АймақШет

Ауқымды жұмыс жүргізілуде

Шет ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 141 жұмыс орны құрылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 28 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, ауданда СОVID-19 індетінің таралуына жол бермеу мақсатында тиісті эпидемиологиялық шаралар қатаң жүргізілуде. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит МҰХТАРОВ мәлімдеді.

Мұхит Мұхтаровтың айтуынша, ауданның барлық елді мекендерінде облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің өкіміне сәйкес карантин режимі сақталуда және дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Бұл инфекцияның таралуын болдырмау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шара болып табылады. Аудандағы қоғамдық орындардағы бақылау күшейтілді. Күн сайын барлық сауда және тамақтану объектілерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда арнайы тестілеу және емдеу құралдары жеткілікті.

Сондай-ақ, аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалар аясында Шет ауданында іске қосылған жобалар туралы:

– Ауданда халықты тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 28 жоба жүзеге асырылуда. Олар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 990 млн. теңгені құрайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында білім беру, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылымды дамыту саласында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осының арқасында қосымша 141 жұмыс орны құрылды, – деп атап өтті.

Мұхит Мұхтаров атап өткендей, жұмыстың негізгі бағыттары – жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, мектеп шатырларын ауыстыру және мәдениет үйлерінде күрделі жөндеу өткізу бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданның екі елді мекенінде көпқабатты үйлердің қасбеттері жөнделіп, шатырлары ауыстырылады.

– Ең бастысы – аудан орталығындағы ауруханада күрделі жөндеуді қолға алдық. Сондай-ақ Ақжал және Ақсу-Аюлы ауылдарында үйлердің шатырларын ауыстыру және қасбеттерін қаптау қарастырылған. Бұл жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді Мұхит Мұхтаров.

Өз тілшімізден.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button