ЖаңалықтарРуханият

«Алтын тұғыр» – Төкен ӘЛЖАНДА

Қарағанды топырағы таланттарға кенде емес. Олар үнемі Арқаның абыройын асқақтатып жүреді. Есіл бойынан жеткен қуанышты хабар мерейімізді өсірді. Халықаралық «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауының «Алтын тұғыр» бас жүлдесін «Драматургия» номинациясы бойынша жазушы-драматург Төкен ӘЛЖАНТЕГІ қанжығасына байлады. Байқау «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен дәстүрлі өткізіліп келеді.

200-ден астам шығарма келіп түскен байқауда үздіктерді белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар және әдебиеттанушылар іріктеген. Биыл додаға Ресей, Моңғолия және Әзірбайжан елдерінің өкілдері де қатысыпты. Жүлдегерлер «Проза», «Поэзия» және «Драматургия» жанрлары бойынша анықталды.

Жеңімпаз үш номинация бойынша I орынға ие болған қаламгерлер арасынан таңдалды. 500 мың теңге жүлдеге қоса, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, биылғы байқауға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі иегеріне қосымша 200 000 теңге қаржылай сыйлығы да бар. Іріктелген шығармалар алдағы уақытта «Алтын Тұғыр» жинағына енгізіледі.

Төкен Әлжантегі жазушылықпен қатар, драматургия жанрында да өз қарым-қабілетін танытып жүрген қарымды қаламгер. Пьесалары театр сахналарында табысты қойылып келеді. Сыншылар тарапынан оң баға алған, өз соқпағы бар саңлақ. Өмірін жазуға арнаған руханият шырақшысы. Бірнеше кітаптың авторы. «Қым-қиғаш тіршілік», «Ақ-қараның арасы», «Еркектің киесі» «Арландар апанында өлмейді» сынды көптеген көркем шығармалары бүгінде елдің сүйіп оқитын туындыларына айналған.

– Шамамды байқайын деп, «Жалғыздық жаңғырығы» атты драмамды бәйгеге қостым. Шашасына шаң жуытпай, қара үзіп келді. Онда ауылдағы хал-ахуал, экологиялық қиыншылық, гептилдің ауыртпалығы, оның қоршаған ортаға және адамдарға тигізіп жатқан зияны жайлы толғаған едім, – дейді Төкен Әлжантегі.

Ал, поэзия жанрында отты жырларымен танылып жүрген ақын, «Орталықтан» түлеп ұшқан Рауан Қабидолдин топ жарып, I орынды, нәзік жырлардың иесі Жадыра Байбұланова II орынды иеленді.

Прозада бағын сынаған тағы бір жерлесіміз Абай Ораз Ақан Нұрманов атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Жүлдегер жерлестерімізге шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button