Баған

Ойланбағанның түбі – ойран

Адамзатты күнделікті қалыпты тіршілігінен алыстатқан тәж вирусы таралғалы бері елімізде төтенше жағдай жарияланып, көптеген карантиндік шектеулер қабылданғаны баршамызға мәлім. Соның ішінде той-жиындарды тоқтата тұру мәселесі де бар. Алайда, адамнан айла артылмайды екен, бүгінде жер-жерде тығылып той жасап жатқандар да кездесіп жатыр.

Карантиндік шектеулер мемлекеттің басты байлығы болып есептелетін – адам денсаулығы үшін қабылданғаны айдан анық. Өйткені, қыр-сыры әлі толық зерттеліп болмаған вирустың дәл қай жерде екенін ешкім білмейді. Жалпылама ауада жүр дейміз. Осы орайда жоғарыдан қабылданған шешімдерді қатаң сақтаған көрші елдердегі эпидемиологиялық жағдайдың біршама жақсарып қалғанын да айта кету керек. Өкінішке қарай, еркінсіген сайын аты жаман инфекцияның жағадан бүре түсетінін біздің көпшілігіміз ескерер емеспіз. Олай деуге өңіріміздің әр жерінде тығылып той-томалақ өткізген тұрғындардың тәртіпті белшесінен басып жатқаны себеп болып отыр.

30-50 шақты адамды жинап қыз ұзату, беташар жасау және отбасылық жиын өткізгендерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салғандарды көрдік. Әлбетте, қиын-қыстау кезеңдегі қатаң тәртіпке бағынбай, той жасаған адамдарға сексен мың теңге көлеміндегі айыппұл соншалықты ауыр болмауы да мүмкін. Алайда, туыстар мен дос-жарандар жиылған қызықшылықта қол алыспай, құшақ жайылмай тұрмайтынын ескерсек, бір адамға абайсызда жармасқан ауру өзге адамдардың денсаулығына да қауіп төндірмей ме?! Әрине, пәлекеттің бетін аулақ қылсын. Бірақ, вирус жұқтырып, өкпесі қабынып, талай адам бақилық болып жатқан заманда қуаныштың соңын қайғыға ұластырудың не қажеті бар?!

Аталған жағдайға байланысты өз пікірін білдіріп жатқандар көп.

«Қазір көптеген адамдарға зиянын тигізіп жатқан нәрсе ол – қиындықпен келіспеу. Яғни, карантин талаптарын елемейтіндер «ол ауру маған жұқпайды» деген оймен емін-еркін жүр. Содан кейін жан-жақтан әсер еткен факторлар оларды тығырыққа тіреп, агрессия және селқостыққа жол беріп, «не болса, о болсын» деген оймен осындай жауапсыздықтарға барады. Тағы бір мәселе – бойымызға батпандап кірген тоғышарлық пиғыл. Өзгелерге өткізген сыйлығын қайтару үшін заңбұзушылыққа барып, той жасайтындар да бар. Жантану ғылымында «ақиқатты танып, сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет жасасаңыз, ішкі тыныштық орнайды» деген теория бар. Мұны түсінген адамдар ешкімге қиянат жасамайды, яғни, өзгеге зиянын тигізбеуге тырысады. Адамдар ойлана білгенде ғана өзіне зияны тиетін әрекеттерден тыйылады» дейді психолог Қаракөз Қыдырбекқызы.

Тап қазіргі қысылтаяң сәтте газет беттері мен әлеуметтік желілер қаралы хабарға толып кеткені аян. Қаншама алыс-жақын адамдардың қазалары қабырғаны қайыстырып барады. Жоғарыдағы пікірлерге зер салсақ, қиындық пен қайғының көбеюіне өзіміз себепкер болып жатыр екенбіз. Егер әр адам өзі мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын қатаң сақтаса, жағадан алған індет тезірек сейілер еді. Тәртіп бұзғандар айыппұлмен құтылып кетер. Алайда, өмірден өткен адамдарды қайтару мүмкін емес. Ойланатын сәт әлдеқашан жеткен, тек біз кешігіп жатырмыз. Жақыныңызға, жалпы адамзатқа жанашыр болыңыз.

Бауыржан ЕРМАН,

журналист.

Басқа материалдар

Back to top button