АймақШет

Құрметті азамат

Өзекті пенде жүрген жерде даңқ пен дақпырттың қатар жүретіні белгілі. Даңққа бөленетіндер қашанда некен-саяқ, дақпырттың күні қашанда санаулы. Бабаларымыз басқаның жеріне көз тіккен жоқ, өз жеріне жау шақырған жоқ. Содан да бізде батырлар баршылық. Солардың есімдері кейінгі ұрпаққа жетті. Тарих парағында батырлардың батыры ғана қалды. Ел сол батырларын баһадүр деп қастерледі. Бөгенбай, Қабанбай, Жарылғап – сондай баһадүрлер. Аузына мыңды қаратқан ділмарлар аз болмаған. Солардан бүгінгі күнге жеткені – Жиренше. Қариямыз көп те, ақсақалымыз аз. Ұшпаққа шығарғандары тағы жоқтың қасы. Оларды абыз деген. Мәшекең Иман абызды алға тарса, Марғұлан Нысан абызды көлденең тартады…

Патшалық заманда да қазақ баласы құрметінен ажырай қойған жоқ. Мыңнан мойын оздырғандары Құрметті қазақ атанды. Билері Құрметті би атанды. Бүгінде құрмет түрлері аз емес. Соның ішінде халықтың құрметі – қастерлі.

Бүгінде таққан орден, медаліңнен гөрі Құрметті азамат деген атақ – құрметті… Жылына екі-үш адамға ғана беріледі.

Жылына бір рет беріледі. Бұл атаққа ие болып жатқандарға ешқандай жеңілдік те жоқ. Соған қарамастан, Құрметті азаматтар төрде отырады. Сондай ағаларымыздың бірі – Аман Түсіпханұлы. Алпысқа, болмаса, жетпіске келіп алған жоқ, сатып та алған жоқ… Елінің беріп жатқаны. Елінің лайық көрген азаматы.

Естуімізше, осы атақтың шіреті қа­лың дейді. Бір жағынан кеудеңе қуаныш ұялайды. Лайықты ағалардың аз болмағаны ғой деп. Жақсы ағалардың бар болғаны ғой деп.

Жалпы, бұл әулет – өскен әулет. Бұл әулетпен топырағымыз – бір, тыныстаған ауамыз – бір. Соған орай, кейінгі балаларын ғана емес, әулетбасын да жақсы білемін десем болады.

Түсіпхан ақсақалды жай көріп қа­на қойғаным жоқ, тізесін жастанып, әңгімесіне ден қойғаным бар. «Тізгіқол» деген туындымның басты кейіпкері – осы Түсіпхан әкеміз. Оны ел көркем шығарма деп қабылдап жүр. Тағы біреулер көркем очерк деп біледі. Маған салса, деректі әңгіме дер едім.

Сол Түсіпхан әкемнен түйіп қалғанымның бәрін дерлік айналысқа түсірдім. Ағамыздың Райымқұл деген бауырымен түйдей құрдас едік. Түзде бірге ойнағанымызбен, үйге барғанда мен Түсекең жанында отырар едім. Ол кісімен жанымыз құрдас болып шығатын.

Аман ағамыз ол кезде сыртта болатын. Іргелес Ақшатау шаруашылығының бас зоотехнигі еді. Ол тұста оқығандар сирек еді ғой. Содан да Аман ағамыздың есімі ерте білінді. Ел сол тұстың өзінде ағамыздан директорлықты көретін. Өйткені, ағамыз директор болмаса да, директордың сөзін сөйлейтін…

Айтып отырған шаруашылығымыз сол кездегі аудандағы жетекші шаруашылықтардың бірі болды. Сол кездің өзінде жетпіс бес мыңның үстінде ұсақ болды. Кей жылдары төлімен қоса есептегенде, жүз жиырма мыңға дейін жетіп жүрді. Жылқы жарықтық болса, төрт мың басқа құлаған. Бабаларымыз «ағы болмаса» деп күмілжитін сиырыңыздың өзі бес мыңнан асып түскен.

Алпысыншы жылдардың ортасы шаруашылықтардың өз алдына дербестік алған, өз қадасын қаққан жылдары болды. Кеншоқы, Қарабұлақ, Ақшағыл, Ақадыр кеңшарлары өмірге солай жолдама алған. Солардың төрт түлігін алдына салып беруде нақ осы Аман ағамыздың алғаусыз еңбегі жатыр. Біреудің малын екіншісіне ауыстырған жоқ.

Кейінде тағы да сондай бір құқайды бастан өткерген. Ақадыр ауданы таратылып, Шет ауданына қосылғанда тарату комиссиясының төрағасы болды. Мұндай құқайды Аужекең өз өмірінде аз көрмеген. Ауданда жекешелендіру жаппай жүргенде тағы комиссия төрағасы Аман ағамыз болған еді.

Бұл – абырой әпере қоймайтын жұмыс. Аудан тұрсын, ферманы таратудың өзі оңай тимейді. Сол жұмысында үстінен бірде-бір арыз түскен жоқ.

Қарабұлақ ауылы өз алдына отау тігіп, бас зоотехник болып барған. Ел енді директор болады деп күткен. Алайда, отызға да толмаған жас өрім сырт жігіт директор болып келгенде елдің қайран қалмағаны жоқ. Директор болмағаны – ағамызда мінез бар еді. Қосып жазуды білмеді. Қозыны тоқты деп, тоқтыны саулық деп көрсетпеді. Бірақ, зоотехник болып жүріп те, ди­ректордың істейтін жұмысын істеп жүрді. Әкесінің есті сөздерін құлағынан шығармады. Соғыстың бар ауыртпалығын бір адамдай бастан кешкен Түсіпхан әкеміз ауылдың барша ақсақтоқсақтарын бәрінен жоғары қоятын. Ардагер деген кейінде шықты ғой. Ол кезде мүгедек дейтін. Ауылдың ер-азаматының жартысынан көбі осы мүгедектер болатын. Уақыт дөңгелегін солар дөңгелеткен-ді.

Олардың мүгедектігі үшін ешкім ештеңе төлеген жоқ. Алайда, ел іші оларды аш қалдырмады. Артық-ауыс мі­нездеріне кеңшілік жасалды.

Сол толқын да жағаға шыға бастаған. Қара жұмыстан қала бастаған. Түсіпхан әкесі «мүмкіншілік болса соларға еңбеккүн жаз» дейтін. Не үшін? Ол жағын сұраған емес. Бірақ, іші сезеді.

Сонан Сүлейменнің Төлеутайына, Қоңқабайдың Төлеутайына, Әбіштің Кентікейіне…басқа да «военный әншілерге» еңбеккүн жазды. Олардың істеуге тиіс жұмысын өзгелерге істетті. Болмай бара жатса өзі істеді…

Осыдан кейін Түсіпханның баласын ел қалай жақсы көрмесін? Осыдан кейін ел Түсіпханның баласын қалайша директор демесін? Бар нәрсені жасырып тұру мүмкін емес қой.

Ел күткен күн де жеткен.1982 жылы Аман ағамызды ауданның шалғай шаруашылығының бірі – Ақшоқыға жіберді. Директор қылып. Оның алдында ауданның ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары болып істеген. Екінің бірінің қолына түсе бермейтін бұл лауазымды қызметті ел Аман ағамызға қомсынған.

Томағасын алдырған түз құсы қалпын қайта тапқан. Бара салып үй салды, ауыз су тартты, қонақүйін көтерді, балабақша салғызды, ең соңында пионер лагерін қатарға қосты. Лайын тапса кірпіші жоқ, кірпішін тапса лайы жоқ, екеуін тапса адамы жоқ заман еді ғой. Сол заманнан да сыр бермей өтті. Алты айлық жолды алты күнде өтетін заман туған. Мал басын өз төлінен өсіруге күш салсын. Жайылым ауыстырып отыруға күш салсын. Елден бұрын ерте тұрды, елден кейін кеш жатты. Бір күні ет комбинатына мал айдап бара жатты, бір күні Ақдалаға шөп шабуға аттанды.

Ол кезде малшылардың слеті деген жиі өтетін. Сол слеттің төрінде ақшоқылықтар да отыратын болған. Орден-медаль дегенді білмейтін ел енді оны қос-қостан тағатын болған. Той-томалақ деп аудан басына жүгіре бермей, өздерінде де шопандар тойын өткізіп, атшабар жасап, балуан белдестіретін халге келген.

Білетін ел Аужекеңді Ақшоқының жарылқаушысы дейді. Оны бурлактайын қара жермен сүйреді-ау дейді разылықпен.

Ақшоқы десе, ел енді Шет ауданын еске алысатын. Ел енді Шет ауданын Ақшоқы арқылы білетін болған. Осы тұс Аман Түсіпханұлының есімі де жиі аталатын болған.

Шет – басқа аудандарға қарағанда шашыраңқы өңір. Ұшақпен араласаңыз да, бір күнде аралап тауыса алмайсыз. Тіпті, ұшқыр көлікпен жүріп те кез келген шаруашылығын аралап тауыспайсыз.

Сондықтан, олардың жұмысын үйлестіретін кадрға аудан қашанда ділгір болды. Бір күні тағы да «Кім бар-ау?» күн туған. Сондай себеппен Аман Түсіпханұлы аудан басына қайтып оралған.

1995 жылы Шет ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Жай уақыттың өзінде көп шаруаны ешқайда да, ешкімге де жалтақтамай шешетін Аужекең жаңа қызметінде мойнына біраз жауапкершілік алды. Өзінің қалыпты мінезінен таймады. Ел аудан әкімінің алдына бара бермей, Аужекеңнің алдынан қайтатын болған.

Кейін аудан әкімдігінің экономика комитетінің төрағасы қызметінде отырды. Сонда да алдынан кісі үзілмеді. Шындық іздеп келеді. Әділдік іздеп келеді.

Әкім болмаса да, соны шешуге тырысты. Алдымен іс түйінін саралап алады, шешімінің кімнің қолында екендігін біліп алады. Сонан сүйрей жөнеледі. Әйтеуір, тындырып қайтатын.

Мұндай жандардың, әрине, тылы мықты болады. Құдай қосқан қосағы Тиыштай апамыз – сондай жан. Қырық жылға жуық уақыт ұстаз болды. Халық ағарту ісінің үздігі атанды.

Ал, Ерланы – аудандағы жаңашыл кәсіпкерлердің бірі. Бануы – аудан орталығындағы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Аман ағамыз бүгінде 80 деген жасына келіп отыр. Жақсы келді. Жақсы отыр.

Қашанда жақсы болсыншы. Кешегі Жақсы Жанқұтты атанған Жанқұтты бидің ауылы ғой.

Жұғысты болса екен…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button