Шағын шаһардағы ілкімді іс

Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ шаһардағы әлеуметтік нысандарды аралап, құрылысы жүріп жатқан жобалардың аяқ алысына назар аударды. Жұмыс сапары барысында қала басшысы жобалар бойынша жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді.

Алдымен, қала әкімі Жидебай батыр шағын ауданындағы №20, 22, 23, 24 үйлердің аулаларындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Мұндағы мердігер – «Praid M» ЖШС өкілдері барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, әкім Шашубай шағын ауданындағы №19 үй, Калмыков тұйық көшесіндегі №4А үй, Бөкейханов көшесіндегі №7 үйдің аулаларын абаттандыру жұмысымен танысты. Бұл аулаларды абаттандыруды «Гарант» және «Арарат Универсал» серіктестіктері қолға алған. Қала әкімі мердігерлерге бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Қауіпсіздік ережелерін сақтап, жұмыс кезінде жұмысшылардың барлық сақтық шараларына мұқият болуын міндеттеді.

– Жоспарлы түрде Бертіс айлағындағы демалыс орнының алдына асфальт жабынының үстіңгі қабатын төсеу басталды. Орындалған жұмыс сапасы «Қарағанды облысы бойынша жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК зертханасымен тексеріледі. Орталық қалалық саябақты абаттандыру бойынша жобаны іске асыру барысы ерекше бақылауда. Жұмыстарды «Астана Базис» ЖШС жүргізуде. Жоба былтыр басталған.

Алдағы тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Жобалық құжаттамаға жоба авторының және мердігердің келісімі бойынша жекелеген толықтырулар енгізілді. Бүгінде жұмыс қарқыны кестеден қалып қойды. Мен мердігер мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне бұл олқылықты жою бойынша ескерту жасадым, – деді Ораз Тәуірбеков.

Сонымен қатар, қала әкімі Жамбыл көшесіндегі №56/1 үй тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында жарықтандыру және бұрын салынған ауыз су магистраліне қатысты мәселені талқылады. Тұрғындардың өтініш-шағымдарын тыңдаған әкім халықты мазалаған бірқатар мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Жарықтандыру шаралары шілде айының соңына дейін жүзеге асырылып, жаңа су құбырын іске қосу тұрғындардың өтініші бойынша жүргізілетіндігін жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.