АймақШет

Елорданы ел қолдады

Арқа төсіндегі сәулетті келбеті көз сүйсіндіретін ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының туған күнін Шет ауданы жұртшылығы да жоғары деңгейде атап өтті.

 

Әлемге алаң туғызған пандемия індеті қазіргідей ІТ техналогияның дәуірлеп тұрған заманында ақпарат алмасу, мерейлі мерекелерімізді көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алуға кедергі бола алмайды. Сөзіміздің айқын дәлелі еңселі Елордамыздың мерейтойын ел халқы онлайн режимде қарсы алды.

Елорда күнімен және салиқалы саясаты, ақыл парасатының арқасында қазақтың кемеңгер тұлғасына ай­налған Елбасы Н.Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойымен Шет ауданы тұрғындарын аудан әкімі Мұхит Мұхтаров онлайн режимде құттықтады.

– Жаңа заманға сай жасампаздықпен қалыптасып келе жатқан жас Елордамыздың көркі көрген жанның көңілін баурап, асқақ армандарға жетелейді. Бүгінгі Елорда – саяси көшбасшылар, іскерлік серіктестер мен ауқымды инвесторлар, діндер мен конфессия өкілдері, зиялы қауымның кездесіп, кеңес құратын орны. Нұр-Сұлтан шаһары бүгінгі таңда шығармашылық жоспарларды, тың идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыру алаңына айналған. Ерке Есілдің жағасында жаһан жұрты таңдана қарап отырған шаһардың бой көтеруіне Елбасының ерен еңбек сіңіргеніне баршамыз куәміз. Елорда – халқымыз үшін тәуелсіздіктің жарқын символы мен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры саналса, Елбасы – жаңа мақсаттар мен озық идеяларды іске асырудың бастау көзіне айналғанын білеміз, – деп аудан жұртына бақ-береке тіледі.

Сондай-ақ, аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары әлеуметтік желі арқылы тыңдармандарды құттықтап, әннен шашу шашты. Әсем ән, әуезді жырмен өрнектелген кеште В.Базарбаева «Астана», Г.Жұмабекова «Қазағым», С.Амантай «Астана» әндерімен көптің қошеметіне бөленді.

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button