Коронавирус

Қолға алса, қиын емес…

Бәрін бірден жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткендегі телеүндеуінде «Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ» деді. Солай екен деп халық та қарап қалып жатқан жоқ, бірақ. Ел арасынан ерлер шығып, халықтан ақша жинап, шетелден, атап айтқанда, Түркиядан өкпені жасанды желдету аппараттарын (ИВЛ) алып, халқы көп қала, аудандардағы ауруханаларға таратпақ. Сол қалалардың арасында Қарағанды бесінші орында тұр.

Қазір Қазақстан ауруханаларында өкпені жасанды желдету аппараты жеткіліксіз болып тұрғанын менен жақсы білетін шығарсыздар. Тұрғындардың да көбі өкпеге дем жетіспеушілігінен кетіп қалып жатыр. Мұны естіген танымал блогер, экономист Дәулет Төлеутайұлы мен айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бірлесе отырып, іске кіріскен. Басында Дәулет Мұқаев 5 сағатта 12 млн. теңге – 50 аппараттың ақшасын жинады деген ақпарат тараған әлеужеліде. Кеше қарасам, Айнұр Тұрсынбаева екеуі тізе қосыпты. Қазір Түркияда жүрген Айнұр ондағы Қазақстан елшілігі арқылы шілденің 12-сі күні елге 125 аппарат жөнелтетінін мәлімдеп отыр. Аталған аппараттар Қазақстанның халық көп шоғырланған қалалары мен аудан орталықтары сияқты елді мекендерге таратылады. «Оны бұл жақтан қадағалап, облыс, қалаларға үлестіріп, аймақтағы ауруханаларда жүйелі жұмыс жасауын бақылап отырамыз» дейді Дәулет. Аппараттар таратылатын қалалар мен елді мекендер тізімін жасаушы да – осы Дәулеттің өзі. Елді мекендердің реттік тізімі халық санының көптігіне байланысты қойылыпты. Жоғарыда Қарағанды бесінші ретте тұрғанын көрсеттік.

«Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген қазақ. Ел басына күн туса, ерлер шығар белсеніп демей көр бұдан кейін. Қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлы «батырды ситуация туғызады» дегеніндей, дәл мынадай жағдайда белсеніп, атқа қонған жігіттер батыр емей кім? Әлеужеліде Айнұр мен Дәулеттің елге жанашырлығы мен жасап жатқан қамқорлықтары туралы бұған дейін де естіп-біліп келеміз. Сол жақсылықты сіз бен біз, ақшасы тасыған бай-бағлан, шенеуніктер істесе қайда қалды? Мәселе ақша мен жағдайда ғана емес, ниет пен жүректе екен ғой.

Енді ойлануымыз керек. Әр аудан халқы осылай бірігіп ақша жинап, Дәулет пен Айнұр тұрғанда, шаруаның ретін тауып, тапсырыспен бірнеше аппараттан алып алсақ қалай болар екен? Біздің аудан, қала, ауылдарда аппарат тапшылығы байқала ма, байқалса, қаншасы керек дегендей? Бұл аппараттардың құны Түркияда 220-230 мың теңгеден болса (басында 150 мың теңгеден болыпты), кеше біреулер Қытайда одан арзанырақ деп жатыр. Бірігіп, күш қылсақ, шешілмей қалатын іс емес, ағайын.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button