Руханият

Бөтей, Дәулетбике аналар

Жүздеген жылдар бойы ата салтқа әбден сусаған біздің ел 1990 жылдардан бастап о дүниелік болған бабалардың, аналардың рухтарына тәу етіп, құран бағыштатып, ас беріп, соңын аламан бәйгелермен жалғастырды.

 

Тоқа (Қаратоқа) бабамыздың баласы Бесім батыр мен қасиетті Бөтей анамыздың баласы Сарықожа бабадан Жасыбай батыр мен Марқа туса, Марқа буынынан тарайтын Жантүгел баба ұрпақтары алғашқы болып 2000 жылғы 9 қыркүйекте сауын айтып, бас болып, Айса ауылында ас берді. 2001 жылдың 21 шілдесі күні Бесім-Жасыбай батырлардың Қалмамбет-Мырзамбет бабадан тарайтын ұрпақтары Нілді (Өспен) тауының күнбатыс жақ бөктеріне мәрмар тастан ескерткіш орнатып, үлкен ас берді, бәйгеге жүздеген аттар шапты. Осы 2001 жылдың 25 тамызында ежелден атамекен Қаражартас (Еркіндік) ауылында Бесім батырдың Қарашора ұрпағынан тарайтын Жетімекбай ұрпақтары құран оқытып, ас берді, аламан бәйгі өтті.

Қалмамбет-Мырзамбет бабаға арналған ас болуы керек, киіз үйлердің бірінде Ахметбек Аманбек, «Бұған дейін атам балалары туралы кітап шығарған Бақтияр Елшібай (Тоқа – Күшікбай) ағамызбен дастархандас болуды Алла маған бұйыртты» деді. Ақсақалдардың әңгімелерінің негізгі ауаны Бөтей (руы Жалайыр немесе Тама болуы керек) және Дәулетбике (Тұрсын хан қызы) аналарымыз туралы өрбіді. Сондағы айтқандары, «Алып анадан туады» дегенді айтпап па еді ұлыларымыз, бабаларды еске алып, аттарын атап құран бағыштатып жатырмыз, осы аруағы мен рухы асқақ тұрған Қаратоқаұлы (Тоқа) Бесім батырдың жұбайлары – Бөтей мен Дәулетбике аналарымызға да келешекте құран бағыштатып, ас беруді Өркендеудегі Бөтейдің басын қарайтуды ұрпақтарға тапсыруымыз керек» деген сөзді өз құлағыммен естіген едім.

Ахметбек әкеміз 2002 жылы жаз айында ағаларым Қапан Тұяқбекұлы, Жеңіс Шүкіманұлы және мені ауылдың біраз ақсақалдарымен басымызды қосып, «Әй азаматтар, ас бергенімізге бір жыл өтті, кітап шығарылған жоқ, яғни, ертең бәрі ұмыт болып қалады деген сөз. Сондықтан, мына біздің астарымызды Қарашора, Сарықожа ұрпақтарыныкі деп бөлмей, менің ұсынуыммен Жетімекбай асын басқарған Мағзидың Жұмағалиына кітап жазуды тапсырайын деп отырмын, мен қазір тоқсанның бел ортасынан асып жүзге бет алдым, кітапты тезірек шығарыңдар, батамды берейін» деп нығарлап айтты…

Содан жазатын кітабымызды қазақтың жазба шежіресінің ұшар басында тұрған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың жинақтарымен толықтыру үшін 2002 жылдың маусым айында Жетімекбай ұрпақтары Игілік Тілеубекұлы, Қапан Тұяқбекұлы және мен Баянауылға сапарладық.

2003 жылдың қараша айында Алла алқап, менің тұңғыш тырнақалды «Тарихқа үлес» атты кітапшам өмірге келді.

2001 жылы Қалмамбет-Мырзамбет бабаға арналған аста Ахметбек Аманбекқажыұлы мен Бақтияр Елшібай ағаларымыздың аналарымыз туралы айтқаны есіме түсіп, кітабымда «Бөтей ана» деп бір тақырып арнаған едім, соны сөзбе-сөз беруді жөн көрдім:

«Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деген сөзді тегін айтпаса керек-ті. Бесім батырдың бәй­бішесі Бөтей анамызды Дәулетбике анамыз қазақи мәйегі бұзылмаған асыл қасиеттілікпен, биязылықпен, абысынының атын атамай «Енем» деп кеткені тарихтан белгілі. Рухы мен қасиеті басым осы Бөтей (Енем) анамыздың аты бүкіл қазақ тарихында туған атасының атымен қоса аталып, Тоқа бабамыздан тараған кезіндегі… екі болыс Енең ұрпақтары «Енең Тоқасы» болып аталып кетті.

Осындай қасиетті Бөтей (Енем) анамыздың мүрдесі Жаңаарқа жеріндегі Ақтүбек пен Өркендеу ауылының ортасында орналасқан деп Бақтияр Елшібай ағамыздың айтқаны бар… Аруағы басым Бөтей (Енем) анамыздың атымен Енең Тоқасы елі болып аталып жүрген азамат, азаматшалар «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, келешекте анамыздың басын бірігіп көтеріп, арнайы мал шалып, құран оқытып, үлкен бір аруақ қонған, халық тәу ететін ордалы жерге айналдыру уақыт оздырмай атқаратын үлкен бір қасиетті міндет болып есептеледі…» деппін сонда.

Биыл Жаңаарқаға жол түсіп, Мелс Ахмедияұлы (Тоқа-Күшікбай) ағамызбен кездесіп, Қаратоқа баба келіні Бесім бабамыздың жұбайы Бөтей шешеміздің басына барып құран бағыштап қайтуды ұсындым. Бізбен бірге Ауданбай жиенімнің жақын туыстары, 75 жастағы Аманкеш Тиышмағамбет және қарағандылық кәсіпкер Ғали Біләл, мен Ақтүбек селолық округінде тұратын Кенжеқара Қуанышев жездеміздің үйіне келіп жол көрсетуін сұрадық. Сусын ішіп дастархан басында әңгімелесу барысында Кенжеғара жездеміз Ақтүбек совхозында көп жылдар бойы басшылық қызметтер атқарғанын, жайсаң азаматтармен талай рет дастархандас болғанын, Жаңаарқа өңірінің жерін бес саусағындай білетінін және бала жасынан аңшылықты кәсіп еткені туралы айтты. Сол аңшылықтың арқасында жездеміз Қарағанды облысының белді басшылары, кезіндегі облыстық Атқару комитетінің төрағасы болған, сыйлы ақсақал Сұлтан Досмағанбет және облыстық Тұтынушылар одағының төрағасы болған Мұқыш Әбілұлы әкелерімізге жолсерік, дәмдес болғанын тілге тиек етті. Сөйтсек, Бөтей шешеміздің мүрдесі жатқан таулы қыратты жер жанындағы алабымен ресми түрде жездеміздің жері болып есептеледі екен. Сонымен, Жаңаарқадан 70 шақырымдай жердегі ерте заманнан анамыздың атымен «Бөтей» деп аталатын жерге Алла жазып, аяқ бастық. Шешеміздің мүрдесі «Бөтей» төбесінің солтүстік етегіндегі қыратта орналасқан екен. Екі бейіттің орны нақты көрініп тұр. Жерден жарты метрдей көтеріңкі, бетінде үлкен тастар жатыр екен. Жермен жексен болуға айналған екі бейітке (жанында шашылған тастарға қарап, шағын бейіттер де болған ба деген ойға қаласың), осыдан шамамен 350-400 жыл бұрын дүниеден өткен Бөтей анамызға және бақилық болған бізге белгісіз ағайындарға арнап құран бағыштадық.

Бөтей тауының батыс жағында бір шақырымдай жерде «Ақтасты» шаруа қожалығы орналасқан екен, сәлем беріп түссек, шаруашылықтың иесі Тоқабай Жәкен әкеміз үйінде екен. Тоқабай ақсақалдың жұбайы анамыз Дәметкен Мұқажанқызы дастархан жайып, қымыз сапыра бастады…

Тоқабай ағамыз «осы алаптың барлығы тауымен қоса «Бөтей» деп аталады, қарақтарым. Барлық Тоқалардың анасы, іздеп келгендерің дұрыс болған екен, енді бейітті қоршаған дұрыс болар еді» деп сөзін түйіндеді…

Жетпіс бес жасты еңсерген Тоқабай ағамыз исі Түркі дүниесіне танымал ғұлама ғалым, профессор, ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаевтың немере бауыры екен. Қарағандыға келе жатқан жолда көліктерді Ғали Әшімұлы бауырымыз кенеттен тоқтатып, шешеміздің басын биыл жиырмасыншы тамызға дейін бес-алты жігіт жиналып көтеріп тастайық деп ұсыныс жасады…

Қарағандыға келгеннен кейін өспендік (Нілді) ағам Тұңғышбай Әділбайұлына «Жаңаарқаға барып Бөтей анамыздың басын таптым, басына барып азаматтармен құран бағыштадық» десем, ағам менен бірер күн бұрын Қарағандыда Ғали Әшімұлы бауырымызбен кездесіп, естіп отыр екен.

Тұңғышбай аға мен естімеген үлкен бір қуанышты жаңалық айтты: Жұмағали, сен асықпа, мен Бөтей шешеміздің басына 1967-1968-ші жылдары Қарағанды облыстық филормониясында қызмет атқарып жүрген кезімде Жаңаарқаға гастрольдік сапармен барып, Өркендеу ауылында концерт қойған болатынбыз. Дәм ішіп отырғанда бір ақсақал (атын ұмытып қалдым) менің руымды сұрап алып, мына Бөтей деген жер Тоқалардың аналарының атымен аталады, Бөтей аналарың сол таудың беткейінде жерленген, жанында Дәулетбике аналарыңның да бейіті жатыр» деді. Содан аналарымыздың басына барып құран оқытқаны» туралы айтты. Тұңғышбай ағамыз әңгімесін әрі қарай жалғастырып, «сендер, жастар, асығыстық жасамаңдар, бейіттің басын көтерсек, екі шешеміздің басын бір-ақ көтеруіміз қажет, бұл аналарымыз туралы тың деректерді белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың Қарағандыда тұратын ағасы Әліп Жайлыбайдан қосымша сұрап білуімді өтінді.

Содан Тұңғышбай аға мені Әліп ағаммен жүздестірді, ағамыз тұнып тұрған тарих, шежіре екен, тыңдап отыра бергің келеді… Біраз әңгімелескеннен кейін Дәулетбике анамызға арналған қолжазбасын берді.

Дәулетбике анамыз туралы:

«Екі анамыз да бірге жатыр. Бұл туралы біздің Жаңаарқада ел ағалары болған қаржыгер, кейін Айнабұлақта тұрған Абылай Рахматуллин, Жаңаарқа аудандық комсомол комитетінің тұңғыш бірінші хатшысы болған Әмзе Ысқақов, халыққа танымал тарихшы, шежіреші Бақтияр Елшібай ағаларымыздан талай рет естідік, ол туралы екі жақты пікір туындауы мүмкін емес» деп түйіндеді ағамыз.

Тұңғышбай аға да сөзді жандандырып, біздің елдің ақсақалдары Қамажан Омаров, Сарбас Бақмағанбетов, Секербек Жақыпбеков, Бірімжан Мыңбаев, Жаңарқадағы Түркен Кенжеғұлов, Айнабұлақтағы Саққұлақ ақсақал, Тұнқатар Шолақ молда әкелерімізден естігені туралы айтты.

Бөтей шешеміздің шығу тегі туралы екі ұдай пікір бар. Тарихшы, шежіреші Әліп Жайлыбайдың «Дәулетбике» атты 2019 жылы шыққан қолжазбасында: «Бөтей бәйбіше – Жалайырдың қызы болуы керек. Тоқалға кейде: «Төрені төре еткен Жалайыр» деп қояды екен». Анамыздың екінші шешемізге тұқырта сөйлегеніне қарағанда, шыққан тегі Жалайыр руынан ба деп ойлайсың…

Бөтей анамыз жөнінде тарихи деректер іздеп ағам Мелс Ахмедияұлының ұсынысымен көп жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарған, облысымызға белгілі ардагер ұстаз, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Өзібек Бимендетегімен тілдесіп, Бөтей анамыз жөнінде үлкен бір тарихтың куәсі болдым: «Ұлы Бөтей ана біздің апамыз болады, ол туралы біздің Тама елі ертеден бері біледі, былай таралады:

Жетіру – Тама – Әліп – Жөгі – Жәнеке – Шағыр – Малай – Қожет. Қожеттен: Бөтей (1570-1580 жж), Ақша, Құлбай туады. Ақшадан Малқара баба туса, Малқарадан Абылайханның уәзірлерінің бірі – Сеңгірбай батыр туады. Менің әкем Исатай Бимендеұлы Өркендеудің жылқысын жиырма бес жыл баққан адам, 1967 жылы содан зейнеткерлікке шыққан еді. Әкем жайлауға «Бөтейге» келіп қонысымен, апасы Бөтейдің және ағасы Тама Танас батырдың рухына арнайы мал шалып, құран оқытқанының талай рет өзім куәсі болдым, әкем марқұм жүз бес жасқа келіп өмірден озды».

Өзібек аға тағы бір айғақ келтірді: «Тұңғышбай Әділбайұлы аналарымыздың Бөтейде қатар жерленгені туралы біздің жездеміз Шолақ молдадан естігені туралы айтыпты. Оның себебі Шолақ молданың әйелі Өнім – біздің апамыз, ол кісі «Тоқалардың анасы Бөтей менің апам болып келеді» деп айтып отыратын еді, жарықтық. Рухыңнан айналайын Бөтей апамыздың Жетіру – Тамадан туғанына шүбәларыңыз болмасын.

Бөтей алабы – Жаңаарқа өңіріндегі бұрынғы екінші ауыл, Өркендеу колхозымен біріктірілген елді мекеннің солтүстік батысында, яғни, Қайыңшілік пен Қараағаш деп аталатын жердің батысында орналасқан, ал апамыздың бейіті «Бөтей» шоқысының терістік жағындағы қыратта тұр».

Сонымен үш жарым ғасырдан астам уақыттан кейін Бөтей және Дәулетбике аналарымыздан өрбіген ұрпақтары «ештен кеш жақсы» деп, кигіз үй тігіп, арнайы құран бағыштатып, Құран – Хатым түсіртіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, аналарымыздың бейіттерінің басын көтеруді Алла қаласа осы жазда жоспарлап отыр…

Жұмағали МАҒЗИЕВ,

Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры.

Басқа материалдар

Back to top button