бассаңыз жетіп жатыр. Ұзын-сонар кезек, бітпейтін қағаз жинау деген әуре-сарсаң атымен жойылған… Бұл фантасикалық фильмнің сюжеті емес, Елбасымыз ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асқан кезде орнайтын қоғам көрінісі.
ІТ-технологиялар көрмесі
«Нұр Отан» партиясының ғимаратында «IT-weekend.kz – 2018» ІТ-технологиялар көрмесі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен көрменің мақсаты – жастардың сандық технологияға деген қызығушылығын арттыру және оның артықшылықтарын қоғамға түсіндіру.
Көрмеде отандық компаниялар азаматтардың тұрмысын жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған жобаларын ұсынды. Мәселен, елордалық «Самғау» холдингінің балабақшаға электронды кезекке тұру және жолдама алу, мектепке электронды жолдама алу тәрізді қызметтері қарапайым халықты қағазбастылық машақатынан құтқарады. Дәл осы компания ұсынған «webkassa» қызметі кәсіпкерлердің ерекше қызығушылығын оятты. Мәселен, бұрын кәсіп бастаған азамат кассалық аппарат сатып алуы керек болатын. Енді, оны телефонына орнатып алуына болады. Онлайн қызметтің бағасы да айтарлықтай арзан.
Көптің көзайымына айналған тағы бір экспонат – «Қазпочта» АҚ ұсынған «Қуаныш» есімді робот. Алдына келген жанмен күліп амандасып, қойылған сауалға әп-сәтте жауап беріп тұрған роботты қызықтаушылар да көп болды. Почта мамандарының айтуынша, Қуаныш әзірге тек орысша сөйлейді. Алдағы уақытта қазақ және ағылышын тілдерін де еркін меңгеріп, үш тілде қызмет көрсетеді.
Көрмені тамашалауға мыңға тарта қарағандылықтар келіпті. Олар голивудтың фантастикалық киносына еніп кеткендей әсер алғандықтарын айтуда.
«IT-weekend.kz – 2018» форумы
Қала сыртындағы «Derbyvillage» клубында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «IT-weekend.kz – 2018» «Цифрлық технологиялар қоғамдық мүддеде» бірінші халықаралық ІТ-форумы өтті. Шараның мақсаты – ІТ-мамандардың тиімді тәжірибелерін таныстыру және отандық ІТ-компаниялардың дамуына жағдай жасау.
Форумға облыс әкімі Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Қазақстанның және әлемның IT саласындағы жетекші мамандары, ғылым мен білім, бизнес саласының өкілдері, сонымен қатар жастар мен студенттер қатысты.
Еркін форматта өткен ауқымды жиын елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның Қарағанды облысында өтуінің де өзіндік сыры бар. Біріншіден, Қарағандыда мықты математикалық мектеп қалыптасқан. Қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждер бәсекеге қабілетті, білімді де білікті мамандарды тәрбиелеп шығаруда. Екіншіден, қарағандылық ІТ-мамандар әлемнің жетекші компанияларымен жұмыс істеуде. Қаладағы ІТ-компаниялар отандық және шетелдік ірі кәсіпорындардың күрделі тапсырмаларын орындап, сенімге ие болған.
Форумды ұйымдастырушылар мұндай форматтағы кездесулер білімді жастардың жолын ашып, жаңа жобалар мен бағдарламаларды дамытуға оң ықпал етеріне сенімді.
Жаңа технология – даму драйвері
Қаланың дәл іргесінде орналасқан «Derbyvillage» клубына жету үшін бір жарым сағатқа тарта уақыт жұмсайсыз. Әсіресе, күздің қолайсыз ауа-райында жолдың жайы тіптен ауырлап кеткен. Белуардан балшық кешкен көліктің қозғалысы қиындап, адамды мезі етеді. Алайда, бұл уақытша қиыншылық. Форумның ашылу салтанатында сөз алған Облыс әкімі Ерлан Қошанов қонақтардан жолдың нашарлығы үшін кешірім сұрап, келер жылға дейін бұл мәселені жоюға уәде берді.
– Біз экономиканың барлық саласын бірдей қамтып, дамыту үстіндеміз. Қазіргі таңда Қарағанды облысында ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Көлік қатынастарын реттеу мен қалыпқа келтіру мақсатында жолдарды жаңғыртып, заманға сай жөндеуден өткізу үстіндеміз. Сондықтан, тұрғындар айналма жолмен жүруге, уақытша қиындық көруге мәжбүр. Бірақ, бұл шешімін табатын мәселе. Келесі жылға дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, халық тақтайдай тегіс жолдың қызығын көреді. Әкім ретінде бұған уәде бере аламын, – дейді Ерлан Қошанов.
Елбасымыз Қазақстан Республикасын әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елінің сапына енгізу керектігін айтқан болатын. Бұл тапсырманы қалай жүзеге асырамыз? Ол үшін не істеу керек? Облыс әкімі Ерлан Қошановтың айтуынша, қоғам барлық жағынан дамуы тиіс. Әсіресе, жаңа технологияға ерекше зейін аудару керек. Сол кезде ғана біздің үздік отыздыққа ену мүмкіндігіміз артады.
– Кеңес дәуірінен мұраға қалған ескі құрылғыларды қолданып, бәсекеге қабілетті бола алмайтынымыз анық. Дамуды ойласақ, жаңа технологияны дамытуымыз керек. Ескі дүниелер күткен нәтижені бермейді. Мәселен, бізде ІТ-технологияны ауыл шаруашылығында қолданып, жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Олардың шаруашылығында болдым, егістіктен түскен өнімнің сапасы мен көлемі өзгелерден көш ілгері екенін көрдім. Осындай жандарға қолдау көрсетіп, насихаттауымыз керек. Сол кезде даму болады, еңбек өнімділігі артады, – дейді Ерлан Жақанұлы.
«Хакатон» мәресіне жетті
«IT-weekend.kz – 2018» форумы аясында өткен «Хакатон» бизнес-идеялар сайысы мәресіне жетті. Инновациялық марафонға облыстың алты университетінен 23 команда, 106 студент қатысты. Қазылар алқасының құрамында облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мамандары, отандық және шетелдік білікті ІТ-мамандар болды.
Үш күнге созылған байқау барысында студенттер қарапайым тұрғындардың өмірін жеңілдетуге бағытталған жобаларын таныстырды. Байқаудың бас жүлдесі Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің студенттері жасаған «Жанүміт» қосымшасына берілді. Бұл қосымша қарттарға, мүгедектер мен науқас адамдарға күтуші медбике табуға мүмкіндік береді.
– Байқауға қатысқан командалардың барлығы мықты болды деп айта алмаймын. Кейбір командалар берілген тапсырманы орындай алған жоқ. Әйтсе де, үздік атануға лайықты командалар да болды. Үш күнде сайт, қосымша жасап, өз идеяларын таныстыра білген студенттерге ерекше алғыс айтқым келеді. Олар жеңіске лайық, – дейді қазылар алқасының төрағасы Александр Дорошенко.
Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Әрі форумға қатысқан ІТ-мамандар алдағы уақытта қызықты идея ұсынған студенттермен бірлесе жұмыс жасап, жобаны дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Қарағандыны «Силикон аңғары» етуге болады
Елбасымыз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында елдегі ақпараттық технологиялар саласын дамытуға барынша күш салуды тапсырған болатын. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін қызыл империяның құрсауында болып, сыртқы әлеммен байланысын үзіп алды. Шетелдіктермен тәжірибе алмасу, білім игеру тіптен мүмкін емес еді. Десек те, қазір заман өзгерді. ІТ-технологияларды дамытуды мемлекет өз қамқорлығына алып, қажетті қолдау көрсетіп келеді. Айтарлықтай нәтижелер де бар. Қазақстандық ІТ-мамандар әлемдегі алдыңғы қатарлы компанияларда жемісті еңбек етіп жүр. Мәселен, жерлесіміз Борис Жилко бағдарлама жасау ісін үш айда меңгеріп, Google, State Street Bank (Чикаго) тәрізді алпауыт компанияларда жетекше маман лауазымын иеленген. Ал, ол компанияға жұмысқа тұру АҚШ бағдарламашыларының өзіне орындалмас арман көрінеді. Бұл дегеніміз Қарағанды қаласында ІТ-мамандар мектебі қалыптасып үлгерді және бәсекеге қабілетті маман дайындай алады деген сөз. Енді оны әрі қарай дамытып, қазақстандық «Силикон аңғарына» айналдыру керек.
– Соңғы уақытта білімді жастар елден кетіп жатыр деген сөз жиі айтылады. Өкінішке қарай, бұл ащы шындық. Дәл қазір Қазақстанда білікті мамандар көп, бірақ, оларға сай келетін компания жоқ. Сондықтан, сыртқа кетуге мәжбүр. Біздің алға қойған басты мақсатымыз – осы кемшілікті жою. Қарағанды облысының әкімдігі өңірдегі ІТ-технологияны дамытуға барынша қолдау көрсетуге әзір. Бізден ұсыныс қана күтіп отыр. Алдағы уақытта біз қаладағы ІТ-компаниялардың басын бір жерге қосып, орталық құруды ойлап отырмыз. Ол үшін лайықты ғимаратты да тауып қойдық. Орналасқан жері, құрылысы бізге сай келеді. Қазір, ғимараттың иесімен келісім жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта онда «Силикон аңғарының» қазақстандық үлгісін ашу ойымыз бар. Мыңға тарта стартап жобаларды бір жерге біріктіріп, тапсырыс беруші табу, қаржыландыру мәселесін шешіп береміз, – дейді «WOOPPAY» төлем жүйесін дамыту директоры Александр Дрошенко.
Егер бұл жоба жүзеге асып жатса, ел экономикасын өрістетуге айтарлықтай үлес қосары анық. Америка экономикасының қарқынды дамуына «Силикон аңғары» айтарлықтай үлес қосты. Стэнфорд университетінің ректоры Фредерик Термен әрбір бітірушіге компьютерлік технология саласында өзінің жеке компаниясын ашуға үгіттеді, тапсырыс беруші табуға көмектесті. Осының нәтижесінде, Стиф Джобс пен Билл Гейтс әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Ал, олардың компаниялары шығарған өнімдер күні бүгінге дейін адамзаттың игілігіне қызмет етуде. Бір ғана, Билл Гейтстің жеке есепшотындағы қаражаты кейбір жекелеген мемлекеттердің бюджетін он орап алады.
Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген екен. Американың сәтті тәжірбиесін өз елімізде қолданып, дамытып жатсақ несі айып?!
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»