Анна КНАУС: «Емдеу жүйелі болуы керек»

Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі сейілген жоқ. Дегенмен, қазір дәрігерлер науқастардың азайғанын айтуда. Науқастармен бетпе-бет жұмыс істеген инфекционист дәрігер, профессор Анна КНАУС ем жүргізу ерекшеліктері туралы айтып, кеңестерімен бөлісті.

– Анна Александровна, сіз алғашқы кезде COVID-19 бойынша инфекциялық бөлімнің дәрігері ретінде емделушілермен тығыз қарым-қатынас жасадыңыз. Науқастардың жиі айтатын шағымы қандай болды?

– Коронавирус инфекциясы жайлы ақпараттың мол екендігіне қарамастан, оны жұқтыраған адамдарда вирус туралы сұрақтар көп болды. Емделушілердің басым бөлігі стационарға түспес бұрын үйлерінде түрлі антибиотиктермен емделгендерін айтады. Бірақ, жағдайы жақсармаған. Бұл ретте бұл аурудың инфекция екенін есте ұстау керек. Барлық инфекциялық аурулар сияқты ол да ағзаға түскенде ағза мен вирустың байланысы басталады. Оның әр кезеңі адам денсаулығында түрлі әсерлер береді. Коронавирус жұқтырған адам аурудың алғашқы кезінде антибактериалдық дәрілерден жазылып кете алмайды. Себебі, инфекциялық процесс тоқтамай, өрши береді. Бұл кезеңде антибактериалдық дәрілер тиімсіз, тіпті, зиян. Олар ішек микрофлорасын бұзады. Ауру адам ағзасында өз кезеңдерімен өтеді. Алайда, оның өту деңгейі әртүрлі. Сондықтан, медициналық көмекті емдеу орындарында алған дұрыс.

– Бірақ, «өз үйім – өлең төсегім» деген сөз бар ғой. Науқасқа өз үйінде, үйренген жерінде жатып емделген ыңғайлы әрі ем жағынан да нәтижелі емес пе?

– Емделушілерім «үйде де ішкеніміз осы дәрі, неліктен жазылмадық?» деп сұрайды. Мен істеген инфекциялық стационарда науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Сол жердің тәртібіне бейімделіп, өздерін соған сәйкес ұстайды. Сондағы дәрігерлердің көмегімен үй жағдайында орындауы қиындау болатын жаттығуларды жасап, дұрыс тыныс алу әдістерін үйренеді. Сонымен қатар, коронавирус адамдарда қорқыныш, стресс пен депрессия сияқты сезімдерді тудыруы мүмкін. Онымен күресу үшін науқастарға қолдау керек. Толыққанды емделу үшін дәрі-дәрмек ішу жеткіліксіз. Бірінші кезекте өмір сүру салтыңды өзгерту қажет.

– Аурудың қай кезеңінің ағзаға қалай әсер ететіндігін білу мүмкін емес шығар. Десе де, вирусты емдеудің клиникалық әдістеріне тоқталыңызшы.

– Иә, вирустың өтуі әр адамның иммундық жүйесіне, жасына, қосымша ауруларының бар-жоқтығына байланысты. Созылмалы сипаттағы кез келген ауру инфекциялық аурудың өтуін қиындатып жіберетіні белгілі. Стационарға түскен көптеген емделушілердің созылмалы ауруларын немесе бұрынырақта ауырған ауруларын толық айтпайтынын байқадық. Қант диабеті, созылмалы пиелонефрит, гломерулонефрит, жүректің ишемиялық аурулары, өкпенің созылмалы аурулары және тағы басқалары вирустан жазылып шығуға кедергі келтіреді. Сондықтан, тиісті ем тағайындау үшін науқастың барлық ауруларын білу маңызды. Коронавирус өкпені ғана бүлдірмейді, ол ағзаның барлық мүшелерінің қалыпты жұмысын бұзады. Сол себепті де созылмалы ауруларды емдеу немесе қолдау терапиясына аса көңіл бөлу керек.

– Аллерголог-иммунолог дәрігер ретінде ағзаның иммундық жүйесін жақсарту үшін қандай әдістер немесе дәрумен, дәрі-дәрмек ұсына аласыз?

– Вирус жұқтырмаудың бірден-бір жолы – тазалық сақтау. Ал, иммунитетті көтеру расымен де маңызды. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, мұнда мәселе инфекцияда, оның ағзада өту деңгейінде. Иммундық жүйені көтеретін дәрілерді аурудың алғашқы кезеңінде тек көрсетілімдер бойынша ғана пайдалану керек. Оны тек дәрігер ғана анықтай алады. Нақты кеңестер нақты жағдайға байлынысты жасалады. Иммунокүшейткіштерді бей-берекет пайдалану аутоиммундық процестердің пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, оларды дәрігердің тағайындауынсыз қолдануға болмайды.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.