Баған

Тағы да той туралы

Адамзатты әуреге салған індет иектегенде, көп нәрсеге басқаша қарай бастадық. Одан той да тыс қалмады. Әсіресе, әлеуметтік желіде белсенділік байқалады. Біреу тойды реттейтін арнайы заң қабылдау керектігіне назар аударды. Енді бірі тойға қатысатын адам санына шектеу қоюды ұсынды. «Бұл – тойдан бас тартудың тамаша мүмкіндігі» дегендер де бар. «Тойханада той жасауға 5 жыл мораторий жариялау керек» дегенді де көз шалып қалды. Әйтеуір, алуан түрлі пікір андыздап алдыңнан шығады.

 

Қазақ – тойшыл халық. Оған талас жоқ! Абыз Абай да айтқан: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп. Расында, «талбесіктен» «жербесікке» жеткенше таусылмайтын той. Бірақ, сол тойдың әрқайсысының ұлттық салт-дәстүрмен әдіптелген өзіндік орны бар. Өкінішке орай, оның тәлім-тәрбиелік мән-маңызы көмескіленіп, той бәсеке алаңына айналды.

Қазір тойханадан көп нәрсе жоқ. Бірақ, кезек үзілмейді, екі-үш ай бұрын тапсырыс беріп қоймасаң, кейін кеш қаласың. Қарасаң бізде бірыңғай бай-бақуатты тұратындай. Шындығында, соның құрығанда тең жартысы банктің несие атты құрығына ілінген, күні ертең «тұрмысы төмен» топтың санатына қосылатын қасқаның өзі. Қазақ қоғамында қордаланған көп әлеуметтік мәселе осы тойға келіп тіреледі. Алайда, «Көрпеңе қарай – көсіл!» деген қанатты қағиданы құлағына қыстырып жатқан тірі жанды тағы көрмейсің.

Бай-бағлан туралы әңгіме басқа. «Арам ақшасын аясын ба?!» деп, күнәһар болудан аулақпын. Ал, алған айлығы шайлығына әрең жететін, тіпті, орташа дәулеті бар деген адам сонша неге далаңдайды? Індет жайлағалы «вирус» деген сөзді қолдануға бейімделіп қалдық қой, сірә, «көпиттің» ғана емес, «бәсеке» деген пәленің де вирусы тарағыш сияқты. Жүздеген қонақ шақырылған, дастарқаны көл-көсір тойды көргенде сол «бәсекенің вирусы» таза қозып кетеді. Сосын банктен несие алып, қарызданып-қауғаланып ол да той жасайды.

«Аттыдан қалмаймын деп жаяудың таңы айрылыпты» дегеннің кері. Қарызданып-қауғаланып жасаған тойы қас-қағымда өте шығады. Қуаныштың әсерінен арылып, есін жиғанда «қарыз» қамытын кигенін сезеді. Себебі, өзін-өзі ақтайтын той сирек. Содан, ұрыс-керіс, айқай-шу басталады. Кейде ажырасумен аяқталып жатады. Осындай тойдан соң арада ай өтпей келіні кетіп қалған, не қызы қайтып келген отбасы қаншама?! Бұл – қарызға белшеден батқан бірқатар қазақтың басында бар жағдай.

«Той – қазақтың қазынасы» деген жиі айтылады. Ал, астарына үңіліп жатқан пенде шамалы. Егер үңілсе, оны шын мәнінде қазынаға айналдыруға ұмтылса, онда ата-бабасынан «Той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қанатты сөз қалған қазақ беталды шабылмас еді. Той туралы ел арасында алуан түрлі пікір бар. Тіпті, өткенде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі той өткізу форматын қайта қарау керектігін айтып қалды.

Бір нәрсенің басы ашық – қазақ тойсыз отыра алмайды. Оны заңмен реттеу де ақылға қонбайды. Ал, шектен шықпау жағы – басқа әңгіме, ойлануға тұрады. Менің ойымша, бар пәле әдет-ғұрыптан ажырап, ұлттық құндылықты ұмыта бастағанда жатқан сияқты. Әр ұлттың болмысын айқындайтын рухани қасиет пен моральдық норма болады. Міне, соған мойын бұрудың жолын тапсақ, той мәселесі өзінен-өзі күн тәртібінен түседі.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button