Өрт қауіпсіздігі өзекті
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары қауіпсіздікті ұдайы қаперге салады. Департамент дерегінше, биылғы жылдың 1 қазанынан бері қалада 38 өрт тіркеліп, 6 адам қайтыс болыпты. Осыған орай, Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы Мұрат Қатпановтың қатысуымен «Қауіпсіздік мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда жылыту маусымында тұрғын үй секторларындағы, сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі талқыланып, мәселе мәнісі баяндалды.
– Қазіргі таңда халықты барынша қамту үшін бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктері белсенді пайдаланылуда. LED-экрандарда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ақпараттар жарияланды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өрт қауіпсіздігі туралы үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне ерекше назар аударылып, барлығы 5811 үй тіркелді. Халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралау кезінде пешпен жылытуға, электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты қателіктер анықталады. Жылыту маусымы басталғалы бұл үйлерге 225 көміртегі тотығы құрылғысы (датчигі) орнатылған. 2018 жылдан бері 3847 құрылғы орнатылды, – деп атап өтті ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.
Бүгінгі таңда қалада көпқабатты үйлер көптеп салынуда. Алайда, осы зәулім үйлер өрт қауіпіне төтеп бере ала ма? Ондағы пәтерлерге өрт сөндіру қызметкерлері жедел көтеріле ала ма? Бұл жөнінде Аманбек Алтынбекұлы былай дейді.
– Облыс орталығында 9 қабаттан жоғары көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Осыған орай, шілде айынан бастап, барлық көпқабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілді. Оның барысында кіреберістер мен қабаттардың өртке қарсы құрал-жабдықтардың пайдалануға жарамдылығы қаралды. Сонымен қатар, өртке байланысты түрлі бейнематериалдарды көрсету арқылы тұрғындармен өрт қауіпсіздігі ережелері мен өрт кезіндегі әрекеттерді түсіндіру бойынша әңгімелесу жүргізілді. Баса назарға ұсынар бір мәселе – ол мұндай көпқабатты үйлерден адамдарды қалай құтқару керектігі.
Жалпы, облыста биіктігі 28 метрден асатын 176 көпқабатты тұрғын үй тіркелсе, оның ішінде, 166-сі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып, пайдаланылуда. Үйлердің біршамасында автоматты өрт дабылдары, сорғы күшейткіштері жоқ немесе ақаулы түрде орнатылған. Тіпті, өрт сөндіру түтіктері, өрт сөндіргіштер жоқ. Түтінсіз баспалдақтардағы қауіпсіз аймақтары шыныланған немесе жабық. Дабыл іске қосылған кезде лифттерді түсіретін автоматты жүйелер де жоқ. Тексеріс барысында анықталғандай 5-қабаттан жоғары көптеген пәтерлердің балкондарындағы өрт сөндіру люктері тығыз жабылған. Тұрғындар ол жерді тұрмыс заттарымен үйіп тастаған. Ал, баспалдақтар бөлшектелген. Кіреберістер қоқыс пен темекі қалдықтарына толып жатыр. Оған қоса, көпқабатты үйлердің аумағына техниканың кіруі азап. Міне, осының барлығы өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың жұмысын күрделендіре түседі, – деді ол.
Астын сызып атап өтер мәселенің бірі – осы. Расында, тұрғын үйлердің жиілігі және тығыз орналасқандығы жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерге айтарлықтай қолайсыздық тудыратыны жасырын емес. Бұл мәселенің шешімі әзірге табылмай тұр.
– Аулалар өте тар. Оның үстіне ауладағы алақандай алаңға тұрғындар көліктерін қойып, жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігі жүрер жолды бөгеп тастайды. Мұның бәрі – көлік тұрақтарының жоқтығынан. Бар болса да, барлығы ақылы. Қазіргі таңда көлікті бір күнге тұрақжайға қою ақысы 300-500 теңгені құрайды. Оны күнделікті төлеуге кімнің жағдайы жеткендей?! Амалсыз өзі тұратын үйінің алдына алақандай алаңға қаңтарады, – дейді Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғыны Марина Герасимова.
Бұл мәселенің алдын алу үшін Мұрат Қатпанов өз пікірін білдірді.
– Өрт кезінде ауладағы көліктер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан, барлық өңірде тұрғын үй кешені мен аудандардың инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажет. Сонымен қатар, ТЖМ бөлімшелеріне жыл сайын техника жаңартқан кезінде биік ғимараттарда жұмыс істеуге арналған техника қажеттілігін айта кеткен жөн, – деді ол.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz