Баған

Тұлға

Айт, айтпа не, қашаннан, тіпті, қай дәуірден бері «тарихты тұлғалар жасайды». Қаншама рет естіп, өзіміз де сөз арасында қыстырып жүрсек те, соның толық мағынасын ФАРАБИ еңбектерін ақтарып отырып бір-ақ түсініп білдік.

«Ізгі қала – ізгі дана» депті ғұлама. Фараби бұл жерде қала деп ұлт, ұлыс, мемлекетті айтып тұрғанын ежіктеп жатпаймыз. Соның басшысының бойынан табылуы тиіс алты ізгі қасиетті атайды данышпан: «Бірінші шарт – дана болу. Екінші – қалаға арнап бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу. Үшінші – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, тапқырлық көрсету. Төртінші – бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс-әрекетінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс. Бесінші – бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу. Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде біліп алу».

Ал, Абай болса, әрбір адам «толық адам» болуға тырысу керек деді. Екеуінің арасында ұқсастық көп болғанымен, мың жыл уақыт қашықтығы бар ғой. Абайдыкі, сондықтан замана тіліне жақынырақ. Бұдан Фарабидікі бізге жақпайды деуден аулақ болған жөн. Фарабиді түпнұсқадан оқып, жақсылап тәпсірлеуші керек, мәселе – сонда. Дәу де болса, Абайдың «толық адамының» бойында болуы тиіс қасиеттер Фараби ілімінен түзілсе керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» немесе «бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым».

Менің есіме 1986 жылғы желтоқсандағы Ұлт-азаттық көтерліс түсті. Оның да астарынан әңгіменің неше атасы қылаң береді. Біз, бірақ мына бір тұсына ғана тоқталамыз. Алаңға шыққан жастардың бір парасы Жазушылар одағының алдына барып «Сәкен! Мағжан!» деп ұран салған көрінеді сонда. Арқа тұсыңыз шымырлап сала береді, ә?! Сұр бұлт, қалың тұманда қалған халық осылай жүрегінің қалауымен Күн іздеп кетеді. Көзі жетпегенін де, жоғалтқанын да, сол Күн арқылы табады. Сол Күннің күшінен қуат алады, арқа сүйейді, жаураған жаны жылынады. Міне, тұлға дегеніңіз – осы! Тұлғасыз халықтың күні қараң.

ХХ ғасырдың басында бұлты сірескен Алаш аспанының әр жерінен Күн сәулесі түсе бастады. Тұтасқан қалың бұлтты бірден серпіп тастау мүмкін болмаса да, тұтасқан бұлтты жарып, жарық сәуле түсіп тұрды. Соның бәрін тып-типыл етіп құртып жіберді репрессия. Жоғарыда біз айтқан Желтоқсан көтерілісіндегі «Сәкен! Мағжан!» деген жаңғырық әлі де тұр демек, қазақ қоғамында. Қазір заман тіптен күрделеніп кетті. Фараби тұрмақ, Абай, Алаш арыстары уақытынан да өзге, түсініксіз өткелекке тап болдық. Өйткені, компьютербасты адамдар келді дүниеге. Бастағы ми – қолдағы құрылғыда (сотка) қазір. Мұндай заманда әр салада бір-бір тұлға болуы тиіс. Тура Алашорда заманындағыдай. Қазіргі жалғыз Президент немесе жалғыз Әлихан қайда жетер еді. Әркім, кез келген басшы өзіне міндеттелген саланы қатепті қара нардай өрге сүйреп шығаруы тиіс. Бәрін жиып қойып, жалғыз Президентке қарап отыру – масқара ғой. Кері кету деген – сол. «Кешегі кескекті ерлердің барында…» демей ме жыраулар поэзиясында да. Жоғарыдағы «Сәкен! Мағжан!» деген жаңғырық менің есіме қайта түсер ме еді, әйтпесе?!

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button