Руханият

Ұлы Абайды ардақ тұтқан Әлихан

Қолына алған шағын кітапты әлі қарап отыр. Өткенге ой жүгіртіп, болашақты болжаған сыңайы бар. Бұл шағын кітап Абай Құнанбайұлының Санкт-Петербургтегі «Бурганский» баспасынан жарық көрген тұңғыш жинағы еді. Оқи-оқи кейбір өлеңдерді жатқа да айтатын болды. Тіпті, бұл өлеңдерді баспадан шықпай тұрған, қолжазба күйінде оқығанда есінде сақтаған еді. Егер табан астында айтып бер десе де ағыза жөнелердей:

«Жазғұтырым қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі».

«Мынау нағыз жаз бейнесі! Бір ауыз артық сөзі жоқ. Ахмет осыны білген екен ғой. Ойпыр-ай, біздің Ахметтің білмейтіні болсайшы…».

Осыны ойлаған Әлекең басын шайқап біраз отырды. Одан сайын терең ойға кетті. «Япыр-ау, осы біз өзіміздің алтынымызды көрмей тұрып, елдің жасығына қызығатынымыз қалай? Мұндай сурет озық ойлы Еуропа ақындарының өзінде өте сирек кездеседі».

Иә, ол – Абай! Абай Құнанбайұлы. Тобықтыдан шыққан, әкесінің жолын қуып, өзі де болыс болған, атақты болыс, тамам жұртқа танымал Өскенбайдың Құнанбайының баласы. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп Абайдың өзі айтқандай, әттең шіркін, дер кезінде біле бермейтініміз өте өкінішті.

Әлекең Абай есімін ғасыр басында естіген еді. Ресей астанасында оқып жүрген шағы болатын. Еліне – Желтауға барып, қайтар сапарында Қарқаралыға соққан. Осындағы үш сатылы мектептің директоры Ахмет Байтұрсыновпен бұрыннан таныс еді. Әдейі соққандағы мақсаты – Ахаңа жолығу болатын. Екеуі мектеп дәлізінде құшақтаса амандасты.

Директордың кеңсесінде хал-жағдай мен амандық-саулық сұрасып болған соң әңгімені көпке созбай, елде болып жатқан жағдайға бірден ауысты.

– Қарашекпендер қаптап барады. Егер мұны тоқтатпаса, біздің халық ертеңгі күні жерсіз қалып, малын жайылымға шығара алмай қалады. Сондықтан да, осы мәселені терең ойластыруымыз қажет.

– Бұл туралы тиісті жеріне жазбаса болмайды. Осы жай мені де қатты толғандырып жүр, – деп Ахмет те қостап қойды.

– Иә, Аха, сіз бұл жайды жақсы білесіз. Бұған біздің халқымыздың қара танымайтын сауатсыздығы қатты бөгет болып тұр. Көп жағдайды қалың жұртшылық әлі түсіне бермейді.

– Тап солай, Әлеке, біздің мектепте оқитындардың барлығы осы Қарқаралының казак-орыстарының балалары. Бірлі-жарым ғана байлардың балалары бар. Ол туралы мына Шыңғыстаудың қазағы Абай былай деп жазыпты:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?..»

Міне, көрдіңіз бе, ақын біздің халықтың оқу-білімге ұмтылмайтындығын тап басып айтқан…

– Мұны жазып отырған Абай деген кім?

– Тобықтының бір адамы. Семейден тек үш кластық медрессе ғана бітірген. Бұдан кейін оқи алмай қалыпты. Мен оның өлеңдерінен нағыз ақындықты көріп отырмын. Оның жазу үлгісі мүлде жаңа. Біздің мына ауыл ақындарындай емес. Бұрынғы қазақтың фольклор нұсқасында қалыптасқан поэзиясына мүлде ұқсамайды. Ойыңдағыны дөп басып, тура айтады…

Абай туралы Әлекең жақсылап сұрап алды, кейбір жайларды қағазына түртіп қойды. Ахаңның жазып алғандарын оқып, шын тұщынды. Осыдан бастап құлағын түре жүріп, Абай туралы естігендерімен толықтырып отырды.

Семей облысы статистика комитетінің мүшелігінде Ибрагим (Абай) Құнанбаев та болды, бұл кезде Әлихан да осы комитеттің құрамында еді. Өлеңдерімен Ахаң арқылы танысқан, әрі «Дала уәлаяты» газетінде жарияланып жүретін, газет бірнеше рет «данышпан Ибраһим» деп атаған, «Жаз» деген өлеңінің аудармасымен осы газеттің орысша қосымшасы арқылы танысқан ақынды келер-ау деген үмітпен Әлекең комитет отырысынан қалмауға тырысты. Бір жолы ол жолықпаққа тырысқан, бірақ есіктен кіріп келе жатқанда бұрыштан сығалап тұрған «салпаңқұлақтың» бірін байқап қалған. Содан да «жолығамын» деген ойынан тез айныды. Жолыққан, сөйлескен адамдарының барлығының соңына шала байланатынын, тексеріп әуреге салатынын Әлихан жақсы білетін. Абайдың жанынан еріксіз үнсіз өте шығуына тура келді. Данышпан ақынды әуреге салуға себепші болғысы келмеді. Сөйтіп, кездесуді келесі жолға қалдырған еді. Бірақ, науқасқа шалдыққан Абай бұдан соң комитеттің отырысына келе алмай қалды. Оған кейіннен естілгендей, сол 1903 жылы 25 сәуір күні патша жандармериясы Абайдың үйін тінтіп, бір шабадан қолжазбасын алып кеткендігі де себеп болған сияқты.

Бұл оқиға ойына түссе әлі күнге дейін Әлекеңнің іші ашиды. Уезд бастығы Навроцкий акті жасап, қол қойып алып кетіпті. Кейіннен араб қарыптарымен жазылған қолжазбаларда, газеттер мен журналдарда, кітаптарда үкіметке қарсы ештеңе жоқтығын жазғанымен сол шабадан сол беті үшті-күйлі жоғалды. Қазақтың даналық ақылойына, әдебиетіне орны толмас нұқсан келгенін ойлағанда Әлекеңнің сай сүйегі сырқырайды. Қаншама асыл мұра жоқ болды. Оны іздеуге де Абайдың мұршасы болмай қалды. Содан жылға толмай, өзі қайтыс болып кетті.

Айтпақшы, Әлекең Абайды екі рет әдейі іздеп барған еді. Бұл туралы ол ешкімге тіс жарған жоқ. Бірінде Щербина экспедициясымен жүрген шағы болатын. Онда да салпаңқұлақтардың қырағы көздерінен тасаға кете алмайтын. Оның үстіне экспедиция басшысының өзіне де сенім жоқ. Жер жағдайын жақсы білетін Әлекең бұлардың қосыны Абай аулына жақын жерге келіп орналасқанын сезді. Жақын маңдағы ауылдардан сұрастырып білсе «мына қырдың астында» дейді. Қазақтың «осы жер» дегені, «көш жер» болатын бұл жақсы түсінеді. Күні бойы экспедицияның тиісті жұмысымен ел-жұртпен сөйлесіп, деректер жинап жүріп қай қыр екенін, неше қыр екенін анықтап алған. Сонда білгені – Абайдың жайлауы осы жерден небәрі үш-төрт шақырымдай ғана. Ертеңіне Абай аулына ат басын әдейілеп бұрды.

Қыр асқан кезде жағалай орналасқан ақ шаңқан киіз үйлер бірден көзге шалынды. Төменгі жақта кедей-кепшіктердің қараша үйлері тігілген. Кәдімгі өздері көріп жүрген ауылдардан еш өзгешелігі жоқ. Сақтық жасауды Әлекең қашан да бірінші орынға қояды. Өйткені, тыңшылар өзі сөйлескен адамдардың соңына түсетіндігін жақсы біледі. Осы экспедиция қызметкерлері арасында да бір тыңшы жүргендігіне бек сенімді. Сондықтан, Абайдың үйіне бірден жетіп бармай, алдын ала барлау жасады. Сөйтсе, Абай осыдан екі-үш күн бұрын бір жұмыстармен Семей жаққа жол жүріп кетіпті. Өзінің жолыға алмай қалғанына қатты қапаланды. Бірақ, Әлекеңнің елде жүргенін естіген Абайдың немере інісі, өзінің туған бөлесі Шәһкәрім келіп, біраз әңгімеге қанықтырды. Одан Абайдың көптеген жаңа жырларын жазып алды. Ақын туралы көптеген мағлұматтарға қанықты. Бұлардың барлығы да ақын туралы өз ойларын ортаға салып, оның асқан ғұламалығын тамсана айтумен болды. Кәкітаймен үш жыл бұрын күз айларының бірінде танысқан еді. Ол да келіпті. Бірақ, жүрген жерінде дабырлата беруді онша ұната қоймайтын Әлекең олардың мал сойып, қазан көтеру туралы ұсынысынан сыпайы ғана бас тартты. Басқа бөтен ешкімді қосудың жөні жоқ екендігін де ескертіп өтті.

Осы отырған өзіміз де бір ауыл адамға татимыз ғой. Шәкеңнің өзі-ақ тыңдаушы да, айтушы да бола алады…

Шамалы ойланып алды да:

– Солай емес пе, бөле? – деп Шәһкәрімнің бетіне жымиып қана қарады.

Онша көп жымия бермейтін, оның суық жүзіне жылу ұялағандай болды. Одан соң Кәкітайға қарады:

– Өзіңнің не жазғандарың бар? Мүмкін ортаға саларсың…

Әлекеңнің назар аударғанына марқайып қалған Кәкітай көп ойланған жоқ, кейінгі жазғандарынан бір-екі өлең оқып берді.

Сол кеште жас ақындар Әлекең алдында бір көсілгендей болып, көңілдері өсіп қалған еді. Ол кісі бұлардың талаптарын шыңдай берулеріне тілектестік білдіре отырып, өлеңге деген көзқарастың, оны халыққа жеткізудің жолдарын, көркем тәсілдерін Еуропа ақындарынан, олардың орыс ақындары Пушкин мен Лермонтов арқылы жеткен жырларынан, солардан тәлім алған ақын Абайдан үйрену керектігін баса айтты. Алаштың болашақ басшысының кейбір сөздеріне қарағанда Абай ағаны ол көптен білетін, тіпті, жақын біліс адам сияқты болып көрінді. Бірақ, олардың көкейіне «Қашан және қай жерде кездестіңіз?» деген сұрақ ұялағанымен, ешқайсысының батылы жетіп, ауыз аша алмады. Көп ұзамай Әлекеңдер аттанып кетті де, жолаушылар қыр асқанша бұлар соңдарынан ұзақ қарап тұрып қалды…

Үлкен Кисловский мүйісіндегі үйінің пәтерінде отырған Әлекеңнің сырт қараған адамға қолы бос, істейтін ісі жоқ кісі болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ, ол жазудан қолы босамайтын, тек қалт еткен кей сәтте өткен өміріне көз салып, өзінің бастан кешкендерін жиі еске алатын болып алған. Бірде ақын Абайды іздеп, сонау Жидебайға екінші рет барғаны ойына оралды.

…Мамырдың соңғы күндері еді. Бұл уақытта Арқада қар аралас жаңбыр жауып, күннің суытатыны белгілі. Осы күндері киіктер лағын өргізетін болғандықтан, Арқа қазағы оны «құралай» деп атайды. Соның салдары болар ауа райы салқын тартып тұрған. Өзі көрген баяғы Шыңғыстау сол бұрынғы қалпында. Дегенмен көз алдына түнеріп, қалың ойға берілген, қажыған қарт сияқты елестеді. Неге бұлай көрінгенін, өзінің ойына ондай көріністің қайдан келгенін түсіне алмаған. Табиғат пен адамның ішкі жан-дүниесі егіз болатындығын білетін Әлекең оны көп жағдайда байқап та жүрген. Бұл жолы, тіпті, айнымай тура келді. Абай аулына жеткенде ақынның қатты науқас екенін естіді.

Әдеттегісінше ешкімге дабыраламай, қайда барытынын жарияламай Омбыдан әдейі арнап шыққандағы мақсаты – Абайды бір көру, биылғы жылы 14 мамыр күні дүниеден өткен, әлі қырқы да берілмеген, жақсы көретін ұлы Мағауияға көңіл айтып, құран бағыштап, ақын Абайды жұбатып қайту болатын. Алғашқы барған сапарында жолыға алмай қалған өкініші көпке дейін көкейінен кетпей жүрген еді.

Бұрыннан танитын Кәкітай мен Шәһкәрімдер қарсы алған. Олар Абай ағаның қазіргі халін қазақтың салтымен тұспалдап жеткізген.

– Ақын ағаның науқасы дендеп кетті, бөле. Үй іші ешкімнің кірмегенін дұрыс көріп отыр, – деді Шәһкәрім жағдайды жеткізіп болған соң.

Бұл сөздің мағынасын Әлекең жақсы түсінді.

– Сонау Омбыдан ат арытып келгенімде ақынды көрмей кеткенім дұрыс бола қояр ма екен? Қалай ойлайсыңдар?

Маңында тұрғандар бұл сөзге қарсы уәж айта алмады. Бір-біріне қарап тұрып қалды. Сол сәтті пайдаланған Әлекең есікке қарай беттеді. Жақын тұрған жігіттер есік ашып, оны Абай жатқан бөлмеге қарай бастап жүрді.

Әлекең кіргенде Абайдың төсекте сұлық жатқанын, оның жанында ауыл молласының дем салып отырғанын көрді. Қонақтар келіп, Абайдың төсегінің жанына тізерлей келіп жайғасты. Молла бір тыныс алған сәтте Әлекең жақындап, ақынның қолын алды да, қоштасқан ниетпен алақанына ұзақ салып отырып қалды. Көзі жұмулы жатқан жүзіне көз тастағанда бұрынғы өзі көрген Абайдың денесі арып, жүдегенін байқады. Осыдан бір жыл бұрын Семей облысы статистика комитетінің мүшелігінде болған олар, бір мәжіліске бірге қатысқан еді. Бірақ, бір-екі ауыз ғана тілдескені болмаса, уақыттың тарлығынан сөйлесе алмай қалып еді. Сол өкініштердің барлығы Әлекеңнің тамағына өксік болып тірелді.

– Алла жеңілдігін берсін, – деп орнынан көтеріле бере тағы да көз салған еді, кірпігі дір етіп, көзін ашқысы келгендей сыңай танытты, бірақ қабағын көтеруге шамасы жетпеді.

Жидебайдан еңсесі түсіп, аса ауыр көңіл-күймен, үнсіз ғана аттанды. Табиғаттың өзі де тұнжырап, аспанды түсі суық қара бұлттар торлап, жақындап келе жатқан оқиғаны алдын ала хабардар етіп тұрғандай болды.

Көп ұзамай Абайдың дүниеден қайтқан хабары да жетті. Сол күнгі Әлиханның ішкі жан-дүниесінің қалай аласапыран, алай-түлей болғандығын айтып жеткізудің өзі қиын. «Ішім өлген, сыртым сау…» деп Абайдың өзі айтқандай жағдайға түскен. Дегенмен, өзіне-өзі келіп, есін тез жиды. Дереу қолына қаламын алып, Абайға арнаған қазанамасын жазуға кірісті. Жүрегі қан жылап отырып жазып шықты.

«Семипалатинский листок» газетінде бастырған қазанамасында: «Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада императорлық Россияның Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі басып шығарады» – деп жазған еді.

Әлекең уәде үдесінен шықпақ болған. Кітапты дайындау барысында қиыншылықтар көп болды. Ол кезде жазу машинкасы деген жоқ. Сондықтан да, Абайдың қолжазбасын тасқа басу кезінде анық оқылатындай ету керек болатын. Оның да жолы табылды. Ауыл молдасы Мүрсейіт Бікеұлы өзінің маржандай жазуымен бүкіл өлеңдері мен ғақлия сөздерін көшіріп шықты.

Кәкітайды шақырып алды. Омбыға арнайы келген ол екі айдай жатып, Еленаның шайына қанып ішіп алған соң столға отырады. Әлекеңнің айтуымен Абай өлеңдерін бір жүйеге келтіріп алып кетті. Бірақ, қандай да болмасын бір кедергілер кездесе берді. Ақыры кітаптың Семейден шықпайтыны белгілі болды.

– Бұлай істеуге болмас. Енді басқаша жолын іздейік, – деді бір күні шешімді сөйлейтін Әлекең Кәкітайға қарап.

Елден Тұрағұл да келген болатын. Ол да басқа қаладан шығару жолын қарастыру туралы ұсынысын айтты. Ақыры үшеуі келісіп отырып осылай еткеніміз дұрыс шығар деген тоқтамға келген.

Одан соң ақын Абайды халыққа таныстыратын алғысөз керек еді. Әлекең оны да өзі жазып шықты. Бірақ, өз атынан жария ететін болса, тағы да қиындықтар одан да арта түсетінін сезіп, Кәкітайдың аты-жөнін тіркеді.

Бірақ, кітап көпке дейін жарық көрмей, ақырында 1909 жылы Кәкітайдың алғысөзімен Санкт-Петербургтегі «Бурганский» баспасынан басылып шықты. Патшалық биліктің жергілікті әкімшілігіндегілер Абайдың кітабын қасақана шығартпай отырғанын түсінген Әлихан әдейі сонау Ресейдің астанасында бастырды.

Бұл туралы кезінде Міржақып Дулатов:

«Не шара?! Қазақ әдебиетінің атасы, алтын әріппен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа тарап, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен бес жыл өткенде басылды», – деп жазған болатын.

Әлекең кейінгі кездері елді, ауылды жиі есіне алатын болып жүр. Сондай сәттерінде қолына Абайдың жинағын алып, өлеңдеріне бір көз жүгіртуді әдетке айналдырған. Бұл жолы да жинақты қолына алып, Құран Кәрімді ұстағандай, сыртын мұқият сипап өтті, бірақ бетін ашқан жоқ, орнына қайтадан қойды. Абай әлеміне бір кіріп кетсе, шыға алмай қалатынын түсінген ол столына жайғасты да, жұмысын жалғастыра берді…

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button