Білім жүйесі бәсеңсімейді
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ мәлімдеме жасап, аймақтағы білім ошақтарының алдағы оқу жылына дайындығы төңірегінде баяндады.
Бүгінде аймақ көлемінде 433 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 124 нысан күрделі жөндеуден өтуде. Оның сыртында 309 нысанға 5,6 млрд. теңгеге жөндеу жүргізілу үстінде. 118 ашық әжетхананы мектеп ғимаратына ауыстыруға 357 млн. теңге қарастырылған. Бүгінде соның 70 пайызы орындалды.
1 қыркүйекке дейін облыстағы барлық мектептер бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге 2,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде 65 млн. теңге соларды тасымалдауға қарастырылды. Сондықтан, оқулықтарды мектептерге жеткізу 20 тамызға дейін аяқталады. Сонымен қатар, электронды оқулықтар сатып алуға 16 млн. қарастырылып, келісім-шарттар жасалды.
Бірінші сыныпқа қабылдау мәселесіне тоқталсақ, биыл ептеген өзгерістер бар. Барлық білім ошақтарына онлайн режимде білім беру, құжаттар «еgov» электронды үкімет порталы арқылы және қағаз жүзінде де қабылданады. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 тамызға дейін жүзеге асады. Құжаттар үшке бір қағидасы бойынша қабылданады. Яғни, үш өтініш мектеп орналасқан ауданда тұратын азаматтарға тиесілі, біреуі басқа шағын аудан тұрғынына тиесілі. Елдегі жағдайға байланысты құжатты медициналық анықтамасыз қабылдауға уақытша рұқсат етіліп отыр.
Әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына көмек көрсету жалғаса береді. Осыған дейін өтіп келген «Мектепке жол» акциясы қазір «Атамекен», «nur. кz» порталында жалғасуда. Барлық мектепте адрестік көмек алуға құқығы бар отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі оқушыларына білім беру қорынан ыстық тамақ, оқу құралдары және мектеп формасымен қамтамасыз ету кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Жол шығындары да өтеледі. Қазіргі таңда 4787 оқушыға осындай көмек жоспарланып қойды.
Техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдарға қабылдау бойынша, колледждерге 25 тамызға дейін құжаттар қабылданады. Қабылдау емтихандары алынып тасталды. Конкурс міндетті және мамандандырылған пәндердің жалпы балына сәйкес өткізіледі. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар үшін арнайы конкурстар ұйымдастырылады.
Қашықтықтан оқытуға дайындық туралы айтсақ, оқу процесі ұйымдастыратын нұсқалары анықталған 507 мектеп бар жалпы облыс бойынша. 322 мектептің интерактивті алаңдары қашықтықтан оқытуы жоспарланған. 112 мектепте аралас, ал 73 мектепте сабақ штаттық режимде өтеді. Сондай-ақ, оқушылар мен оқытушылар компьютерлеріне, ауылдық жерлерде интернетке қолжетімділік бар ма, соған талдау жасалуда. 32500 компьютер, 5461 ноутбук, 1671 планшет бар. Биыл осыған қосымша 2864 компьютерлік техника сатып алынады. Оның ішінде 1455 компьютер, 250 ноутбук, 1119 планшет бар.
«Аралас және штаттық оқу режимінде жоспарланған мектептерде кабинеттер жүйесі жойылып, санитарлық-эпидемиологиялық режимге ауысуға байланысты, сабақ екі ауысымда өтеді» деді Есенғазы Нұртөлеуұлы.
Жәнібек ӘЛИМАН.