Жаңалықтар

1100 ерекшелігі бар бала «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен спорт секцияларына қатысып жүр

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасап, халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуға және барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту мәселесі бойынша нақты тапсырма берген болатын.

Осы орайда, «Самұрық-Қазына» АҚ қоры аталған шаралар аясында кешенді жұмысты жүзеге асырып келеді. Қордың қолдауымен еліміздің 21 қаласы мен елдімекенінде тегін инклюзивті және бейімделген спорт секцияларының желісі құрылып, 1 100 ерекшелігі бар бала спорттың 12 түрі бойынша жаттығу шараларына қатысады.

«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының «Саламатты Болашақ» жобасы 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қорға қарасты компаниялар тобы атынан бірыңғай қайырымдылықтың операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен іске асырылуда.

«Саламатты болашақ» жобасында ерекше балалардың ата-аналарының арманын орындау көзделген. Мұнда ерекше балаларға арналған бочча, голбол, адаптивті жүзу, адаптивті каратэ, адаптивті таэквондо, адаптивті дзюдо, адаптивті пионербол, адаптивті футбол, бейімделетін жеңіл атлетика, инклюзивті хореография секілді спорт түрлерімен шұғылданады. Жыл бойы спортпен шұғылдану балаларға қымбат тұратын оңалту шараларының орнына нағыз достар табуға, өзіне деген сенімділікті нығайтуға, ынта-жігерді оятуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда спорт секциялары Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, ШҚО, Абай, Жамбыл, Жетісу, Қостанай облыстарында бар.

Сондай-ақ, жоба аясында отандық жоғары оқу орындарында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен ынтымақтастықта алғаш рет бейімделген дене шынықтыру бойынша мұғалімдер дайындау қолға алынып, білім беру бағдарламаларына «Бейімделген дене шынықтыру» пәні енгізілді.

Өңірлердегі спорт секцияларында тәрбиеленіп жүрген балалардың ата-аналарымен сұқбаттасқан едік, көңілдерін қуаныш кернеген ана жүрегі әр түрлі оқиғаларды айтып берді. Оның алғашқысы талдықорғандық Марина баласының жетістіктерін айтып, көңіліндегі қуаныш сезімін жеткізді.

Марина – Талдықорған қаласының адаптивті жүзу секциясындағы тәрбиеленуші Дмитрийдің анасы:

– Бүгін ұлым Диманың сәтті қадамдары туралы айтып, көңілім қуанышқа толы болып  отыр. Менің ұлым 17 жаста және «ерекше бала». Оның өмірге келген сәтінен бастап көптеген емдік шараларды басымыздан өткердік, бірнеше рет «бейімделген дене шынықтыру», «сенсорлық интеграция» секілді ақылы мамандардың қабылдауында болдық. Алайда ұлым жүзуді армандайтын, өйткені Дима суды өте жақсы көреді. Біздің арманымыз орындалып, қаламызда бейімделген спорт секциялары пайда болды. Жоба барысындағы бір жылдық жаттығулар негізінде ұлым оң нәтижелерге қол жеткізді. Өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылған «Children Paralympic Games» фестивалінде Дмитрий жүзуден І орынға ие болды. Осы сәтті пайдаланып, барлық демеушілерге алғысымды жеткізгім келеді.

Жанар – Павлодар қаласындағы адаптивті таэквандо секциясының тәрбиеленушісі Мансұрдың анасы:

– Мансұр дүниеге сап-сау болып келді. Бірақ, екінші екпе вакцинациясынан кейін денсаулығымызға байланысты кедергілер туындады: ол кеш жүре бастады, иммунитеті төмендеді, тек 6 жасында тілі шықты. Ол өз жасындағы балалардан кеш қалып, артта қала бастады. Оның диагнозы – орташа ақыл-ойдың артта қалуы және мүгедектік. Біз Ресейде емделдік, логопедпен, дефектологпен, психологпен, жаттығу терапиясымен, массаждармен көптеген сабақтар өткіздік. Бір жыл бұрын ғана «Саламатты болашақ» жобасымен таныстық. Ұлым адаптивті таэквандо бөліміне бара бастады. Басында қиын болды, бірақ біздегі білікті мамандардың арқасында ол әдістерді үйреніп, қиындықтарын жеңді. Мансұрдың бұл секцияға деген қызығушылығы соншалық, бір жыл ішінде 2 жылда үйренетін балалардың деңгейіне жетті. Біз «Samruk-Kazyna Trust» және «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорына өз алғысымызды жеткізгіміз келеді. Өйткені жобаның арқасында біздің балалар қатарынан қалмауда.

Гүлнәр – Қарағанды қаласындағы инклюзивті хореография тәрбиеленушілері Карина, Адия және Фатиманың анасы:

–  Алғысым шексіз.  Өйткені, біздің де шыңдарды бағындыра алатынымызға көзіміз жетті.  Ерекшеліктері бар балаларға сенімділікті және жеңістер мен марапаттардың бақытын сезінуге берген мүмкіндік үшін айтар алғысым шексіз. Баланның үлкен сахнада бақытты болып өнер көрсеткенін көргенде, көз жасыңа ерік береді екенсің. Ертеңгі күнге сыйлаған үміт үшін «Самұрық-Қазына» қорына шексіз алғысымды жеткіземін.  

 – Жоба ерекшелігі бар балалар арасында бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді проблемаларды шешуге бағытталған және де оқу-әдістемелік әзірлеме, мүгедек балалардың психофизикалық жағдайына жаттығу сабақтарының тиімділігі бойынша ғылыми-зерттеу қызметі, бейімделген спорт секцияларын құру кіреді, – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Айта кету керек, жыл сайын жоба аясында «Children Paralympic Games» инклюзивті спорт фестивалі өтеді. Биыл бұл фестиваль 1-4 маусым аралығында Астана қаласында өтеді. Шараға еліміздің аймақтарынан 380 ерекше қажеттіліктері бар бала мен жасөспірімдер қатысады деп жоспарлануда.

Шараның мақсаты – балалар мен жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар, бұл балалардың бір-бірімен танысуына үлкен септігін тигізетін орта.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button