Ауыл берекесі – ынтымақ пен бірлікте
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет» деген болатын. «Ауыл» партиясының берік ұстанымы Президенттің дәл осы талап-тапсырмасымен терең үндесіп жатыр.
Биылғы жылы «Ауыл» партиясының Қарағанды облысының өңірлік филиалы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Қарағанды облысы бойынша 19209 партия мүшесі тіркелген. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында бастауыш партия ұйымдары қызмет атқаруда. Партияның жаңа мүшелерін тарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Нұра, Бұқар жырау, Шет, Қарқаралы аудандарының шаруа қожалықтарының, Қарағанды, Теміртау қалаларының ұн өңдеу кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылды. 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында партияға 300-ден астам жаңа мүше қабылданды.
Бүгінде облыстың ауылды мекендерінде 225 мың адам тұрады. Олар 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрін өндіріп, миллионнан астам қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Келтірілген дәйекке мән бермеуге әсте болмас.
Ал, партия жұмысының облыста белсенді атқарылуына көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан партия белсенділерін атап өтпеу мүмкін емес. Олардың қатарында Т.Мәжитов, В.Галунов, А.Тұрмұхамбетова, М.Баймағанбетов, А.Әбішев, А.Әмірова, Н.Шахарбаев, А.Әбдікаримов, Е.Торыбаев, А.Байлен, Б.Майпасова, К.Жақыпбеков, С.Шәймағанбетов, В.Шестернин, К.Әлиақпарова, В.Шипилов және тағы басқалары бар.
Наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, облыстық, қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлауға партия мүшелері белсенді қатысып, облыс бойынша «Ауыл» партиясынан облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға 13 депутат сайланды.
Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, халықпен кездесулердін қорытындысы бойынша және сайлаушылардың тиісті сауалдарының негізінде мәслихаттарға «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар арқылы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың жұмыс жоспарларына бірқатар мәселелер қосылды. Атап айтқанда, ауыл кооперативтерін дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияларды енгізу мәселелер, жүн мен теріні қайта өңдеу, облыс халқын жоғары сапалы, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдарда фельдшерлік пункттерді салу немесе жеке тұрған ғимаратпен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту, ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмектермен уақытылы қамтамасыз ету үшін автодәріханаларды енгізу, ауыл жастары үшін білім беру гранты мен жұмыс орнын ұсынуға кепілдік беретін «Ауылдан – диплом алу үшін» бағдарламасын әзірлеу, ауыл тұрғындарының жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуі және ауыл оқушыларын қашықтықтан оқыту жағдайы. Одан бөлек, бұқаралық спорт түрлерін және ауыл тұрғындарының мәдени бос уақытын дамыту үшін спорт ғимараттары мен мәдениет нысандарын тиімді пайдалану, ауыл жастары үшін бизнесті дамыту мен қолдауға облыс әкімінің гранттарын бөлу, ауылдық кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау, мәдениет үйлерін жөндеу, ауылдық жолдардың жай-күйі және оларды күрделі қайта құру, «Бір белдеу, бір жол» мемлекетаралық бағдарламасы бойынша Қытай инвестициясын тарту арқылы Қарағанды-Қарқаралы-Қайнар-Аягөз-Қытай төрт жолақты автобан салу сынды мәселелер сап басында.
10-13 шілде аралығында Парламенті Мәжілісінің «Ауыл» партиясынан сайланған депутаты Т.Серіковтің Қарағанды облысына жұмыс сапары ұйымдастырылды. Ол Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет аудандарының фермерлік шаруашылықтарында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Мәжіліс депутаты Т.Серіковтің алдында жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі көтерілді. Аудандар бөлінісінде ауыл шаруашылығы жануарларының, шаруа қожалықтарының, жеке қосалқы шаруашылықтардың санына сүйене отырып, жайылымдық жерлерге деген қажеттілікке жүргізілген талдау жайылымдардың жоғары тапшылығын көрсетеді. Облыс аумағында жайылымдық жерлер біркелкі пайдаланылмайды. Елді мекендер айналасындағы жүктеме жүгі ауыр болғандықтан, жайылымдар деградацияға ұшырайды. Бұл ретте, шалғайда орналасқан елді мекендердегі жайылымдар тиімді пайдаланылмайды. Негізінен суарудың және жануарларды ұстау үшін қажетті инфрақұрылымның болмауына тікелей байланысты.
Осыған орай, фермерлер мен ауылдық округтердің әкімдері шалғайдағы жайылымдарды жайластыру (ұңғымалар бұрғылау, суару жабдықтарын орнату) және жеке қосалқы шаруашылықтарда үй жануарлары санының нормаларын бекіту мәселелерін көтерді.
Облысқа жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі ойластырылған, егжей-тегжейлі кешенді іс-шаралар жоспары тым қажет.
Заңнамада елді мекендер шекараларының маңында конкурсқа шығарылатын жер учаскелерін тізбеден алып тастау жөніндегі норманы, банкте кепілге қойылған жер учаскелерін мемлекет меншігіне алу тетігін көздеу керек.
Деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру, шабындық және жайылымдық жерлерді түбегейлі жақсарту бойынша шаралар кешенін әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударған жөн, ол үшін жер учаскелеріне үнемі топырақтық талдау жүргізу, оларды суару қажеттілігін, минералды және органикалық тыңайтқыштарға деген қажеттілікті анықтау қажет, көпжылдық шөптер тұқымдарының өндірісін субсидиялау мәселесі шешуді талап етеді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін субсидияларды дәйекті түрде ұлғайту және пайыздық мөлшерлемені төмендету мен негізгі борышты қайтару мерзімін ұлғайту бөлігінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін техниканы лизингтік кредиттеу шарттарын қайта қарау маңызды.
Жоғарыда аталған ұсыныстардың барлығын орталық уәкілетті органдарға тапсыру үшін Мәжіліс депутаты Т.Серіковке сауал жолданды.
Биылғы жылдың 25 шілдесінде «Ауыл» партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Баққожаев пен «Ауыл» партиясының Қарағанды облысы бойынша активінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шет, Осакаров, Нұра аудандарынан келген фермерлер өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мал басына субсидия бөлу мәселесі шешілмеген.
Облыста 94 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның 48-і – ет және 46-сы – сүт бағытында жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ең күрделі салаларының бірі тері мен жүнді қайта өңдеу.
Өңірдегі ауыл тұрғындарының алаңдайтыны – Ұлттық экономика министрлігі Қарағанды облысының келешегі жоқ ауылдарының тізбесін қандай негізде ұсынғаны, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджеттік қаржыландыруға енгізілмеген 196 ауыл қандай критерийлер бойынша келешегі жоқ деп айқындалғаны болып тұр.
Жоғарыда көтерілген бір қатар мәселелер туралы Мәжіліс депутаты А.Баққожаев қатысушыларға тиісті өкілетті органдарға жеткізетініне сендірді.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Т.Рахымбеков пен облыс әкімінің орынбасары Б.Асановтың төрағалығымен 2023 жылғы 28 тамызда ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Шараға «Ауыл» партиясының орталық аппараты мен Қарағанды облыстық филиалының басшылары, облыс әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен мамандары, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, суармалы егіншілік саласындағы мамандар мен ғалымдар, облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басшылары қатысты.
Жиын барысында Қазақстанның су шаруашылығы проблемаларын шешу бойынша «Ауыл» партиясының Парламентке, Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындауы үшін облыстағы ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету жағдайын зерттеу; құдықтар салуға, ұңғымалар бұрғылау мен жайластыруға мемлекеттік субсидиялар алудағы қиындықтарды анықтау; ауыл шаруашылығы өндірісіндегі су тапшылығына қатысты проблемаларды анықтау және суды үнемдейтін суару технологияларына көшу; отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді баға бойынша қолжетімді электр энергиясымен қамтамасыз ету; жер асты суларын елдің шаруашылық айналымына тарту; облыстағы 150-ден астам су қоймаларын, Ертіс-Қарағанды арнасын суармалы жерлер үшін тиімді пайдалану сынды мәселелер легі қаралды.
16 қазанда «Ауыл» партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Е.Саурықов, Т.Серіков пен облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутатары, елдің медицина университеттері мен колледждер басшылары мен оқытушыларының қатысуымен облыс әкімінің орынбасары Е.Алпысовтың төрағалығымен «Ауылдағы денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы мәселелері» тақырыбында видеоконференция өтті. Шара мақсаты – ауылдық жерлерде медициналық мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу, ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру. Конференцияда ауылдағы медицина мамандарының тапшылығына, медициналық пункттердің болмауына, көрсетілетін қызметтердің сапасыздығына, ескірген инфрақұрылымға байланысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Конференцияға қатысушылар жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, тиісті ұсынымдар қабылданды.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының ауруханасында «Ауыл медицинасын жаңғырту» қайырымдылық акциясы өтті. Осы ауданның ауылдық ауруханалары мен фельдшерлік пункттеріне «Ауыл» партиясының атынан 26 медициналық кұрал-жабдықтар табыс етілді.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Қарағанды облыс бойынша филиалының атқарып жатқан шаралары – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аргоөндіріс саласын дамыту жөніндегі мақсат-міндеттерін жүзеге асырудағы жүйелі жұмыстар. Сөз түйінінде, ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдық аймақтардың еңсесін көтеру үшін ел бесігіндегі шаруа-диқандардың ынта-жігеріне серпіліс әкелетін тың жобалар қажет екенін баса айтқым келеді.
Ауыл шаруашылығы саласын өркендету арқылы өңірлерде еңбек дүбірін қыздырған сала майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтай отырып, олардың қырдағы қызу еңбегіне көл-көсір табыс тілеймін!
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
«Ауыл» партиясының Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты