Жан біткен бейне
Бұл – «Абай сөзі» картинасы. Қарағандылық суретші Вениамин ШАМШИННЫҢ 1985 жылы салған туындысы еді. Қазіргі таңда облыстық бейнелеу өнері музейінде сақтаулы. Музей ұжымы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында аталмыш суретті негізге ала отырып, бейнебаян түсіріпті. Олар картинадағы бейнеге жан бітірген. Сонымен қатар, ақын өлеңдерін жатқа оқумен шектелмей, шет тілдеріне аударып, халыққа ұсынған.
– Бұл бастаманы елдегі төтенше жағдай режимі күшін жойғаннан кейін қолға алып едік. Алайда, бастамамыз кеңінен таралмай қалып қойды. Енді ауқымын ұлғайтып, іс-шара түрінде өткізуді жоспарлап отырмыз – деді облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жартын.
Картина – көп фигуралы композициялық құрылымы бар сюжетті жұмыс. Қақ ортасында қолына кітап ұстаған Абай образы бейнеленген. Ақын маңайына жиналған жас-кәрісі бар бір топ жамағатқа өлең оқу барысы суреттеліпті. Тыңдармандардың жүзінен түрлі эмоцияға берілгендерін анық көруге болады. Басын төмен түсіріп, ойға шомып кеткен образ. Әркім әр түрлі ой үстінде. Ал, суреттің мазмұны – дәп осында. Автор бұл туындысы арқылы өлең құдіретін бір ғана көрініс арқылы беріп тұр.
Ой алыбының табиғат лирикасына арналған шығармалар көрінісі картинаның сыртқы бөлігінде байқалады. Жыл мезгілдерін қызылды-жасыл, сарғыш түстермен беруі – оның тапқырлығын көрсетіп тұр.
Ербол ЕРБОЛАТ.