Баба ерлігі – ұрпаққа үлгі
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін мектебіміз салтанатты түрде атап өтуде. Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмаған боздақтарды еске алу мақсатында біршама іс-шаралар атқарылды.
Мұғалімдер қауымы қашықтықтан оқытуды тез меңгеріп қана қоймай мектептің тәрбие жұмыстарын да онлайн түрде атқарып шықтық. «Ата-ана, оқушы, мұғалім» үнемі ізденісте болды. Ұжым болып атқарған үлкен шараның бірі – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Өшпес полк», «Мәңгілік даңқ» жөнінде онлайн-кесте арқылы өткен шеру. Онда түрлі тағдырлармен таныстық. Ұрпақтары барда ерлер есімінің мәңгілік екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Шеру барысында 2-сынып оқушысының анасы Мейрамгүл Бакеева хабарласып, сұрапыл соғысқа қатысып, хабарсыз кеткен атасы Қазым Күлниязов жайлы айтты. Тыңшы-бақылаушы, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр 1919 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келіп, 1938 жылы Жезқазған қаласынан әскер қатарына шақырылады. Брянск, Беларусь майданына қатысқан. 1944 жылы неміс басқыншыларынан Церебулин Кобыльщина деревнясын азат ету жолында тыңшы-бақылаушы ретінде командирдің бұйрығын орындау барысында біздің жаяу әскер сәтті өту үшін епті, қолайлы жағдай жасай білді. Тыңшылық кезде жаудың алдыңғы шебінде орналасқан 75 мм пушкасын байқап қалып, артиллерияға пушканың нақты орналасқан жерін көрсетіп, істен шығартты. Осы жағдайдан кейін біздің жаяу әскер алға қарай ұмтылуға мүмкіндік алды. Соғыс кезінде осындай бұйрықтардың бірнешеуін бұлжытпай орындап, неміс басқыншыларына қарсы күрестегі ерен ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Соғысқа қатысқаны үшін» медалімен марапатталған. Қазіргі таңда ұрпақтары Белоруссия елшілігіне өтініш жасап, жерленген жерін іздеуде.
Мейрамгүл сіңліміз атасы жайлы сүйіспеншілікпен баяндап берді. Анасы – Арияш пен туғандары ағалары тірі келеді деп үміттенген екен. Осы уақытқа дейін мұрағаттарға сұраныс беріп, құзыретті орындарға іздеу салыпты. 75 жылдан кейін ғана ғаламтордың көмегімен аталары жайлы тың пікірді алып «өшкені жанып, өлгені тірілді» деген осы екен-ау деп тәубе қылып отырған жайлары бар.
Шынар ӨСКЕНБАЕВА,
№81 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.