АймақБалқаш

Ашық аспан астында – спорт алаңы

Жуырда Балқаш қаласында ашық аспан астында дене шынықтыруға арналған әмбебап спорт алаңы ашылды. Шаһардағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағында салынған спорт алаңында балуандар, футболшылар, волейболшылар мен баскетболшылар жаттыға алады.

Спорт нысанының пайдалануға берілуіне орай спортшылар алғысын білдірді. Жаңа спорт алаңы жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде мол септігін тигізетіндігін айтты.

– Залға қарағанда таза ауада ойнау өте қолайлы. Қазір бізде зор мүмкіндік пайда болды. Енді, біз осында жаттығамыз, – деді футболшы Даниил Бойко.

Сондай-ақ, спорт нысанының жанында воркаут үшін снарядтары бар алаң пайда болды. Мұнда спортшылар өздерінің шеберліктерін шыңдап, негізгі жаттығуларды орындай алады.

– Мұнда боксшылар да, кикбоксшылар да шынығады. Ақылы түрде де жаттығу мүмкіндігі бар. Студенттерге төрт реттік қатысу 250 теңге, ересектерге – төрт жаттығу құны 1000 теңге – дейді ДШСК жанындағы балалар-жасөспірімдер спорт клубының директоры Ерден Әбуғалиев.

Заманауи спорт алаңының ашылуымен құттықтаған Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков жергілікті мердігерлер мұрындық болып, құрылыс жұмыстарын толықтай өздерінің жеке қаражатынан қаржыландырғандығын айтты. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы спорттық алаңдарының түрлі жастағы адамдарға салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына жақсы негіз бола алатынын сөз етті.

Айта кетейік, бүгінде Балқаш қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 600-ден астам бала спортпен шұғылданады. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button