Баған

Рухымыз «жаяу» жүр

Кейінгі жылдары елімізде айтулы тұлғаларға ескерткіш орнату ісі тың қарқын ала түсті. Жер-жерде қазақтың би-батырларының ескерткіштері бой көтеруде. Бұл жұмыстар, көбіне, мерейтойларға орай жүзеге асырылуда. Құптарлық іс. Ұрпақ бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіруде таптырмас әдіс. Алайда, біз ұлыларымызды ұлықтауда осалдық танытып жүрген жоқпыз ба?

Кеңес үкіметі қазақтың астындағы атын тартып алды. Жаяу қалған жау – дәрменсіз жау екені белгілі. Жылқыға алғаш ер салған қайсар қазақ сөйтіп қызыл империяның алдында жаудан көрі жемге айналды. Атойлап ұрысқа кірер рух атпен бірге кетті. Сол атты біз әлі қайтара алмай келеміз. Мұны ескерткіштерімізден-ақ көруге болады. Кейінгі жылдары «жаяу» хандар мен билер қаптап кетті. Қазақ хандығының тұңғыш хандары Керей мен Жәнібекті мысалға алсақ, жеткілікті. Ел жүрегі Елордада біреуі – отыр, бірі – тұр.

Қарағанды жұрты да мақтана алмаймыз. Мен облыс аумағында атқа мінген қос тұлғаны ғана білемін. Жезқазғандағы Кетбұқа мен Балқаштағы Ағыбай батыр. Биік тұғырға тұлпарымен қонған қос қазақ Алаштың абыройын асқақтатып тұр. Жанына жақындасаңыз, бойыңызға күш құйылып, жоныңызға жал біткендей болады. Ал, өзге ұлдарымыз ше?!

Бұқар жыраудың тойы өтті әнебір жылы. Дүрілдетіп өткіздік. Бабаның есімін иеленген ауданның орталығында ескерткіш тұрғыздық. Жер-жаһанға жар салдық. Десек те, жырауға деген құрметіміз кемшін түскендей. Оны той тарқағаннан кейін байқағандай болдық және. Жырау «жаяу» қалыпты. Мұқым қазақтың басын қосқан Абылайдың сенімді серігі болған Бұқар бабамызды атқа мінгізуге жарамадық. Әлде, жырау жаяу өткен бе өмірден?!

Қаздауысты Қазыбек бидің ескерткіші тұр Қарағандыда. Еңселі, әдемі. Бірақ, жаяу. Орта жүзге, бүкіл қазаққа төрелік айтқан биді қаракерге мінгізгенде айбынды көрінері анық еді…

Биыл – Абайдың мерейтойы. «Қазақтың бас ақынының» (А.Байтұрсын) туғанына – 175 жыл. Бірақ, тағы да Абай аяқ артар тұлпар таба алмай, пұшайман болып отырған жайымыз бар.

Қазақтың рухы ат үстінде асқақтайтынын жоғарыда айттық. Бізге дейін де талай айтты ел тыңдайтын ағалар. Тарлан тарихтың өзі де солай сөйлейді…

Ғұн империясының негізін қалап, «Құдайдың қаһары» атанған Мөде қаған күллі Қытайды үрей құшағында ұстады. Жұртын бастап, Оралды асып өткен Еділ патша Еуропаны табанына таптады. Шыңғыс хан ше?! Алып империяның қадасын қаққан ханның өзі, өзінен кейінгі ұрпағы – «Алтын әулет» жүздеген жылдар бойы кәрі құрлықты кіріптар қылды. «Ат тұяғы жеткен жердің» бәрі Алтын Орданың меншігі саналды. Иә, ат тұяғы жеткен жер. Империяның құдыреті кесе тұяқпен тарады. Тарих сабағын тереңнен сараптаған Кеңес үкіметінің қазақты ауыздықтауды аттан аударудан бастағаны да сол. Атынан айырылған қазақ – барынан айырылды.

Билігіміз бастап, қалғанымыз қоштап, тарихымызды тәпсірлеуге бас қойдық. Кеткенімізді қайтарып, ұмытқанымызды жаңғыртуға тырысып жатырмыз. «Алаш рухын аспанға көтерсек» деген ойымыз бар тасада. Ал, рухты көтеру үшін, қазақтың айнымас серігі – атты да қайтару керек. Ұлыларымызды атқа мінгізейік. Келешектің қаперінде болса екен. Тапсырыс беруші және сол тапсырысты орындаушы ағайынға айтқан базына бұл.

Ұлы ұлдарымыз рухымыз ғой. Рухымыз қашанғы «жаяу» жүреді?!

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button