ЖаңалықтарҚарағанды

Жұмыспен қамту – жүйелі

Мемлекет қабылдаған антикризистік шаралардың бір тетігі – «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында облыста 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Кезекті брифингке қатысқан облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСБЕКОВА осылай деп мәлімдеді.

 

Басқарма басшысы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының орындалу барысына тоқталды.

Бағдарламаның бірінші – техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бағыты бойынша 203 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберілді. Мыңға жуық адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерді игермек.

– Бағдарламаның екінші бағыты бойынша мемлекеттік гранттар мен шағын несиелер берілуде. Қазіргі таңда осындай 500 грант берілді. Жалпы сомасы 5 млрд. теңгеге 1038 несие беріледі деп жоспарланған. Айта кететін жайт – аталған көмектерді алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша сертификаты болуы тиіс, – деді Әсем Жүнісбекова. Сонымен қатар, басқарма басшысы 29 жасқа дейінгі жастар үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының жұмыс істейтінін атап өтті. Аталмыш бағдарлама аясындағы еңбекақы – 42 мыңнан 70 мың теңге аралығында. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыс орындары бойынша жұмысқа тұру мүмкіндігі бар. 580 адам қысқа мерзімдік техникалық және кәсіби білім алады деп жоспарланған. Оған жұмыссыздар, студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатыса алады. Ол үшін облыс немесе аудан орталықтарындағы жұмыспен қамту бөлімдеріне баруы керек.

Әсем Жүнісбекованың айтуынша, түрлі жұмыстарға 16 мыңнан астам облыс тұрғыны тартылған.

– Биыл «Жұмыспен қамту жол картасына» 627 жоба енді. Бұл мақсатта 64 млрд. теңге қарастырылған. Жұмыстардың бағыты – жолдарды салу және жөндеу, су және жылу желілерін қалпына келтіру, мектептер мен ауруханаларды жөндеу. Жұмыс іздеушінің тіркелген жеріне қарамастан облыстың кез келген елді мекенінен жұмыс табуға болады. Жұмыс беруші-мердігерлер басқа елді мекендегі жұмыссыздармен еңбек шартын жасасқан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларға екі ең төменгі жалақы мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек төлейді. Бүгінгі таңда 2 ЕТЖ немесе 85 мың теңге көлемінде көтерме ақы бағдарламаның 19 қатысушысына төленді, – деді ол.

Шалғай елді мекендердің тұрғындары бос орындар туралы білулері үшін 18 мобильді топ құрылды. Олар жұмыс іздеушілерге кеңес береді және оларға жұмыс орнына жетуге көмектесетін болады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button