Ресми

Автопарктің ахуалы нешік?

Осыдан бірер жыл бұрын мамандар алдағы 5 жылда елімізде жолаушы тасымалдау саласы тоқырап қалуы мүмкін деп дабыл қаққан. Себебі, Қазақстандағы автобустар базасы әбден ескірген. Әсіресе, облыстағы жағдай, тіпті, ушығып тұр еді. Өңірдегі қоғамдық көліктер базасының жартысынан көбі тозды деген мәселе көтерілген. Арада екі жыл өтті. Жаңарту шараларының қандай деңгейде атқарылғанын көру үшін автопарктердің біріне бардық.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

126 автобус жолға шықты

2022 жылы қаланың ішінде бірнеше автобус отқа оранып, дүрліктік. Ұзаққа қатынайтын қоғамдық көліктер де Арқаның қақаған қысына шыдас бермей, жолда қалдырған. Өйткені, ескі. Көбі 1980-1990 жылдары құрастырылған. Сол оқиғалардан кейін қарағандылықтар автобус­тардың техникалық жағдайына шағымдана бастады. Аймақ басшылығы да шаруаға білек сыбана кіріскен. Мәселен, былтыр қала бойынша 126 жаңа автобус сатып алынды. Басым бөлігі – Саранның автобустары. Мамандардың сөзінше, өзімізде құрастырылған автобустардың сапасы көңіл көншітеді. Барлық стандарттарға сай.

№3 автопарк

№3 автопаркте жалпы саны 448 қоғамдық көлік бар. 2019 жыл­дан бері 225 жаңа автобус са­тып алған. Яғни, базаның 50%-ы жаңартылған. Бұған дейінгі жаңарту 2013 жылы жүзеге асқан. Автопарк басшылығының сөзінше, бұрындары автобустар шамамен алғанда 17 жылдан кейін ауыстырылып отырған. Қаржылық жағдайға байланысты дер кезінде алмастыруға мүмкіндік болмаған. Амалсыздан техниканы әбден тозығы жеткенге дейін пайдаланыпты. Қазіргі жағдай басқа.

Қанша жерден жаңа десек те, техникаға уақытылы күтім жасап тұрмаса болмайды. Автопаркте қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын жақсартып отыратын 17 цех бар. Қозғалтқыштары үшін бөлек бөлім жасақталған. Негізгілердің бірі. Қозғалтқыш қораптар секілді басқа да маңызды бөлшектерге жауапты цехтар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Май басқандарын химиялық қоспамен тазартады. Автобустың өн бойындағы электр қуатын тарататын сымдарға жауапты мамандар өз алдына бір цех. Автопарк бүлдіргіш «вандал» жолаушылар қиратқан орындықтар мен өзге де ұсақ-түйектерді қалпына келтіретін шеберлер бригадасымен қамтылған. Кірлеген орындықтар жабындысы мен әйнектердегі перделерді жуатын қызметкерлер де бекітілген кестемен қызмет атқаруда.

Жүргізушілерге де тиісті жағдай жасалған. Қала арасында жолаушы тасымалдайтындар­ға жа­тақхана бар. Мұнда 26 орын бар. Таңғы, түскі, кешкі ас бе­рі­летін жеке асханасы жапсарласқан.

Автопаркте жылумен қамтамасыз ететін жеке пеш орнатылған. Пеш газбен жанады. Газ құрылғысы істен шыққанда қосалқы пеш іске қосылады. Қосалқысына сұйық отынды, яғни, дизельдің қалдығын пайдаланады.

Автопаркте жалпы саны 1058 адам жұмыс істейді. Оның 600-і – жүргізуші.

– 2017 жылға дейін қаржылық жағдайымыз ауыр болды. Авто­бус­тарымыз әбден ескіріп кеткенін бәріңіз білесіздер. Содан кейін субсидия бөлініп, былыққан біраз шаруаны біртіндеп реттей бастадық. Жолақы қабылдау электрондық жүйеге ауыстырылды. Яғни, жүргізушілердің көлеңкелі табысын тыйып, кірісті толықтай бақылауға алдық. Бұл шаралар аймақ басшылығының қолдауымен атқарылды.

Жүргізушілердің де, басқа да жұмысшылардың да жалақысы бүгінде әжептәуір көтерілді. Еңбек­ақы – 300-400 мың теңгенің айналасында. Жұмыс орнындағы тазалық қатаң сақталады. «Өндірістегі мәдениет» принципін ұстанамыз, – деді №3 автопарктің директоры Артур Григорян.

 

Шешімін таппай тұрған мәселелер де жоқ емес. №3 автопарк­те әлі күнге дейін жүргізушілер тапшы екен. Бұған себеп бар. Жастар жағы бейнеті көп мамандыққа жуықтай қоймайды. Өйткені, таңнан кешке дейін бір орында тапжылмай отырып, жолаушы тасымалдау – оңайға соқпайды. Оның үстіне, қоғамда «жүргізушінің» беделі төмен деген түсінік қалыптасқан. Автопарк басшылығы жастар әлі күнге дейін жылы кабинеттерде таза киіммен жүретін жұмыстарға әуес деп отыр.

– Табысы көп, бірақ, жұмысы оңай деген мамандық жоқ. Әрқайсының өз машақаты бар. Қиын болса да, жұмыстың аты – жұмыс. Бастысы – табыс табу, бала-шағаңды асырау. Қазіргі жастар бейнеттен қашатын секілді. Бізде қазір жалақы көбейген. Автобустар да жаңа. Бұрынғыдай жиі істен шықпайды. Бір сөзбен айтқанда, қажетті жағдай жасалған, – деді Артур Григорян.

Тариф пен нарық

Қала ішінде қатынау – 80 теңге. Onay төлем картасы арқылы төлесеңіз ғана. Бұл тариф осыдан 10 жыл бұрын бекіген. Содан бері өзгеріссіз. Жолаушы тасымалдау саласының мамандары осы меже қазіргі нарыққа мүлде сәйкес келмейді деп отыр. Автобустарды жаңартуға, соларды күтіп ұстауға, жалақы мөлшерін көбейтуге жеткіліксіз. Бүгінде автопарктер мемлекетке алақан жаюға мәжбүр. Өз табыстарымен күн көре алмайды. Қазақстан бойынша жол ақысы төмен қалалардың көшін Қарағанды бастап тұр. Автопарк басшылығы алдағы уақытта тарифті көтеруді жоспарлап отырғандарын айтты. Қазір қала басшылығымен жан-жақты ақылдасып, жоспарды пысықтап жатыр екен.

– Жол ақысын оп-оңай көтере алмаймыз. Бірнеше кезеңнен өту шарт. Қымбаттатқан күннің өзінде 120 теңгеден әріге бармаймыз. Өйт­кені, жол ақысы ең қымбат қала – Орал. Сол межеден асуға әсте болмайды. Бүгінде автопарк басшыларымен келіссөздер жүргізіп, мәселені талқылаудамыз, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Әлеуметтік желіде жолаушыларға дөрекілік танытқан автобус жүргізушілері қызу талқыланып жатыр. Автопарк басшылығы мен әкімдік өкілі әдептен озғандарды жөнге салу үшін тиісті шаралар атқарылып жатқанын айтты. Автобустардың межелі уақытынан кешігуі де наразылық тудыруда. Бұған да бірнеше себеп бар. Жоғарыда айтылған жүргізушілердің жетіспеушілігі – басты себептердің бірі. Боранды күндері жолдардың уақытылы тазартылмауы да қозғалысқа кедергі дейді жауаптылар.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button